Өлең, жыр, ақындар

Күту

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 259
Ол бізді күткен-тін сол ағаш түбінде,
Ұзақ бір дұғасын күбірлеп.
Қолаң бір шаштары жайылып іңірге,
Ай нұры астында
Сүйріктей саусағы дірілдеп –
Тілейтін Тәңірден имани тілінде:
«Олар бір келер, – деп, – түбінде».
Сонан соң...
Қап-қара жолдардың сілемін қуалап,
Жылаған.
Жынданған.
Жүгірген!
Жүзінде жайнаған үміттің гүліндей,
Көз жасын қара жер сімірген.
«Оларсыз ешқашан бармаймын жұмаққа!»
Дейтін ол дауысы қалықтап түнекте.
Ғасырлар жаңғырығын сімірген құлаққа,
Қарлығаш ұя сап, балапан түлеткен.
Оны тек аңсау мен армандау жүдеткен,
Жүдеткен – мың жылдық тұрғандай сүзектен!
Сол ұ-за-ақ күтуден қос көзі суалды,
Түнеді қап – қара көлеңке.
Сағыныш жаңбыры басылмай мұнарлы,
Ағарған шаштарын жіберді жел өртеп.
Сонда да кеуденің оты өшпей құмарлық:
«Түбі бір оралар!» –
Дейтұғын ертекке сенер тек.
...Әлі де ол күтулі сол ағаш түбінде,
Көз жасын көкірегі сімірген.
Ақ дауыл соққанда дүрілдеп,
Ақ жаңбыр жауғанда сібірлеп,
Отырады әлгі бір дұғасын күбірлеп.
Жылқылар шұбырып өтсе бір іңірде,
Құлағын алмайды дүбірден.
Жалғыздық мүжіген оның бұл қасіретін
Ұқпаспыз немесе тым кештеу ұғармыз!...
...Мүмкін біз адасқан шығармыз!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жылқылар

  • 0
  • 0

Олар шұрқырап сұп-сұры тұманнан шығатын,
Қайтадан кіретін сұп-сұры тұманға.
Дүбірден дүниенің жүрегі дүрсілдеп тұратын,
Жаңғырып бейуақ кіл аңғар...

Толық

Қоңыр кештерде өрген ойларым

  • 0
  • 0

Қоңыр кештерде өрген ойларым
Қайырусыз кеткен түзге…
Қыраулы сезім құндақтап көңіл орманын,
Қолаты қорған бола алмас қоңырқай гүлге.

Толық

Уақыт жыры

  • 0
  • 0

Уақыт – ысқырып ұшқан жебе...
Яки, тау басында қалған кеме...
Мәңгіге тоқтаған.
Ол бірақ ғасырлар қойнауының ішінен

Толық

Қарап көріңіз