Өлең, жыр, ақындар

Жетім қыз

  • 11.08.2021
  • 0
  • 0
  • 2829
поэма
I
Он саусағы жорғалап,
Домбыра күйін шертеді,
Домбыра үні нәзік үн,
Жүректі мұздай ертеді.
Тамырға ыстық қан жүріп,
Миына қарай серпеді.
Денең мұздап, шымырлап,
Көзінің жасы көлкеді.
Домбыра күйі күн болып,
Күлімдейді алдына,
Домбыра күйі мұң болып,
Мұң береді жандыға.
Домбыра күйі от болып,
Ерте білед, қарды да.
Домбыра күйі жаңбыр боп,
Баса білед шаңды да.
Домбыра күйі байлық боп,
Елестейді жарлыға.
Домбыра күйі Шолпан боп,
Қарсы алады таңды да.
Домбыра күйі кеусер ғой,
Ішіп сусын қанды ма!
Домбыра алсам қолыма,
Көзіме, жас келеді.
Ысытады, суытад,
Құбылтады денені.
Жақсылық пен жамандық.
Көз алдыма келеді,
Көздеген үміт көлденең
Келіп елес береді.
Өткен өмір сағым боп,
Алдыма иреңделеді.
Мың түрлі өзге ойлардың,
Бәрін де күй жеңеді.
Домбыра маған көптен дос,
Достығын талай білдірген.
Талай жылап жүргенде,
Көзімді сүртіп күлдірген,
Талыққанда тербетіп,
Жұбатып көзді ілдірген.
Домбыра күйі тәтті күй,
Тәттіні одан кім білген.
Домбыра тілі мың түрлі,
Мен одан талай тіл білгем.
Сұлу жаз етіп, күз жетсе,
Өсімдік біткен солады.
Жапырағы сарғайып,
Жас қайыңдар тоңады.
Жасыл пүліш есімдік
Құп-қу болып оңады.
Күңіреніп, жылап ақырын,
Домбыра дайын болады.
Кең жайылым өрісте,
Ақсақ қой жатып қалады.
Тар құрсағын қақ жарып
Қиналып қозы табады.
Көре сап қасқыр арсылдап,
Қойға қарай шабады.
Қысылған тар өңештен,
Жылы қан саулап ағады.
Қой өлді, қозы көденің
Арасында қалады.
Домбыра сол қозы боп,
Маңырап күйге салады.
Домбыра күйі бұлт болып.,
Түнере де біледі.
Домбыра күйі жылан боп,
Ирең-ирең жүреді.
Домбыра күйі жел болып,
Сыбырлап қана үреді.
Жазсаң саған аяу жоқ,
Тастан да қатты жүрегі.
Тербетіп барып босатып,
Жылату оның тілегі.
Егілтіп мені жылатқан,
Күйінің мынау бірі еді.

II
Қалмақтан қалың әскер кеп,
Қазақтың елін шауыпты.
Тұруға қарсы келтірмей,
Қапысын мықтап тауыпты.
Бір кісіге жүз найза,
Жаңбырдай болып, жауыпты.
Есі кеткен кемпірлер,
Емшегін көкке сауыпты.
Қып-қызыл қырғын кез болып,
Кешірген бастан науытты.
Қырылғаны қырылып,
Қалғаны қашып ауыпты.
Ақсақ-тоқсақ, кем-кетік,
Көшкен жұртта қалыпты.
Іске татыр бар болса
Олжа ғып қалмақ алыпты.
Жұртта қалған сәбидің
Найзамен қарнын жарыпты.
Қалған кетік, кемдерді
Той қылып, құрбан шалыпты.
Қысқартқанда көп сөзді
Есінен қазақ таныпты.
Ақ бетінен нұр тамған,
Күнайым қыз күн екен.
Қызыл беті шырайлы,
Қызарып шыққан гүл екен.
Ақ еті жұмсақ ақ жібек,
Шашы қара сүр екен.
Саусақтары сүйріктей,
Тал бойы тартқан сым екен.
Дәл сол кезде он үштен
Он төрт шығар жылы екен.
Жас балдырған Күнайым,
Әкесі жаста өліпті.
Сегіз жасқа келгенде
Шешесін де беріпті.
Бір аға, бір іні боп
Бұлар да күн көріпті.
Аға-інісі мәпелеп,
Ойлатпапты елікті.
Болса да жетім тарықпай
Он төрт жасқа келіпті.
Сұлулықта бір мін жоқ,
Күнайым қыз күн, еді.
Күндей күліп жайраңдап,
Далада ойнап жүр еді.
Ду ете түсті ауылы,
Дір ете қалды жүрегі.
Ақ бетінен қан кетіп,
Құп-қу болып түледі.
«Жау келді, ойбай, жау келді
Неғайбыл елдің қалуы»
Алысқа алаңдап қараса
Қалын, қол дөңнің бауыры.
Ауылға қарай анталап
Етеді жарқ-жұрқ қаруы.
Жаудың көріп қарасын,
Ақылдан ауыл адасты.
Қызғалдақтай қалтырап
Қашуға жанталасты.
«Ә» дегенше болмай-ақ,
Ауылдың, үстін жау басты.
Не қыларын біле алмай,
Жүрегі ұшып Күнайым.
Жаудың көріп келгенін
Көкірегін керді уайым.
Кімге күші келеді
Десе де қарсы барайын
Жан-жағына қараса,
Қаптаған өлік маңайы.
Шырылдап талып жығылды,
Сөзі — «Қайда барайын!»
Күнайым талып жатқанда,
Жұлқыды біреу басынан.
Қозғалып еді ыңыранып
Тартты жібек шашынан.
Қара көзін төңкерсе,
Жау өтіп жатыр қасынан.
Бар денесі дірілдеп,
Баса алмады табанды.
Кезерген ерні күбірлеп,
Шырайлы беті сазарды.
Қарғыс айтып ішінен,
Қаракөз жауға қадалды.
Қарауға тура шыдамай,
Сұлулыққа тан, қалды.
Жібектей етін ауыртып,
Сүйрелеуге қамданды.
Күнайым сұлу күн, болып,
Ат артына мінгесті.
Күлімдесіп көздері,
— Ханға алып жүр!—десті.
Ым қақпады Күнайым,
Сөйлемеді, тіл кесті.
Біріне бірі күлімдеп,
Қалмақтар «бір-бір-бір» десті.
Күнайым шолса маңайын,
Барады екен күн батып.
Қарауланып келеді,
Күншығыс жақ мұнартып.
Күн бояуы қызыл қан,
Көкжиегін қызартып.
Арманның арты алыстап
Ойды әкетті ұзартып.
Есіз қалған жұрт жатыр,
Үйлердің бәрі қирапты.
Елден қалған мүлікті
Әр жерге үйіп жинапты.
Ауылдың малы адасып,
Азан-қазан шулапты.
Дөң астында бусанып,
Жалғыз-ақ жалтыр су қапты.
Маржандай боп тізіліп,
Домалады көзден жас.
Зорға алды демін қысылып,
Жалынды бумен аралас.
Қалшылдады суықта
