Өлең, жыр, ақындар

Ай

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 376
Іңір желі сұп-суық қарашығыма мұң үрлеп,
Лашығымда жатамын әлде нені күбірлеп.
Ұласқан бұл дүние жан толқытар уілге,
Құс жолының төсінен нұр төгілер сібірлеп...
Айдың нұры... Аспанға асып қойған шамшырақ,
«Жас жүрегім саусағын жаяр» көкке қалтырап.
Ойлар кезіп миымда оттай ыстық, (салқын әм),
Көкірегіме құйылған шымыр-шымыр тамшылар...
Шегірткелер шырылдап, бақалары шұрылдап,
Үндерінде балқыған ескілеу бір ұғымдар.
Қиялымда күн кешкен менің «құбыжығым» да,
Сенің жалқын нұрыңмен әлсін әлі құбылған:
Жалын атып мұңдарым жанарымның түбінен,
Арпалысқан жанымның ащы жасын сімірем.
Жазмышым жарқырап көлеңкемнің ізінен,
Өзім қашып өзімнен айғай салып жүгірем...
Долы дауыл буырқанып арнасынан тасар мың,
Малып аппақ қанатын Ай көгілжім шашар нұр.
Шашым қудай ағарып, ағарып һәм сақалым,
Теңіздердің үстімен ө-ө-ті-іп бара жатамын...
Басып өткен жолыма қасіретімнен гүл өніп,
Шиыр-шиыр ізіммен шимайлаймын жыр өңін.
Көкке ұлыған бөрідей көкжиектен нұр еміп,
Жапандағы жалғыз бір молаларға түнейім.
Жиям әзер есімді... Мұнар толы мұңлы алап,
Азалы бір музыка әуендері дулаған.
Жанарымның жалыны кеңістікті кезіп бір,
Күрсінемін тым ұзақ көкірегіме күн қадап...
Будақ-будақ бұлттардың бұтағында бүр жарған,
Көк жүзінде қалқисың жамалыңмен түнді арбап.
Саған қарап сол сәтте көзімді аршып булардан,
Жүзім тосып үн-түнсіз ұйып сүттей иманға,
Ұшқан әбден үрейі рухымды ілдәлдап;
Жазуларды оқимын жапырағында нұр жанған:
«Ла иллаһа иллаллаһ,
Ла иллаһа иллаллаһ,
Ла иллаһа иллаллаһ!...»



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қайық

  • 0
  • 0

...Кім болжар маңдайдың бағын?
Теңізді жатыр сұп-сұры тұман құрсап.
Сағынамыз, аңсаймыз тағы,
Тым қатал болса да бұл шақ.

Толық

Теңіз. Ай. Елес

  • 0
  • 0

Көгілдір ай сәулесі астында буырқанып жатқан теңіз…
Толқындар сапырылыса шайқаған айдың «өлі» денесін.
Бәлкім, сол Ай – біздің ғұмырмен егіз,
Бәріміз шарқ ұра аңсаймыз өткеннің елесін.

Толық

Түн құшағында мүлгіген елес

  • 0
  • 0

Түн құшағында мүлгіген елес,
Қараша гүліндей солған.
Бірақ ол мен сүйген махаббат емес,
Қиялын кеңістік сорған...

Толық

Қарап көріңіз