Өлең, жыр, ақындар

Тахыт тас

  • 04.08.2021
  • 0
  • 0
  • 233
«Адамзат жасағандай құйған тастан»
Сәкен Сейфуллин

Көз көріп, көңіл нанбас бір ғаламат...
Кім ие болып, еткен кімге аманат!
Төрінде Ақ алаңның тахыт тас тұр,
Тұйыққа ғажаптанып ой қамалад.
Кәдімгі кресло – тахыт тасқа
Шамаң жоқ таңдай қағып таңданбасқа.
Ақ мәрмәр айналасы жұпар жусан,
Бұдыр жоқ маңайында онан басқа.
Зат емес тәмәмдаған адам қолы,
Жаралған сонда қалай дерсің оны!
Шебердің табиғаттай құпиясы –
Беймәлім қабат-қабат сырға толы.
...Пендені көптің бірі аспандатып
Көрсеткен осы ма әлі асқан бақыт!
Әкеге баланы қас еткен күшті,
Алдына келе алмаған адам батып.
Осы ма әйгілі тақ табындырған,
Ұмтылтып талайларды сабылдырған!
Мал-жанын, ар-намысын құрбан етіп,
Талайды ақыл-естен жаңылдырған.
Осы ма қаракөкті үйірлеген,
Қырымды қосқан әкеп қиырменен.
Алдында бүгілмеген тізе қалмай,
Болмаған қадірлі бас иілмеген.
Халықты қара, төре түске бөлген,
Бүтіндеу бөлінгенді күшке келген.
Осы ма талайына табындырып,
Адамға азап-сорды үстелеген.
Осы ма көпті ұстаған қаймықтырып,
Жүрегін не мықтының шайлықтырып.
Осы ма кімді болсын мысы жеңіп,
Отырған қабағымен ойды ұқтырып.
Осы ма тас қып жапқан достыққа жол,
Мейірім емес, мұң, зар, қастыққа мол.
Жат демей, жақын демей көршілерін
Тонаған қырғын салып жіберіп көл.
Осынын ойлап бәрін қалам қайран,
Уақыт құзырымен болған ойран
Тас тахыт:
«Мәңгі жоқ»,– деп мелшиеді
Күн қақтап,
аяз қысып, жауын шайған. 



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қос шырақ

  • 0
  • 0

Айнадай аспан, тұрса да күліп күн көкте,
Тыныстай алмай тұншықты дала түнекте.
Зіл батпан заман зіл басқан бойын билетпей,
Аршындай алмай арманда жүрді түлек те.

Толық

Әйелдердің мейрамы — Сегізінші март

  • 0
  • 0

Әйелдердің мейрамы — Сегізінші март,
Шүленсымақ бұл күні бастықтар мәрт.
Қарттар үйі, ауылдар азалыдай,
Әкімдерге жақынның жүздері нарт.

Толық

Дүние ісі ақыретке кетпейді

  • 0
  • 0

Дүние ісі ақыретке кетпейді
Кетірем деп кейбіреулер өктейді.
Қаңылтырды жалтыратып ысқанмен
Хас болаттың орынына өтпейді.

Толық

Қарап көріңіз