Өлең, жыр, ақындар

Қарақалпақ

  • 12.08.2021
  • 0
  • 0
  • 729
Қарақалпақ, боз топырақ, мидай дала:
Ол бір кезде өгей боп өскен бала.
Сенсең бөрік ішінен қаны тамып,
Бастары талай жерден болған жара.
Қарақалпақ ежелден шерлі жүрек
Талай тепкі, таяқты көрді жүрек
Қайнаған кек жалынын бір шығармай,
Арманда талай-талай өлді жүрек.
Еңбекпен бірге туған оның елі,
Еңбекке қайнап піскен оның жері,
Сол еңбегін сүлікше сорып байлар,
Тауысып іштерінен жеген жегі.
Жалғыз-ақ түсіп оған ықыласы,
Жылауынан уатқан жер анасы,
Иреңдеп сонау аққан Амударья —
Жылағаннан жиналған көздің жасы.
Қорлықты әсіресе көрген диқан,
Тепкіге екі жақтан көнген диқан,
Оның жеген таяғын есіткенде,
Шымыр-шымыр етеді төбе құйқаң.
Қарақалпақ тұманнан тұншыққан ел,
«Дін» жарасы бойында ұшыққан ел,
Зарыққанда Октябрь жарқ ете ғап,
Көтеремнен зорға деп жыл шыққан ел.
Ол елдің еңбекшісі жинады есін,
Еңбекпен таңдандырды іргелесін,
Нақ солардай мақта егіп, мал ұстасаң,
Кім болсаң да ертең-ақ түрленесің.
Амударья төменге құлап аққан,
Төрткөлге бет алады Шымбай жақтан,
Неше мың десятина жерді шолып,
Мақтаны суарады егіп жатқан.
Машиналар орнамақ, шығыр қалып,
Суланып жер түрленбек жасылданып,
Тойынған Қарақалпақ былай тұрсын,
Мақтаға Бүкіл Одақ болмақ қарық.
Ол елдің қойларының жүні күміс,
Құлпырып гүл-гүл жайнай тұрған бұл іс,
Одақта ен, бірінші орын алмақ,
Қаракөл қойды есіру деген жұмыс.
Қарақалпақ Одақтың елі болды,
Сусынын қандырарлық көлі болды.
Өзі азат, қордасы ақ алтынның,
Ол еңбектің таусылмас кені болды.
Сенсең бөрік ұзын жең қарақалпақ,
Етеді осы күнде шалқақ-шалқақ,
Жері азат, елі азат, кені азат,
Ол еңбектің даласы жатқан жалпақ.

1927



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Оң сапарға

  • 0
  • 0

Өмірдің білмейтұғын балын, тұзын,
Талдырмаш орта бойлы, шашы ұзын,
Бұралған тал шыбықтай еркек-шора
Мұсайттың сәби мінез бір жас қызын,—

Толық

Денсаулық жайы

  • 0
  • 0

Күн сылбыраң, жердің жүзі іріп тұр,
Қарлы жаңбыр бетке аралас ұрып тұр.
Ауыл үйлер шошалада, күн суық,
Жел де азынап аш қасқырдай ұлып түр.

Толық

Аракстың бойында

  • 0
  • 0

Араксты жағалап біз келеміз,
Бергі беті біздікі, ар жағы Иран.
Екі жаға гранит, бейне көк мұз,
Кей тұс қорған сияқты, қолдан құйған.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар