Өлең, жыр, ақындар

Жер айналған жалауым

  • 12.08.2021
  • 0
  • 0
  • 349
Жауын жауып, жиектен бұлт түрілсе,
Құлпырып мың, бақтың балғын гүлінше,—
«Кемпірқосақ» аспан, жерді қосақтап,
Жер аспанның лентасына ілінсе.
Желігетін еді ақын қиялы да
«Көкті көрмей,— деп,— жерге мен сиям ба?
Көк лентасын көлбей ұшып, жер шарын
Орап түсем
Не бар екен жиһанда».
«Ақын қиял серігім ғой, шіркін» деп,
Айтпайтын ем «ұшпайсың сен іркіл» деп,
Қиял — Антей, жері — адам, Адамы
Ұшпай қиял ұмтылса да, іркілмек.
Қиял ұшып, мен жерде қап ере алмай,
Менсіз қиял өз күшіне сене алмай,
Жүруші еді арманда боп, жер шарын
Лента бойлап, ұшып көзбен көре алмай.
Коммунизм дәуірінде арманға
Жетпейтұғын біздіктерден жан бар ма?
Жоқ.
Қиял да жетті, міне, арманға
Чкаловпен Америкаға барғанда.
«Жер анасы, адам оның баласы»
«Мен де балаң» деуі — байдың жаласы.
Шын баласы жердің біздің большевик,
Ұл ма, жоқ па, міне, өзің қарашы:
Кім бар білген жерді біздей тарихта?
Бізден басқа жан полюске барып па?
Жоқ, барған жоқ, сүйген жердің полюсін
Барып көрген біздің ғана алыптар.
Қиындықты ер большевик жеңген соң,
Көру тұрсын, баса-көктеп кеудесін,
Адамзатқа жұмбақ болған полюстің
Түрді міне шұғылалы пердесін.
«Жаса, ұлым!—деді ана,— көп жаса!
Асырайын сені мен де анаша.
Таба білсең, ала білсе бойымда,
Менде байлық ұлан-асыр, тамаша!
Мен қартайдым, бетімде бар әжімім,
Демеймін мен бірақ әлі қажыдым.
Қажығам жоқ, жасартатын ұл болса,
Жасарғандай бойымда бар азығым.
«Өгей ұлдар жасартуға еріншек,
Жатып ішер, арамтамақ, еміншек.
Большевигім, жасарт мені, гүлденіп,
Болайын мен нұрлы жүзді келіншек!»
Өгей ұлға ананың бұл кінәсы
Жалған емес, жанның сыры — расы,
Фашистердің бомбасынан қирады
Жер-ананың нелер асыл мұрасы —
Қиратылды. Талай адам қырылды.
«Өлтірді,— деп,— талай сүйген ұлымды»
Фашистерге нәлет айтты жер-ана,
«Төлеттірем,— дейді,— ертең құнымды!»
Құн әперер бар большевик батыры,
Фашистердің жақын заман ақыры.
Туған ұлдың еншісіне тиеді,
Жер-ана да, көктің көркем шатыры!
Қызылқұмның мұз полюсін ананың
Аралауы батыр туған баланың,
Сүйген ана бетіндегі әжімін
Іздегені жадырату амалын.
Сөзсіз ертең құмға бақша егуі,
Сөзсіз ертең мұз теңіздің еруі,
Сөзсіз ертең қоймаларын жер ана
Мол сүтіне баласының бөгуі.
Жауын жауып жиектен бұлт түрілсе,
Құлпырып мық бақыттың балғын гүлінше,
«Кемпірқосақ» аспан, жерді қосақтап,
Жер аспанның лентасына ілінсе.
Маршруты Чкаловтың елестеп,
«Бұл біздің ту, «кемпірқосақ» емес.
Ақын қиял таласады менімен,
Менде ой жоқ, қиялменен егеспек.
Даусыз сөзге несіне мең таласам,
Жердің шарын қай жағынан орасам,
Көрінді «кемпірқосақ» сықылды
Біздің жалау, мен аспанға қарасам.

1937



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сөз — Советтік армия

  • 0
  • 0

Сөз — халықтың қымбаттан қымбат кені,
Жүректің шахтасынан халық оны —
Мыңдаған жылдар қазып, кен тасына
Тереңнен әрең барып жетті қолы.

Толық

Москваға сәлем

  • 0
  • 0

Москва!., тек өзіңнен қанаттанып,
Шыңдарға нелер биік ұшқан халық —
Қазақтан, саған тарту — таралғыға
Ән-күйді бір эшелон келдім алып!

Толық

Ленинизм

  • 0
  • 0

Лениннің қыран, ұшқыр қиялымын,
Қызыл ерлер шапқан ат тұяғымын,
Октябрь күндерінде, еңбекшілер
Жасады СССР-дей ұяны кең

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар