Өлең, жыр, ақындар

Есіңе алып жүрмісің

  • 12.08.2021
  • 0
  • 0
  • 289
Елдегі қара шаруа,
Шаруаның қамына
Бір-екі ауыз сөз айтам:
Осы сөзді мықтап ұқ,
Тіршіліктің қамын ғып,
Қапы қалма боп бейғам,
Ызғарлы, суық, қарлы қыс,
Долы боран, зарлы қыс,
Қонақ болды үш-төрт ай.
Аязға бетті жалатып,
Мұртыңа қалын, мұз қатып,
Алысып жүрсін шаршамай.
Үйген шөбін, қылқиды,
Сиырың арып тыртиды,
Жұтай ма деп қорқасың,
Қалмасын деп ашығып,
Сабан-сұбан тасынып,
Қаладан қоқым тартасың
Ақшаң жоқ жүрген шылдырап,
Үйіңде ұның құлдырап,
Таусылуға айналды.
Әлдеқашан бітірдің
Ерте тауысып құтылдың,
Тайынша-торпақ сойғанды.
Өткен жылы қамданбай,
Қыс келмейтін болғандай,
Асықпадың, саспадың.
Көп қып егін екпедің,
Бір жерді түгел сеппедің,
Енді саса бастадың.
Өлгенше тамақ керек қой,
Тамаққа еңбек себеп қой,
Мұны ойламай болмайды.
Қыс пен күз, жаз ауысып,
Азықты көп күн тауысып,
Құрғақ үміт алдайды.
Туып қалды міне март,
Төбеден сүңгі тамшылап,
Келді жаздың иісі,
Енді малын, шуақтап,
Сабан-сүбан жеп жатпақ,
Көбеймек енді күйісі.
Сиырларын, бұзаулар,
Уызға балаң уанар,
Тоқшылық кере бастарсың
Келеді деп енді жаз,
Жадырап жүзің болып мәз,
Киіміңді сырт тастарсың!
Оларың бірақ ұнамсыз,
Жаз өтіп, тағы тумақ күз,
Аржағында қысы бар.
Бұл күнін, ертең келеді,
Тағы да көзің көреді,
Осы арасын есіңе ал.
Киіміңді шешінбе,
Аяғыңды көсілме,
Беліңді буып, түрегеп,
Арығыңды оңалған,
Біраздан бері демалған,
Қамытта да қайта жек.
Жуып қойған тазалап,
Елге тұқым тарамақ,
Қамданғандар үлеспек.
Тық-тық қағып шақшаны,
Бұрын барған ақшалы,
Тұқымды түгел түгеспек.
Барыңды қамдап сен дағы
Тиісті құнын бер дағы,
Тазалаған тұқым ал!
Сайманыңды қамдап ап,
Жетпегенін жалдап ап,
Күшіңе қарай егін сал!
Құдайдан күтпе, жерден күт,
Тырбан езін, еңбек қып,
Бүйірің сонда тояды.
Түгелденіп арманың,
Келесі қыс мал, жаның
Уайымсыз, мұңсыз болады.
Малың, жаның жеп тоймай,
Азырақ қысым болғандай,
Болды білем бұл қысын,.
Алдағы күнді кеп ойлап,
Жаз келеді тез қамдан,
Есіңе алып жүрмісің?

1927



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қалам

  • 0
  • 0

Досыңнан, әйеліңнен, балаңнан да,
Әкеңнен, туысыңнан, анаңнан да
Артық сыр шешіп, түгел ақтарылар
Жалғыз-ақ жан серігің — қалам ғана.

Толық

Әнекей, нұрлы күн де көтерілді

  • 0
  • 0

Шықты ол, түні бойы безек қағып,
Жан кешіп баратқандай, өзек талып,
Кейде ышқына тынысын жиілетсе,
Кейде баяу алады тежеп барып.

Толық

Кітапхана

  • 0
  • 0

Міне, түнгі сағат төрт. Үйдің іші
Шырт ұйқыда. Көшеде жүрген кісі
Естілмейді. Тымық түн. Жаз. Сайрайды
Тереземнің алдында бұлбұл құсы.

Толық

Қарап көріңіз