Өлең, жыр, ақындар

Түс. Мәңгілікті іздеу

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 253
(Толғау)

Қара жолда мәңгілікті ойладым,
Қара түнде сұлулықты тойладым.
Дәл осы сәт,
ұмытқым кеп барлығын,
Тыңдамастан тірі пенде жарлығын.
Қарамастан жаңбырлы түн,
қарлы күн,
Ойламастан бұл дүниенің тарлығын.
Тойлап жатсам,
себебі жоқ бір тойды,
Бір суық ой қақ шекемнен бір қойды.
Қарға ұшты,
қара ағаштан қарқ етіп,
Көзім алды дөңгеленді жарқ етіп.
Иектеді жетегіне ап қанша мұң,
О, бұл оймен арпалысып шаршадым.
Аттанғанда уайымдарға беріліп,
Жеткізбеді жазира бел керіліп.
Қара жолдар көкжиекпен астасқан,
Тұңғиыққа сіңіп кетті, қашты аспан.
Уақыт қашты
бұрылмастан тоспастан,
Бір бойжеткен баяғыда қоштасқан.
Түсіме еніп
қол бұлғайды алыстан,
Қоңырбұлақ, жусанды бел, таныс маң.
Көкжиекті меңзегендей ғарыштан,
Марқұм анам қарап тұрды алыстан.
Сағыныштан сорғалады көз жасым,
Не дейді екен бұ дүниеден озғасын.
Не дейді екен,
не дейді екен жарықтық,
Парықсызбен өмір бойы алыстық,
Не меңзеді,
аян беріп жүр ме екен,
Әлде маған ырза болмай тұр ме екен.
Мейлі менің қайғымды кеп қозғасын,
Селт етпейтін болып алғам өз басым.
Баяғыдай,
бұ дүниеден озбаған,
Бошалаған бозінген кеп боздаған.
Іште қалған,
сездірмеген шерлерім,
Анамменен атпен өткен жерлерім.
Бар мұңымды оятасың сен менің,
Мұндай сұлу алқап бұрын көрмедім,
Баяғыдай бала екенмін ойнаған,
Періште екем торғайды да соймаған.
Ана белде
қозы бағам,
қой бағам,
Алыстарға қарап тұрып ойланам.
Қозы-лағы құлдыраңдап ойнаған,
Жер тістелеп жүрмейді отар тоймаған.
Босағаға қара саулық төлдеген,
Табын құлар шаң көтеріп шөлдеген.
Көз ұшында көрші қыз
ақ лақтай,
Бірге жүрген ешқашан да жылатпай.
Қылт ете ғап
қалатұғын ұнатпай,
Ал күлкісі сылдыраған бұлақтай.
Жатқан сәтім
өткен шаққа тояттай,
Қоя тұршы тәтті ұйқымнан оятпай.
Сәби кезім маңдайыма сыймаған,
Түсімде де бір бақытты қимаған.
Адамдар-ай,
адамдар-ай,
адамдар,
Өзгермейсің өзгергенмен замандар.
Бір-біріне жасағанмен қадамдар,
Аямайды бірін-бірі адамдар.
Аспаннан бір жатқандайын жай атып,
Қарашы иттің жібергенін оятып.
«Түс көрдің бе», – деп қалжыңмен қағытты,
Сәл ғана сәт болған едім бақытты.
Дүниенің жамандығын таятып,
Жібердің ғой бекер мені оятып.
Қайта айналып келіп жетті жаңғырық,
Қайда кетті, қайда әлгі мәңгілік.
Мәңгілікті іздеп шыққам ауылдан,
Аулақ анау бітпейтұғын дауыңнан.
Жер бетінде
осылайша қаңғырдым,
Өткен күндер жадымда сан жаңғырдың.
Сыртым күліп
тұрғанменен жаныңда,
Арпалыстар жүріп жатты қанымда.
Жеңем деген жетіп келіп нала-мұң,
Нала-мұңға жоғарыдан қарадым.
Қарадым да жүріп кеттім қарағым,
Құшақтап ол қала берді арағын.
Кете бардым
гүлін кешіп даланың,
Қайтқан қаздан естісемде жаралы үн.
Арт жағыма қарайламай барамын,
Рас кейде абайламай қаламын.
Ессіз сүйдім
Есениндей айыбым,
Мұхитқа кеп салдым дала қайығын.
Оң жағымда қала берді Жайығым,
Кешіре гөр болса егер айыбым.
Тұрған кезде лүпіл қағып жүрегім,
Қара жолдың қысқармауын тіледім.
Мәңгілік деп
келе жаттым қаңғырып,
Шығыс жақтан көтерілді таң күліп.
Бітпейтұғын
неткен ұзақ жол еді,
Жайқалып тұр, алма бағы, терегі.
Айтшы маған осы ма еді керегі,
Төңірегім тамылжыған ел еді.
Тастақтыда байқай салғым келеді,
Әлдекімге айқай салғым келеді.
Сағыныштан тұр өзегім өртеніп,
Кеткен жандар түсіме енді ерте өліп.
Алып кеттім
қоңыр елдің қайғысын,
Жұбаныш қып қоңыр жырдың ойлысын.
Жаныңызға ерген болса жетесіз,
Ол биікке жете алмай-ақ кетесіз.
Бір қырдан соң,
тағы да бір қыр асқан,
Менің жолым мәңгілікке ұласқан.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ана бейітінде

  • 0
  • 0

Пәни мен бақиды ойлап жабырқаңдар,
Пендеде мұрсат бар ма қабiр таңдар.
Бабайқорған мүлгидi ақсұр бейiт,
Жанымда әкем, сосын Садырхан бар.

Толық

Қол бұлғап қалды артымда

  • 0
  • 0

Қол бұлғап қалды артымда
бозбала кездiң аспаны,
Алыстап кеттi-ау ақырын
махаббат дәурен дастаны.

Толық

Төрт қақпалы Түркістанға тағзым

  • 0
  • 0

Аласапыран жылдарды,
басыңнан талай кешiрдiң,
Қаншама шаңды жорықты,
санадан сызып өшiрдiң.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар