Өлең, жыр, ақындар

Аңырақай

  • 31.05.2021
  • 0
  • 0
  • 495
Жалпақ далаң
жаншылып жат табанға,
қара бұлттай қалмақ-ит қаптағанда,
ардағыңды, арыңды,намысыңды
аяққа сап аямай таптағанда;
туырлықтай тарылып жерің демде,
қабырғасы халқыңның сөгілгенде,
етігімен су кешкен ердің жасы
етегіне еңірей төгілгенде;
ажал оғы аспанды торлағанда,
қашып-пысып, қалың ел сорлағанда,
қыздарыңды шашынан сүйреп келіп,
илеп керіп тулақтай... қорлағанда;
жыққан үйін тіге алмай көркем белге,
ұлықтарың ұяттан өртенгенде,
несібесі даладан еркек кіндік
күдер үзе қараған ертеңдерге;
енеңді де боқтатып, денеңді езге,
ара түсе алмаған көген көзге,
"еңіреумен өттік-ау, енді осылай,
ел болудан кеттік-ау!" — деген кезде;
ақындары тұра алмай арманға ара.
батырлары бұйығып қалғанда да,
дерт боп налып көкірек,
өрт боп жанып,
ер біткеннің өзегі талғанда ада;
ат тұяғы астында жерің қалып,
"Елім-айға!" — басқанда елің налып,
Аңырақай орнынан көтерілген
ата жаудан бермекке кегіңді алып!
Кетіп еді құлан да текке лағып,
қайта оралды қыран да көктен ағып,
Аңырақай орнынан тұра берді
Қазағыңның қылышын кекке малып.
"Қайтсын, дейтін, құдайдан" ұзап әдет,
арға намыс қосылып,
ызаға — кек,
арыстан боп атылды сонда қазақ,
ширығып кеп, шиқандай қызара кеп...
Ұстады да ту етіп намысты алға,
атыстан да қашпады ел, шабыстан да,
бес қаруға толтырып үсті-басын,
түсті басым дұшпанмен алысқанда.
Даусы кезіп дананың таныс қырды,
батыр етіп шығарды намысты ұлды,
ұмыттырып өзара бар таласты
алты алашты қайтадан табыстырды.
Бодаңдасы азайып, боқшаласы,
жаудың беті қайтпауға жоқ шамасы.
Көгалалы қалың ел қозғалғанда
домалады қалмақтың допша басы!
"Бодандықтан жақсы, деп, бұйрықты өлім"
жан берісіп, жан алып, ширықты елім,
билік айтты билері өрде тұрып,
көрге тығып көлденең киліккенін.
Жауызбен де, жатпен де сүйістіріп,
тағдыр көшін тұрғанда қиыс бұрып,
қалып еді тарихта Аңырақай
басымызды тағы бір түйістіріп.
Үш бұрышты қазақтың аспанынан,
естіле ме сарыны басқа бір ән, —
"Бөлінгенді бөрі алар,
бөлінбе!" — деп
бүгінгіге тұрғандай тастап ұран!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мұхтар Мағауин 60 жаста

  • 0
  • 0

Көрінгенге өтпеген сөзді шығын,
Ері қайсы, білуші ем, ез кісі кім.
Ал Сен болсаң, қашанғы хас шеберсің
қашап жатқан жалықпай өз мүсінін!

Толық

Жасырар ем

  • 0
  • 0

Қарап тұрып,
қарашы, қинағанын,
(Не дерімді біле алмай, қиналамын)
Жексұрындар әлі де бар десем бе,

Толық

Ғабит аға

  • 0
  • 0

Қалпында бірде кердең, бірде менмен,
ұқсамай өзгелерге күнде көрген
қайда да биігірек тұрушы едің
айнала биікпіз деп жүрген елден.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар