Өлең, жыр, ақындар

Қайғының түбі – қара су

  • 03.10.2021
  • 0
  • 0
  • 307
(Бейбіт Құсанбеков інім 40 жасқа толғанда шыққан өлең болатын. Өкінішке қарай, ол ойда жоқта дүние салды да, бұл өлең жарияланбай қалған еді. «Келіннің қойнын жылытсаң да, қара жер қойнын жылытпа» деппін, неге екенін білмеймін. Кім білсін, дүние жұмбақ қой...)

Бауырым, келдің қырыққа,
Көнбейді уақыт құрыққа.
Көңілдің құсын шарықтат,
Көзіңнің алды тұнықта.
Тастағы қына қып­-қызыл,
Кеберін қаңсып ұмытпа.
Иірілген ұршық жыланды
Іргеңе жақын жуытпа.
Ұлт үшін туған үмітсің,
Кілтсің ауыр құлыпқа.
Мұнартып мұңға батасың,
Мөңіреп тері тұлыпқа.
Үңіліп босқа қайтесің,
Үрейлі шыңырау құдыққа.
Қайғының түбі – қара су,
Шөліркеп әсте құнықпа.
Сарғайса ердің санасы,
Жұбанбас жүрек жуықта.
Табылмас жанның дауасы,
Табылар сылтау сыныққа.
Тоғайдың талы қиылар,
Сырғауыл сынса сырыққа.
Мәуелеп мақсат, мұратың,
Ұлассын ұрпақ-ұрыққа.
Имандай ұйып өсіп ең,
Атадан қалған ғұрыпқа.
Исең де басты үлкенге,
Бүкпедің тізе ұлыққа.
Қасқайып, інім, тарта бер,
Ұрынбай ызғар, суыққа.
Табаның тисін майсаға,
Жамандық жұқпай жұлыққа.
Жайлауы жүздің биікте,
Бүркеген басын бұлтқа.
Жетерсің жылжып оған да,
Көлігің жүрсе ырыққа.
Тоқтамай көшсең арыға,
Итіңді жұртта ұлытпа.
Келіннің қойнын жылытсаң да,
Қара жер қойнын жылытпа!..

17.08.2002



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шопанға мадақ

  • 0
  • 0

Көзіне таңның үңілесің сен
Құланжал қырдың кенересінен.
Нұрдың уызын сіміресің сен
Алтын зерлі күн тегенесінен.

Толық

Алматым менің

  • 0
  • 0

Аңсап келіп кім өзіңе бауыр баспаған,
Сендей қала бұл әлемнен табылмас маған.
Құшағыңда арманымен табысқан жастар,
Сенде тұңғыш махаббаттың әнін бастаған.

Толық

Көңіл дауылы

  • 0
  • 0

Қарап тұр ем бір күні белге шығып,
Қаңбақтарды барады жел көшіріп.
Жел айдаған қаңбақтай кім көшпейді
Әурелесе аз күнгі пендешілік?

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар