Өлең, жыр, ақындар

Тәуелсіздігім - тұғырлым

Қазақпын, еркін, азатпын,
Ұрандап солай жар салам.
Бабаларым бұл ғажап күн,
Тәуелсіздікті аңсаған.

Шырқады бүгін әз әнін,
Қазақтың әдебиеті.
Әлемнің бұрды назарын
Ботайдың мәдениеті.

Балқытып метал шеберлер,
Үйреніп бұйым жасауды.
Ауыздық істеп өр ерлер,
Ауыздықтағын асауды.

Алматым асқақ мәрт қалам,
Әйгілі көпке атағы,
Алма деп қызын атаған,
Алманың болып отаны.

Қызғалдақ гүлдің отаны,
Бабамның жері тағы да.
Бірақта жанға батады,
Өскені шет ел бағына...

Өкшені ойлап тапсақ та,
Өкшелеп жүрміз шет елді.
Өшпейтін тарих бар шақта,
Өндірші одан бетерді.

Көрсетер барды кезіміз,
Қазақтың мынау ғасыры!
Өзіміздікін өзіміз,
Насихаттайық асылы.

Ғаламат көркі жерімнің,
Ғаламды баппен таң қылып.
Ру да ру елімнің,
Рухы жатыр жаңғырып.

Өзенің, тоғай, орманың,
Алтыннан қымбат бағалым.
Қуаныш ұлы болғаным,
Осынау Ұлы даланың.

Барлаумен жүріп әр ізін,
Нұрлы да, зарлы заманның.
Таныта білу парызым,
Тарихын ата-бабамның.

Алашым еркін азат ел,
Рухы биік қашаннан.
Тамыры терең таза төл,
Тарихы тасқа қашалған.

Азаттық беріп тәлімін,
Өрлесе бүгін төріме.
Тартуы шығар Тәңірдің,
Тәубешіл менің еліме.

Туған жер бесік тербеткен,
Аралап жердің кең төсін.
Елбасым ерен еңбекпен,
Тіктеді елдің еңсесін.

Тәуелсіздігім тұғырлым,
Таңымның кірген шырайы.
Күрмеуде болған тілімнің,
Естілсін үні ұдайы.

Жаңылмай ұлттық дәстүрден,
Дәріптей біліп өсейік.
Таласа жүріп тасқынмен,
Тамаша ғұмыр кешейік.

Бейбіт күн кетпей төріңнен,
Алланың нұры төгіліп,
Кеңпейіл елім көгіңнен,
Көк туың тұрсын көрініп.

Ақындар рухпен жырлаған,
Аралап ғажап тұстарын.
Жаңғырсын даңқты дүр далам,
Жасасын Қазақстаным!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз