Өлең, жыр, ақындар

Жағалау. Теңіз. Мұнара

  • 18.09.2021
  • 0
  • 0
  • 311
Темірханға

Қарт Каспийдің толқыны жағаны ұрып,
Әкелгендей саған да, маған үміт.
Жағалаудың болғаны қандай жақсы,
Құдіретін түсіндім жаңа біліп.
Кімге керек бұйығып, бұға берген.
Қашқан кезде шөл дала, құба белден,
Долы толқын маңдайы тасқа тиіп,
Ширатылып, ширығып шыға келген.
Табиғаттың таңқалам «өнеріне»:
Асып-тасып толған соң кемеліне,
Дүниені кетпей ме топан басып,
Тірелмесе теңіздің кемеріне.
Құдіретін жартастың көрмек болып,
Соқты толқын қанатын сермеп келіп.
Ащы терге айналып теңіз дәмі,
Содан ба екен кеткені кермектеніп.
Қоймайды екен арқаның қозбасына,
Қоймайды екен қолыңды созбасыңа.
Күмбір қағып кеудеңе келген өлең
Қоймайды екен шалқытып жазбасыңа.
Қайран Каспий!
Қойны ашық, қолтығы кең.
Бір сыр ұқтым ғажайып сол күні мен.
Не болғаның шектесең сезіміңді,
Теңіз шіркін текті екен толқынымен.
Сені көрген данышпан, дана кілең
Қасиетіңді жалғайды жан отымен.
Сабасына түседі долы теңіз,
Жағалауды сабалап қанатымен.
Содан кейін батады рахатқа,
Абыройға жеткендей, ірі атаққа.
Ол да болса теңіздің ұлылығы,
Ұлылыққа құр бекер кінә тақпа!
Біздің мекен – теңіз бен құм арасы,
Нәр жинаған біз де бір гүл арасы.
Өрекпіген толқынға
Бұл жағалау –
Жеткізбейтін өмірдің мұнарасы.
Маңғыстаудың тербетіп төрі мені,
Маңғаз теңіз арудай керіледі.
...Жағасында Каспийдің тұрған адам
Мұнараға шыққандай көрінеді!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сарыжайлау

  • 0
  • 0

Күйіңді шерт, кәні, Сайлау,
Күмбірлете салшы бір.
Көз алдымда сары жайлау,
Көз ұшында малшы жүр.

Толық

Алаңға шық, ағайын!

  • 0
  • 0

Көшеде,
Тар қуыста – қалтарыста
Тақаспа, тайталаспа, арпалыспа!
Ағайын, абыржымай Алаңға шық,

Толық

Қызғандым сені

  • 0
  • 0

Қызғандым сені –
Жанардан көшкен бау-бақтан.
Қызғандым сені –
Самалдан ескен тау жақтан.

Толық

Қарап көріңіз