Өлең, жыр, ақындар

Кетіп жатыр

  • 31.05.2021
  • 0
  • 0
  • 294
Ісі болмай ендігі сұлулықпен, сұмдықпен,
Кетіп жатыр жігіттер, өтіп жатыр тірліктен.
Кеше ғана солардың біреуінен ілгері,
Біреуінен кейіндеу, біреуімен жүрдік тең...
Ұмтылумен ұлтым деп, жұлқынумен жұртым деп,
Бір жағынан килігіп, құдай ұрғыр, құлқын кеп,
Дүниенің түбіне жете алмай-ақ ақыры,
Өтіп жатыр жігіттер, кетіп жатыр біртіндеп.
Ағайынмен біреуі арыздасып, соттасып,
Кетіп жатыр кезекпен, кетіп жатыр топтасып.
Көрінгенмен оттасып өтсе күні бірінің,
Өкінумен өткен бар, бармақ шайнап.., шоқ басып.
Топ алдына түспей де Төле бидей топ бастап,
Қарапайым жүріп-ақ қайсыбірі өтті асқақ,
Қызғанумен, күндеумен өткендер бар, қайтерсің,
Екі жақсы бас қосса — арасына от тастап.
Өтсе бірі қырлана, күпір күліп, күпініп,
Өтіп жатыр біреулер түк бітірмей түтігіп.
Бүгіліп те өткен бар, түңіліп те кеткен бар
Дүниенің баянсыз бетіне бір түкіріп.
Біреуінде ақша бар, біреуінде бақша бар,
Біреулері — қарнының қампиғанын бақ санар.
Екі иығын жұлып жеп, өліп-өшіп біреуі
Өлмейтіндей болып-ақ өңмендейді, пәтшағар!
Қосыла алмай қатарға, ілесе алмай көпке бір,
Ізім-қайым қаншама іздеуі жоқ өтті өмір.
Ағайынмен біреуі ырылдасып, керісіп,
Қайдағыны терісіп, қала берді шетте құр. 
Сыймай дала, тауға да, сыйыса алмай аулаға,
Сақинасыз сау басын сала жүріп саудаға,
Кердең басын өмірден өткендер бар не керек,
Кеткендер бар, қайтейін, келмей-ақ бір тәубаға!
Ұмтылумен ұлтым деп, жұлқынумен жұртым деп,
Бір жағынан килігіп, құдай ұрғыр, құлқын кеп,
Дүниенің бұ жалған жете алмай-ақ түбіне,
Кетіп жатыр жігіттер, өтіп жатыр біртіндеп,
кетіп жатыр біртіндеп!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қамар 40 жасқа толғанда

  • 0
  • 0

Ағайын-жұртқа татымды
Ару болсын деп ақылды,
Осыдан қырық жыл бұрын
Өзім қойып ем атыңды.

Толық

Аңырақай

  • 0
  • 0

Жалпақ далаң
жаншылып жат табанға,
қара бұлттай қалмақ-ит қаптағанда,
ардағыңды, арыңды,намысыңды

Толық

Кекшіл тағдыр кертіп алып енді өшін

  • 0
  • 0

Кекшіл тағдыр кертіп алып енді өшін,
тәлкек етті тәңірінің пендесін,—
мұндай күйді дұшпаныңның басына,
қас жауыңның қасына да бермесін!

Толық

Қарап көріңіз