Өлең, жыр, ақындар

Ең соңғы алау

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 427
Дарқан дала жамылып көлеңкені,
Кешкі шуақ шақырды жел еркені.
Қимастықпен қиылған қыз баладай,
Күн қия алмай барады кең өлкені.
Дөңгеленген дүние тербетіле,
Кім мін қоймақ ғажайып келбетіне.
Қызғылт нұрға шомылып тылсым ғалам,
Ең соңғы алау шашылды жер бетіне.
Еркін, ерке сезімді бұлақ қылып,
Айналамыз жатқандай құлақ түріп.
Ең соңғы алау тұрғанда шуақ құйып,
Ең соңғы рет қоштастық жылап тұрып.
Мөлдір шыққа шыланып сенің көзің,
У аралас құйдың-ау сезімге мұң.
Дір-дір етіп жабысты күйдірердей,
Қызыл шоқтай қып-қызыл еріндерің.
Қимастықпен аймалап бал тілдерің,
Ең соңғы рет арналды алтын демің.
– Ең соңғы алау есіңде қалсын,- дедің,
– Қалсын дедің, мәңгілік жансын дедің.
Ең соңғы алау тұрғанда шуақ құйып,
– Қош бол,-дедің қия алмай жылап тұрып.
Сезімімді не керек сергелдең ғып,
Жүрегімді кеттің – ау сызат қылып.
Қиясын көңілімнің кездім ерен,
Қимастық жүрегімді езгілеген.
Қызғылт нұрға боялып бара жатты,
Ақ көйлегің үстіңде желбіреген.
Үмітімнің сөнгендей шам-шырағы,
Тұла бойым дірілдеп, қалтырады.
Ең соңғы алау барады нұрландырып,
Қимастықпен қараймын әлсін әлі.
Тағдыр бізді жаратқан мұңлы қылып,
Мұңымызды кең дала тұрды біліп.
Сүмбіл шашың желбіреп, мың құбылып,
Ең соңғы рет қарадың бір бұрылып.
Мұңға толы сыбыры жел еркенің,
Ымырт жауып барады кең өлкені.
Күн секілді қызарып бардың дағы,
Сүңгіп кеттің қойнына көлеңкенің.
Сол сәтте сұп-суық жел гулеп өтті,
Гулеп өтті, түнеріп түн де жетті.
Балдырғандай бала шақ, бұла дәурен,
Өкініш–ай, өзіңмен бірге кетті,
...Қасымнан күн де кетті, гүл де кетті...

2000 ж.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Табыт-шырақ

  • 0
  • 0

Қараңғы қабырға ішінен беймезгіл тұтанған шырақ.
Пенделер демінен тербелген алауы –
жаныңның нұрына шарпылар.
Сол күні сен жалғыз мәңгілік сапарға шыққансың ұзақ,

Толық

Жолайрық

  • 0
  • 0

Бітпейтін менің ертегім едің,
Бақытқа бірақ жетпеген.
Қанша жыл өтті…
Көз жасыңменен көгілдір таулар көктеген.

Толық

Жазу

  • 0
  • 0

...Жазу көрем мен ылғи нұр балқытқан пішінде,
Аяны ма Алланың жер бетіне түсірген?!
Қарап кейде айнаға жанарымның ішінен,
Сол жазуды көремін үлкейген һәм кішірген.

Толық

Қарап көріңіз