Өлең, жыр, ақындар

Балама сыр

  • 16.08.2021
  • 0
  • 0
  • 488
I
Бiлмеймiн мен – кiм болады есiмiң,
Қашан өмiр ашар саған есiгiн?
Бiрте-бiрте әкелiкке жақындап,
Терiп келем талайымның несiбiн.
Бiр күнiмнiң қызығы асып бiр күннен,
Шақтарым көп босқа жүрiп, құр күлген.
Сен түгiлi, саған шеше болатын,
Жанға әлi кездесе алмай жүрмiн мен.
Қадам сайын мына өмiрдi танып мен,
Алға бастым жөн деп тапқан бағытпен.
Саған Ана болар жанның есiмi,
Жазылды екен маңдайға қай әрiппен?
Бақыт ала келетiндей таң маған,
Әр күнiме тәттi үмiт арнағам.
Кездестiре алмай жүрiп Анаңды,
Сен жайлы да ойлап қоям, жан балам...
Әзiрше тек қағазға айттым бар сырды,
Әр ұзақ түн жанарыма тамшы iлдi.
Саған Ана болатын сол адамда,
Мендегi жоқ қасиеттер бар сынды.
Қиялыма арманымды тең бөлеп,
Ойлар баста отырады төрге кеп.
Сырт адамға арқаланып қоямын –
«Жұбым жолда, бала деген белде» деп.
Өмiрiмде сыры өзгеше жай ма бұл,
Алыстаса ажарланар айда нұр.
Сонша ұзақ күттiргенi несi екен,
Айтшы, балам, әлгi шешең қайда жүр?..

II
Жасырып қайтем өзгеден,
Өзiм де бiлем, жасықпын.
Кезiнде бiлiп-сезбеген,
Армандар қалай қашық тым?
Мен ұл боп келдiм әкеге,
«Жалғасым» деп ол қуанған.
Өмiрiмнiң жүгiн көтере,
Өткiзер сынын құп алғам.
Әкемнiң бөлек жолынан,
Бағыма тағдыр жазылды –
Қуанышы да молынан,
Ой-шұқыры да көп қазулы.
Сәл уақыт салып араға,
Сағыныш болып қарайтын,
Менiң де ұлым болады, ә,
Менi еш қайталамайтын.
Маған сен, ұлым, ұқсама,
Алдыңнан арай таң күлсiн.
Тәнiмдi жарып шықсаң да,
Талайы бөлек тағдырсың.
Келесiң болып бiр Адам,
Жанымның шоғын мың үрлеп.
Қазiрден саған сұранам,
«Жұқпасын жасықтығым» деп.
Жөн ерек жол да тапқаның,
Соқпақтар iзде арайлы.
Әкеңнiң өткен шақтарын,
Түсiне бiлсең...
жарайды...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мен бәрiн де түсiндiм...

  • 0
  • 0

Мен бәрiн де түсiндiм...
Сен деп тiккен туымды, келмеп едi түсiргiм.
Менiң аққу мүсiндiм,
Қош айттым да өткенге,

Толық

Бәрi де өз еркiммен...

  • 0
  • 0

Бәрi де өз еркiммен...
бәрi, бәрi,
Менсiз де шырқалады әнiң әлi.
Қайырылмай өткен шаққа жүрсем де мен,

Толық

Кiм бiледi?..

  • 0
  • 0

Кiм бiледi?..
Табиғаттың өз заңы өктем шығар...
Бүгiн бiрақ сәуле жоқ көктен сынар –
Мезгiлсiздеу қонақ боп келсе-дағы,

Толық

Қарап көріңіз