Өлең, жыр, ақындар

Есептеспей есе бермес ай-күнмен

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 325
Есептеспей есе бермес ай-күнмен,
Сан сүрініп, табанымнан тайдым мен.
Сонда есіме балалығым түседі
Көктайғақта зырылдатып тай мінген.
Тайдан талай омақаса құлап ем,
Қиғылық сап, жер тепкілеп жылап ем.
Тай ғана емес, тулап жығар тағдырдың
Бар екенін сонда ұқпаппын мына мен.
Сондықтан да өзіме өзім бекем боп,
Сақтанамын құламасам екен деп.
Кім біледі, қаламын ба бел аспай,
Жүргенімде жер түбіне жетем деп?
Ойхой, өмір, бұлтарысың көп сенің,
Сараптадың, іріктедің, екшедің.
Керегемді кең жайып бір жататын
Көк шалғынды жазираны көкседім.
Бір жығылып, келемін мен бір тұрып,
Бір тасимын, қаламын бір іркіліп.
Көкірегімде гүл атады көктемім,
Жүрегімнің қызғалдағы құлпырып.
Алаңдатып ащы күдік, тәтті үміт,
Тұрам таңға тереземді қақтырып,
Тек жақсылық тілеуменен дүниеге,
Достарыма тілеуменен сәттілік.
Жанымды арман айдынына жүздіріп,
Мен іздеймін жүректерден ізгілік.
Түспесін деп пейілдерге бозқырау,
Соқпасын деп көңілдерден ызғырық.

1977



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Құлпырғанмен кең жаһан

  • 0
  • 0

Құлпырғанмен кең жаһанның жамыраған гүл бағы,
Шешілер ме түйінделген шым­шытырық жұмбағы?
Сәби ғұмыр өксігіне құлақ түрмес көк аспан,
Жұбатпаса жылағанды қара жердің құндағы.

Толық

Қайғының түбі – қара су

  • 0
  • 0

Бауырым, келдің қырыққа,
Көнбейді уақыт құрыққа.
Көңілдің құсын шарықтат,
Көзіңнің алды тұнықта.

Толық

Туған күнге тілек

  • 0
  • 0

Жастайыңнан самғап ұштың,
Заманыңмен сен жарыстың.
Қайтпас, қайсар жігері бар
Мінезіңде жолбарыстың.

Толық

Қарап көріңіз