Өлең, жыр, ақындар

Елу

  • 13.08.2021
  • 0
  • 0
  • 272
«Елу» деген осы ма? Мұның несін
«Қартайдым» деп қайғырған Абай ағай?!
Өмір маған жайнатып бар бейнесін,
Жан-жағымда жанып тұр самаладай.
Жас қалпында сияқты, байқап көрсем,
Дене күшім, немесе ақылым да,
Бірақ, деймін оларға,— «Шамаңды өлше,
Албыртсынып кей кезде қапы ұрынба!»
Мосқалдану белгісі болар мүмкін,
Бой мен ойды тежеген осы сақтық.
Іс, күреске әлі де талай дүркін
Түсем, бірақ, емес бұл сөзім ақтық.
Отан, халық, партия мені баптап,
Күрестерге түсірген талай алуан.
Алып соғып, басынан кеткен аттап,
Ұстасқаным болса да қандай балуан.
Сол күшім, сол тәсілім әлі бойда,
Тұрсам да елу жылдың белесінде.
Қанды майдан соғыста, яки тойда
Дайынмын белді буып күресуге.
Абай ағай қартайса жасы жетпей,
Қиянатшыл заманнан көріп соққы.
Мен заман мен бақытқа бірге беттей,
Бой мен ойға жалынды жақтым отты.
Күрес, істің кезінде туған ұлмын,
Уақытым жоқ, қартаю, алжуға да,
Жайын ойлай жатармын арғы күннің
Бір тоқсанды байлап ап қанжығаға.
Өмірімнің жайнаған жазындамын,
Қысы түгіл жеткем жоқ күзіне мен,
Сөндірерлік ойым жоқ өмір шамын,
Бұл ғасырдың жеткенше жүзіне мен.

1950



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Күресшіл ұрпаққа

  • 0
  • 0

Жаз күні жайнаған гүл жан-жақ кілең,
Жердің беті масаты жайған кілем.
Көкте көлбей қалқыған сирек бұлыт
Бір түстес жерде, көкте шаттық рең.

Толық

Лена

  • 0
  • 0

Әлдеқайда, қараңғы бір бұрышта,
Жақында емес, сонау Қиыр-Шығыста...
Еңбек еткен, мыңдаған жұрт бар еді,
Күн-түн демей жүретұғын жұмыста.

Толық

Кеудеңе орден тағамыз

  • 0
  • 0

Құтты қонақ — Жаңа жыл,
Хош келдің қарсы аламыз!
Өркенде, өс, жайна гүл!
Кеудеңе орден тағамыз.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар