Өлең, жыр, ақындар

Айтасың айналам деп озық елге

  • 10.03.2021
  • 0
  • 0
  • 303
Айтасың айналам деп озық елге,
Қарайсың мойыныңды созып өрге.
Ақшамен өлшене ме дәрменіміз?
Кетпейік тоғытылып тозық «еңге!»
...Салынар құрылыстар қырық қабат,
Өнерді өріп жүрсің сұрыптап-ақ.
Мінгенің мінсіз жүйрік шетел көлік,
Ал, нәпсің түршіктіріп, шіріп барат!..
Билікте озбыр, пара, тәкаппарлық,
Халыққа жақсылық жоқ жасатарлық.
Арасы алыстады Ел мен Әкім,
Кеңселер кердең басқан бас асаулық.
Шіренген сұрқай мінез ызбарланған,
Жан біткен жаралғандай мұздан, қардан.
Адамдар бір-біріне аңша қарап,
Құлданып нәпсісіне қызған заман.
Қарын – тоқ, киім – бүтін, тән – еттілік,
Қайтсе де ақша табу бар ептілік.
Жетеді пенделерге мақтанар зат,
Сарқылған бойындағы әдептілік.
Жоғалған нағыз асыл мінездегі,
Көресің жүздеп ынжық, мың езбені.
Адамдар ойсыз, нәрсіз, мейірімсіз,
Осы ғой жүрегімді мұң езгені.
Пенденің сырты сұлу, іші біткен...
Ұғым жоқ ұят деген түсініктен.
Жер басып жүргенімен екі аяқпен,
Жұрдай боп бара жатыр кісіліктен.
Азайды адал дос пен жарасқан жар,
Батыр боп жамандыққа жанасқандар,
Заманды былықтырып, лаң сап жүр,
Шел бітіп тура жолдан адасқандар!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Нәпсі

  • 0
  • 0

Таразыны бұрыннан дәл басатын,
Нәпсі менен қанағат арбасатын.
Өшіккенмен жеңе алмай бірін-бірі,
Ми ішінде күресі жалғасатын.

Толық

Иман күзетші

  • 0
  • 0

Періштем – қатал тергеушім,
Әзәзіл – алдар жақтаушым.
Менмендік – құртар көрнеу сұм,
Сабырым ғана – сақтаушым.

Толық

Құлдары ұмтылса егер шұғылаға

  • 0
  • 0

Болғанын біле алмадым осым неден,
Бір кезгі алыстадым досымменен.
Жолына қарап әркез отыратын,
Бір үзім нанды бірге тосып жеген.

Толық

Қарап көріңіз