Өлең, жыр, ақындар

Өлеңім

  • 13.08.2021
  • 0
  • 0
  • 465
Мың тоғыз жүз бірінші жылы туып,
Мінекей отыз бесті жеттім қуып.
Отыз бес түгіл, сексен, тоқсан бесте
Жоламаймын деп «маған ажал жуық»
«Енді бір ай жиырма жеті жасқа келем,
Отыз... қырық... қартаям... сөнем... өлем!»
Десе байшыл ақындар, көр аузында
Күңіреніп өлетін табыменен.
Менің сөзім: тіршілік, тұрмыс мендік.
Ешбір күштер дей алмас мені — «жеңдік!»
Табым да жас, өзім де жаспын, жігер
Маған ғана арнаулы, қайрат, ерлік.
«Өмір теңіз» болса, мен тесін құшып,
Толқыны түгіл, таудай сеңі қысып
Қоршаса да саспаймын, қанат қақсам,
Шыныдай мұзы быт-шыт кетеді ұшып.
«Өмір дауыл» болса, мен — аэроплан.
Беттетпей соғып бетке, шашын жұлам.
Қанатыммен маңдайға ұрып, өзім
Қай жаққа ұшсам, қанатты соған бұрам.
«Өмір жалын болса, мен — домна пеш.
Көмір, күл ете алмайды қызулық еш.
Талай қатты тастарды сарқылдата
Қайнатып кен алуға жан тәнім өш.
Күрес, еңбек, игеру — менің еншім.
Мылқау күштер жұмсайтын менің елшім.
Тіршіліктің тетігі менде болса,
«Өлім» деген маңайлап қайдан келсін!
Күлкім — күн, лебім — дауыл, сөзім — жауын,
Дыбысымның екпіні бейне — дауыл.
Өлеңім өр басына тіккен туым,
Соған қарай көшеді мендік ауыл.
Өмірім боп тұрғансын «шыбынсыз жаз»,
Отанымда еңбексіз тұратын аз.
Бас тартпайды бірі де, деген сөзден —
«Сен егін сал, сен мал бақ, сен кенді қаз!»
Сыбаға бұл бөлісте маған тиер:
«Ән шырқау, жаны иіп халқым сүйер.
Егінші, малшы, кенші, өнершілер
Азық қып көңіліне оны түйер.
Қазған кең орған астық, өсірген мал,
Сан, салмағы,— Жанға азық Өнім де бар.
Бүгінгі табым түгіл, келешекте
Әнімнен азат адам татады бал.
Әніме сәйкес сөзім,— шарлы айна:
Елесін не көрініс болса қайда,
Бойына тартып түгел, жерін, түгіл,
Көрінбек жұлдыздар да, күн де, ай да.
Тұрмыстың көлеңкесі, жарығы да,
Осалы, орташасы, алыбы да
Түседі түгел оған... Ең аяғы
Теңіздің тереңдегі балығы да.
Кім кімді сүйді, кімдер неден күйді?
Кімге кім қай уақытта басын иді?
Кім менен кім дос болып, кімге кімнің
Судай қанын ағызып, тісі тиді?
Кімдердің кім ілікті қармағына?
Кім жетті, кім жетпеді арманына?
Кім күнделік өмірдің құлы болып,
Кімдер құлаш сермеді алдағыға?
Осының бәріне де айнам өлең.
Өзімді де бетінен айқын көрем.
Қара қылды қақ жарған әділім сол,
Сол ғана өмірімде шыншыл терем.

1934



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Елу

  • 0
  • 0

«Елу» деген осы ма? Мұның несін
«Қартайдым» деп қайғырған Абай ағай?!
Өмір маған жайнатып бар бейнесін,
Жан-жағымда жанып тұр самаладай.

Толық

Бүгін қатын биледі

  • 0
  • 0

Рысты бай Күңшашты
Дейтін еді «албасты»
Күңшаш онда «мәжін» ед,
«Өсекші» ауыз, «сұғанақ»,

Толық

Мен кіммін деп мақтанам

  • 0
  • 0

Мен де адаммын жаралған сүйек, еттен,
Маған жүрек, жан беріп, қан тебіренткен
Бір күні дамылдаса, жөнелем мен
Сапарға әкем, атам, бабам кеткен.

Толық

Қарап көріңіз