Тұрғандай боп жалаңаш.
Жау сөзі «күн, алдық» та,
Зарына оның қарамас.
Іңір боп, көк түнерді,
Қара бұлт жапты аспанды.
Сатырлап жарқ-жұрқ найзағай.
Сұрапыл дауыл басталды.
Оқ жыландай иреңдеп,
Жайдың оғы тасталды.
Жүрегі ұшып Күнайым,
Ердің қасын бассалды.
Бұрқыратып шаңдақты.
Желдің күші жиылды.
Демін тартып ішіне
Бұлтты қойдай иірді.
Бір оңда, бір солда боп,
Қап-қара бұлт түйілді.
Жай оғына жарқылдап,
Сорғалап жаңбыр құйылды.
Киімі жұқа Күнайым
Денесінен су өтті.
Ұйпа-тұйпа жүн қылды,
Қарашаш қайран жібекті.
Сүйріктей саусақ қимылдап,
Қолы дір-дір, дір етті.
Көбіктенген ат тері,
Ашытты екі тақымын
Иығынан су өтіп,
Кетірді жаңбыр ақылын.
Не боларын көп ойлап,
Түсірді еске жақынын.
Аямайды сонда да
Зұлым жаудың батылын!
Көке дейтін ағасын:
«Көкем-ай!..» деді ақырын.
Біраз уақыт өткесін
Күн толастап ашылды.
Желдің күші бәсеңдеп,
Қара дауыл басылды.
Шып-шылп етіп шалшық су,
Жердің бетін жасырды.
Күнайым да сол кезде
Тобына өз қосылды.
«Ханға тарту-таралғы»,
Алдынан жұрт жосылды.
«Міне сізге олжамыз,
Алдияр!» деді бас ұрды.
Қабағынан қар жауған,
Ханы мосқал кісі екен.
Кескіні сұп-сұр, қан-сөл жоқ,
Таяқтай аузы тіс екен.
Екі иіні қақпақтай
Денесі салқам күш екен.
Ханның түсін көргенде,
Зәресі ұшып Күнайым,
Қарсыласар заман жоқ,
Көкірегін керді уайым.
Бір уақытта ой түсті:
«Қой, амал жоқ, шыдайын!
Не қылар екен білейін,
Сырымды бермей сынайын.
Көкем тірі қалса егер,
Босат деп ханнан сұрайын».
Не дегенін білмеді.
Бірдеме деді өздері.
Күнайымға қадалды
Мың сан болып көздері.
Ішіне түйді Күнайым,
Мен — ғой деп айтқан сөздері.
Хан қарауы өзгеше,
Оны-дағы мезгеді.
Адасқан естен Күнайым,
Бойына жиды ақылын.
Қара көзін жылжытып,
Қарап етті ақырын.
Кесілген бас бірталай,
Шатырда екен жасырын.
Қарауға тура қадалып,
Барғызбайды батылын.
Шақырып алып жендетін,
Хан бір нәрсе ымдады.
Басын иіп шегінді,
Жарлығын екі қылмады.
Дегендей қып «мұнда кел!»
Біреуге қолын бұлғады.
Асығып-сасып жүгірді,
Анау да шыдап тұрмады.
Күнайым енді түсінді,
Шешілді қиын жұмбағы.
Қазақша сөйлеп әлгісі,
Күнайымға қарады:
«Мақұл көрсең егер де,
Хан — ием сені алады,
Күн, болмайсың, тең болып, '
Басын, сыйлы болады.
Ханның ауды көңілі,
Ажарың, оған ұнады.
Орындасаң тілегін,
Ханшадай күтіп тұрады.
Талай сендей сұлулар,
Хан алдынан тарады.
Көнсең көндің, көнбесең,
Басыңды кәзір шабады».
Суық сөз кеулеп денесін,
Құп-қу болды кескіні.
Біле алмай әуел не дерін,
Күнайым жылап өксіді.
Амал бар ма, қыз байғұс
Естімес сөзді естіді.
«Тимеймін, ханға тимеймін!!
Мінекей бас, кес!» деді.
Түкситіп бұлттай қабағын,
Жендетке хан ымдады.
«Құлдық» деді жендеті,
Әмірін екі қылмады.
Біраз басты алып кеп,
Найзамен қанға бұлғады.
Кекесінін, басы екен,
Көп бастың бірі мұндағы.
Сол арада білінді
Төбесінен ұрғаны.
Көкесі өлді кім үшін?
Болды ненің құрбаны.
Күнайым талып жығылды
Көз салып шыдап тұрмады.
Талған сұлу — сәбиді,
Қосқа апарып тастады.
Арағын ішіп көпіртіп,
Қалмақтар ойын бастады.
Барабан қағып күйшілер
Биді жастар бастады.
Еліріп әбден мас болды,
Қалмады ақыл бастағы.
Біраздан соң бәрі де,
Мастықтан құлап жығылды.
Бас көтерген адамнан,
Көрместей болды ырымды.
Қалжырап жүрген ұйқыдан,
Салды қор-қор пырылды.
Талып қалған Күнайым,
Ұйықтап кетіп түс көрді.
Тітіркеніп жүрегі,
Түсінде ғажап іс көрді.
Түсінде үйде жүр екен,
Әкесі марқұм тірі екен.
Ел жайлауда отырған
Шілденің ыстық күні екен.
Ауылдың жаны көр екен,
Көр қаптаған жер екен,
Мың-мың адам көмілген
Екен мұнда дер екен.
Бір кезде дауыл соғыпты,
Алай-түлей болыпты.
Бет топырағын ұшырып,
Шығарған барлық өлікті.
Өліктер қойдай еріпті.
Тірінің қанын төгіпті.
Қылғып жұтып тірідей,
Ортадан бір-ақ бөліпті.
Күнайымның кекесін,
Әкесін және шешесін
Жалмап өзін ұстапты.
Деп «енді қайда кетесің?»
Күнайым көріп осыны,
Ұйқысынан шошыды.
Жатқан жері қараса,
Қалмақтың құрған құсығы.
Тұрмыс теңіз телегей,
Кез болды оған тосыны.
Есіне түсті бір кезде,
Қалмақтың қылған жосығы.
Күйіп кетті Күнайым,
Көкесі түсіп есіне,
Мас болып түк сезбестен
Қалмақтар жатыр кесіле.
Көкесінің басын ап
Мұздай ғып басты төсіне.
Ақ төсін қыздың айғыздап,
Сорғалады қызыл қан.
Бетіне бетін тақады.
Тұрсайшы деп көкежан!
Көкпеңбек болып еріні
Шашы қанға былғанған.
Күнайым көп зар қылды
Тірілмеді не арман.
Аспан айқын ашылып,
Кектегі бұлт тарады.
Жылаған жерде сұлуға,
Ай мұңайып қарады.
Көп жұлдыз көкте аяды.
Жылаған сәби баланы.
Жел жоқ, дүние тып-тыныш.
Қайғыға ортақ болады.
Көкесін басып тесіне,
Кеудесі қанға былғанды.
Өткен күн түсіп есіне,
Қайғыға қайғы жалғанды.
«Өмір деген осы ма?»—
Деді-дағы таңданды.
Жылап тұрып ақтарды,
Іштегі барлық арманды.
Өмірге сенген Күнайым,
Өлімге енді қарманды.
Ой жіберіп қараса
Алданарлық не қалды.
Қор болмау үшін жауларға,
Өлуге тәсіл ойланды.
Есін жиып қараса,
Тұрғаны таудың етегі.
Тау етегі кең өзен
Сулары cap-cap етеді.
Таудың биік шыңдары
Төбесі көкке жетеді.
Содан суға құлауға
Күнайым ойы кетеді.
Көкесінің басын ап,
Биік тауға өрледі.
Жан ұшырып Күнайым,
Түкті көзі көрмеді.
Табансыздық, қорқақтық,
Қамалап еді жеңбеді.
Өлімге қимай сұлуды,
Өсімдік жол бермеді.
Жалғыз-ақ төнген сұрша түн
«Өмір жоқ, енді өл» деді.
Ентелей басып алқынып,
Жармасты тасқа тырбиып.
Қош бол сұлу қош десіп,
Қарады жұлдыз жылмиып.
Ақтық күші сарқылып,
Шыңға шықты бір биік.
Көкке көзін бір салса,
Тұр екен ай мүлгиіп.
Жардың, асты терең су
Қап-қара тұнық, тұңғиық.
Өмірмен сұлу қоштасты,
Ішінен сөз бен у құйып.

IІІ
«Бір кезде өмір қандай ең,
Шекер менен балдай ең.
Қызарып шыққан қызыл гүл,
Ағарып атқан таңдай ең.
Тұрмыс жұмық, кең сарай,
Ішінде жанған шамдай ем.
Құлынындай құланның,
Керілген қарыс маңдай ем.
Қызыл ала қызғалдақ,
Бұралып ескен талдай ем.
Еркін дүние ішінде
Жалғыз-ақ өзім бардай ем.
Алдадың!
Алдадың.
Таң қалдым.
Сағымсың,
Құбылдың,
Ағынсың,
Ұрылдым!
Жалынсың,
Жандырдың.
Залымсың,—
Қан қылдың!..
Әттең, өмір-ай,
Қайттың-ау көңіл-ау...
Сенімен өмір қоштасам.
Дос едім, енді қастасам.
Сен мазақ қып әкелдің
Мазақтан өзім қашпасам.
Өмір қылды келеке.
Өлімнің кілтін ашпасам,
Мен өлем, өмір бақыл бол.
Кетер кінә тастасам.
Өлемін.
Көнемін.
Өлемін.
Өлемін!!..
Ұлимын
Ұлимын
Құримын,
Шіримін,
Әлсізбін,
Қансызбын,
Өңсізбін,
Жансызбын.
Әттең, өмір-ай,
Қайттың-ау көңіл-ай!
Көрер күнім көр болып,
Өлер болсам қор болып.
Не үшін көрдім жарықты.
Өзімнен басқа досым жоқ.
Мен сықылды ғарыпты
Айдаһардай арсылдап,
құшақтап ажал алыпты.
Көкем, ботам қайдасың?.
Күнайымың зарықты
Мейірімін, қайда сұм тұрмыс.
Алдыма тарттың тамықты.
Таудай қайғы жүктелді,
Көтермей иінім талықты.
Адасқан киік лағы
Ақтық күшін сарықты.
Сүйенер басқа түгім жоқ,
Жалғыз-ақ өлім қалыпты.
Өлемін, суда шіримін!
Жолдас қып жүзген балықты
Жылаймын,
Жылаймын.
Жылаймын,
Құлаймын!
Ағамын,
Ағамын,
Ағамын,
Қаламын.
Шіримін.
Іримін.
Шіримін,
Құримын.
Әттең, өмір-ай...
Қайттың-ау, көңіл-ай.
Берекесіз антатқан,
Жазықсыз мені зарлатқан.
Шабысқан босқа ел құрысын.
Жауызды жалмап жұтпаған,
Тымырсық қара жер құрсын.
Ағаш оқ болған Хандарға
«Шауып кел» барлық ер құрсын.
Хандар, байлар, батырлар
Құлақтарын, кер болсын.
Мендей болып үй ішін,,
Көзінің жасы көл болсын.
Боздақтарын, осындай —
Итке, құсқа жем болсын.
Ел түбіне жеттіңдер,
Түбіне жетер ел болсын.
Бар қарғысым таусылды,
Күнің түнге тең болсын.
Қажыдым,
Қажыдым!!..
Қайтты ғой,
Қажырым.
Күттім,
Күттім...
Күттім,
Біттім.
Өмірім,
Кеш!
Өмірім
Қош!

IV
Зарланып сұлу тұрғанда
Тан, сарғайып білінді.
Күншығыс жақ бозарып,
Қара көрпе түрілді.
Жардың асты кең өзен
Толқынға толқын ұрылды.
Өзеннің ұшы алыста
Жағалап тауды бұрылды.
Ыс-сс етіп, ысылдап,
Жел көбейтті сыбырды.
Жан-жағы биік асқар тау,
Сұрша бұлтты жамылды.
Ақ қайың жасыл қарағай
Белшеден буға малынды.
Жылжып бұлттар қоштасып
Күншығысқа ағылды.
Түк көрсетпей дүние
Өз өзінен тарылды.
Сұлу ай аяп сұлуды,
Боп-боз болып бозарды.
Барлық жұлдыз бас иіп,
Сұлуға салды назарды.
Жалғыз-ақ асқар қара тас,
Есіркемей сазарды.
Кернеген ыза Күнайым,
Бір шолды тағы өмірді.
Ойлап еді өткенді
Жүрегі жүзге бөлінді.
Жер, көк, тау, су, өсімдік
Жан алғыштай көрінді.
Өмірден ләззат қалмаған
Жұбатардай көңілді.
Мөлшерлеп күшін байқап
Тұрмыстан сұлу жеңілді.
Қайғы кернеп сұлуды,
Денесі қызып, жылынды.
Бір минут өтпей тағы да
Мұздай болып суынды.
Өртенген жүрек алқынды,
Өңешіне тығылды.
Көкесінің басын ап
Жардан сәби жығылды.
Шолп-шолп сүйіп қарсы алды,
Бұйраланған ағын су.
Тітіркеніп сілкінді,
Қара ағаш, қалын, ну,
Жаңғырықты қара тас,
Тұс-тұстан болып у да шу.
Сұлудың тәнін жасырып,
Көтерілді жерден бу.
Дауыс қып үнін көтеріп,
Үстінен ұшып өтті аққу.
Анда-санда қарашаш,
Қараңдап суда көрінді.
Аппақ қардай денесі
Толқынға бұйра көмілді.
Шопылдатып шортандар
Сүйді қызыл ерінді.
Жансыз дене қалықтап,
Жазылып дене керілді.
Өлерде серік кескен бас,
Өлген соң одан бөлінді.
Біраздан соң күн кезі
Ашылып тұман сөгілді.
Тұрмыстың сондай тарлығы
Қиды қыршын өмірді.

V
Жетім қыз күйін күңірентіп,
Домбыра боздап зарлайды.
Күңіренеді домбыра —
Көзінен жас парлайды.
Күңіренеді домбыра —
Қырық жылғы шерді қозғайды.
Баяулатып аяғын
Ыңырсып қана боздайды.
Домбыра күйі — желді күй,
Жел береді — адамға.
Жел қазығы — кәрі аңыз
Көз салсаң өткен заманға.
Қалай тіксең де көзді
Кездесесің аранға.
Шерімді келіп түртпесе,
Осынша сөзді жазам ба.
Жаза берсең бітпейді,
Айтасың тоқтау қаламға.
Домбыра күйі күңіреніп,
Көңілге мұң береді.
Сол күйлерді тартқанда
Мынадай сурет келеді:
Қанағыш қара албасты,
Қарайып келіп теңеді.
Қарыс жауып қабағын,
Аузынан жалын төгеді.
Қарсы алдына кез келген,
Күйеді де өледі.
Бірде шаққыш жылан боп,
Тілімен уын себеді.
Уланған нақақ адамдар,
Күш кетіп әлсізденеді.
Қаны қашып түсінен,
Кезеріп ерні кебеді.
Ақырындап қуарып,
Кепкен гүлдей семеді.
Жауыздықты егіндей,
Ел ішіне себеді.
Қасқыр боп шауып қойларға,
Қандарын судай төгеді.
Доңыз боп бірде қорсылдап,
Тұмсығын сазға көмеді.
Бір уақытта ажал боп,
Дүниені өбеді.
Жер шарын көріп ойыншық,
Аяғымен тебеді.
Сол уақытта алдына
Елестейді Күнайым.
Қайғы жапқан қабағын,
Көкірегін керген уайым.
Қарай қалам қадала
Деп мұны мен сынайын.
Бұлбұлдай тәтті үнімен
Ашады сырдың сарайын.
— «Өткен күнге қарасам,
Өмір емес құрысын,
Аяқ басса жау болып,
Тарылтты елдің тынысын.
Жаудан қашу, жау аңду
Болды баққан жұмысың.
Азатпын деп жүрсең де,
Біреудің ертең құлысың.
Әлі жеткен әкетті,
Өзеннің өтіп қилысын.
Жазықсыз, нахақ болсаң да,
Құрбанның сен де бірісің.
Хандардың осы ісіне,
Ішін, қалай жібісін.
Хан ұры, ісі талауда,
Қосыла сен де ұрысың!».
Бір кезде тағы Күнайым,
Жібекке қызыл оралып.
Көз көрмеген сұлу боп,
Бейне күннен жаралып.
Бұлбұлдай сайрап сөйлейді.
Бір қолда күн, бір қолда ай,
Ажарға ажар жамалып,
Қуат беріп бойына,
Күлімдейді қадалып.
Кетеді қайғың таралып.
— «Құттықтаймын еңбекші,
Жасаған мынау тойыңды.
Құшақты жайып қарсы алам,
Көтерген еркін бойыңды.
Неше жылдай шаршадың
Күреске бөліп ойыңды.
Сол күресте толтырдың
Қып-қызыл қанға қойныңды.
Күрес оңай олжа емес,
Құрмалдығың сойылды..
Кекиген талай кепиет
Бағынды сұнып мойынды.
Досың, қасың барлығы,
Жеңіліп енді бой ұрды.
Одағыңның ішінде,
Озбырлық жасау қойылды.
Отаршыл, ұлтшыл төрелер,
Көздері мәңгі ойылды.
Ұлт ұлттың, бәрі ағайын
Алауыздық жойылды».
Күңіренген күйлі домбыра,
Өткен күнді қарғайды.
«Жетім қыз» күйі күңіреніп,
Күнайым болып зарлайды.
Жылайсың күйді тыңдайсың,
Көзіңнің жасы парлайды.
Күңіренеді домбыра.
Қоңыр күйді толғайды.
Өткен, кеткен, келешек,
Тұс-тұсынан аңдайды.
Жүйрік көңіл оқша ағып,
Жердің жүзін шарлайды.
Қай жерде қандай істер бар,
Көрмегені қалмайды.
Кемдікте біреу жүрсе егер,
Қайғыңа қайғы жалғайды.
Сол уақытта Күнайым
Былай деп маған жырлайды:
— «Мұңайма, аға, мұңайма!
Ағызба көздің сорасын.
Жігерлі бол, жасыма,
Қайраттың істе жорасын.
Жетекші — Компартия
Бекіткен мықтап қорасын.
Қызыләскер жаужүрек,
Байлардың қазған моласын.
Коминтерн ордан, бар
Отырған құрып жобасын.
Ағылшынмен тең қылмақ
Африканың қарасын.
Төңкеріс ертең шарлайды.
Мұхиттардың жағасын.
Байлар алып бірге өлмек,
Пәлесі мен жаласын.
Татулық, достық жапсырмақ
Ел мен елдің арасын.
Сол күресте сен-дағы,
Табыңмен сойыл соғасың.
Ойыңа алған жеріңе
Талықпай ертең барасың...
1926



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жазғы күні орманда

  • 0
  • 0

Жасыл шөптің исі мұрын жарады,
Таза ауа исіндірді тамырларды,
Ағаш, шөп, жапырақтар мүлгігендей,
Мың түрлі көркем бояу көздің алды.

Толық

Вильнюс

  • 0
  • 0

Сан ғасыр бұрын кеп түскен,
Балтықтың бойын сағалап
Қаланы, жолдас Шимкуспен
Келер күн кеттік аралап.

Толық

Ыстықкөл

  • 0
  • 0

Айналасы асқар тау,
Жатады көлім мөлдіреп.
Бұйраланса толқындар
Жалында жүрек елбіреп,

Толық

Қарап көріңіз