Өлең, жыр, ақындар

Оят мені

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 454
Жел боп кіріп көңіліме жабыққан,
Оят мені ақ сәулеңмен, жарық таң!
Сұлулыққа таңдануды о баста
Мінезіме ана сүті дарытқан.
Арнасыз боп аққан судай бетімен
Көптен бері ұйқышыл боп кетіп ем.
Сәйгүліктер, кең далада дүбірлеп,
Оят менің өмірімді, өтінем!
Ей, уақыт! Мені өзіңмен ерте кет,
Жастық отты жалыныңмен өртеп өт.
Оят мені, жапырақтар, сыбдырлап,
Сырлар шерткен қоңыр желге еркелеп.
Көңілімде жыр толқыны туламай,
Тыныш ойдың тұла бойды буғаны-ай.
Оят мені, жымыңдаған жұлдыздар,
Түнгі көктен кербезденіп туған ай.
Маза берме, ақын көктем, әнші бақ,
Күңгірт тартқан бөлмемді кез, таң шуақ.
Оят мені әрбір келген көктемнің
Дауылымен, жауынымен қамшылап.
Құпия әлем, шырқау көкке құмармын,
Шығысымнан алтын айдар шығар күн.
Оятып ал, арман-мұңым, өзің кеп,
Желпіп мені қанатымен қыранның!
Маза берме, жан-жүрекке бер шабыт,
Қуанайын сағынышымды қарсы алып.
Оят мені, қоңырау үнді бозторғай,
Тас төбемнен тал түс кезде ән салып.
Шұғылаға шомылған ақ таңдарым,
Басталмаған сапарларым, жолдарым.
Оятып ал, мені күткен істерім,
Алдымдағы ұлы мақсат, арманым.
Көтермейді көңілімді көне жыр,
Шертші, бауырым, уақыт күйін, кәне, бір?
Ырғағыңмен жан-дүниемді сілкілеп,
Оятып ал көп ұйқтатпай мені, өмір.
Шың басынан жанатындай бір шырақ,
Алтын құстың қанатындай күн шуақ.
Оят мені бейғам, қалың ұйқыдан,
Жыр жолдары, маза бермей шымшылап.
Береді әсер қызыл-жасыл гүл түсі,
Келе берсін сағыныштың жыл құсы.
Кенет бомба жарылысы оятпай,
Мені оятсын сәбилердің күлкісі...
Елігіп бір бұлбұл құстың үніне,
Үн қосайын табиғаттың тіліне.
Көкжиектен көкжиекті ашып бір,
Оят мені, қызыл-жасыл дүние!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жүрдім қанша сүйгенімді сездірмей

  • 0
  • 0

Жүрдім қанша сүйгенімді сездірмей,
Кездескенде лағып кетем сөз білмей.
Өмір сүрдің, мені мәңгі ыза ғып,
Жерде жатқан қурай ғұрлы көзге ілмей...

Толық

Шақырасың, бастайсың қайда мені

  • 0
  • 0

Шақырасың, бастайсың қайда мені,
Қарай берем сен барда айға әдемі.
Ұмыт болған салады ойға нені
Түнгі қырдың торғындай майда лебі.

Толық

Аңсайды құс көңілім әлде нені

  • 0
  • 0

Аңсайды құс көңілім әлде нені,
Бір сәтке тастап қашып, жан, денені.
Елегізем, бос қиял, үмітпенен,
Кеш батса, күліп тағы таң келеді.

Толық

Қарап көріңіз