Өлең, жыр, ақындар

Әке туралы жыр

  • 23.09.2021
  • 0
  • 0
  • 2992
(Жетім баланың аузынан)
І

От орады дала, тауды, орманды,
Бомбалардан бітпес жара – ор қалды...
Дәті бармай зобалаңды көруге,
Ұясынан Күн шығуға қорғанды.
Жер-Ананың өзегіне от түсіп,
Күйініштен күйзелді де қорланды.
Жер-Ананың шексіз-шетсіз көлемі,
Көлеміндей пейілі де кең еді.
Мейлің ақ бол, мейлің қара, сары бол,
Бар перзентін бір бесікке бөледі.
Бәріне де барын бөліп береді,
Бәрін-дағы біреуіндей көреді.
Бәрінің де маңдайынан иіскеп,
Көсегесін көгерткісі келеді...
Ұрпақтарым жетсе екен деп мұратқа,
Малындырды төсін майса құраққа.
Кенезесі кеппесін деп шөліркеп,
Көкірегін айналдырды бұлаққа.
Көтерумен бар қасірет-қайғыны,
Күңіреніп өтті сансыз ай-күні.
Адам үшін мың түлеп, мың жасарды,
Адам үшін шашылды бар байлығы.
Адам үшін Жер жасамақ мәңгілік,
Өмір-дағы тұрар дәйім жаңғырып.
Адал біреу гүлге ораған өлкені
Арам біреу жатады өртке жандырып.
Біреу жерді суғарады қандырып,
Біреу жерді жұлмалайды қан қылып.
Жер тілейді ұйысын деп тыныштық,
Жасасын деп достық пенен туыстық.
Бірақ бұзық-қаныпезерлер ұрыс қып,
Құрышын – танк, көк темірін – қылыш қып,
Тыныш жерге бермеді бір тыныштық.
Қан түкіріп талықсумен қыр жатты,
Қара шаңдар тұншықтырды гүл бақты.
Ажал жетіп, аза тұтты қалалар,
Найза ұшында кетті бесік құндақты.
Жат қолында ботадайын боздады
Алма мойын ару қыздар қымбатты,
Айдай нұрлы ақша бетін күн қақты.
Көлге айналып қасіреттің көлшігі,
Сан лапылдап соғыс өрті өршіді.
Қанішердің жүрегінде жатады
Жауыздықтың түп қазығы – төркіні.
Сұмдықтардың суыған жоқ ізі әлі,
Кім жібітер тас боп қатқан ызаны?
Жер-Ананың басылған жоқ ентігі...
Жер-Ананың құшағында жүр әлі
Қасіреттің қарашұбар жыланы.
Бақыт үшін бақұл болған ұрпағын
Жоқтағанда жер солқылдап жылады.

ІІ
Туған Отан, сені анамдай сүйемін,
Тек өзіңсің сеніп арқа сүйерім.
Басқа түгіл, сызат түссе тасыңа,
Сырқырайды менің де сай-сүйегім.
Мен ұлыңмын болашаққа жол шегер,
Сенің нұрың – бойымда бір болса өнер.
Өртенеді оттай жанып өзегім,
Гүліңе бір қара шыбын қонса егер.
Бомба осқылап туған жердің арқасын,
Жау танкісі таптағанда тау-тасын,
Отан-Ана, дүр сілкініп, атой сап,
Үмітіңді ұлдарыңа артасың.
Арқа, мейлі, ауырлықтан ауырсын,
Отан ұлы көтереді ауыр сын.
Бола алғанның болмас әсте арманы
Отанының қанатына қауырсын.

ІІІ
Қысқа күнде жүз қайталап атыңды,
Жүрегімде сақтап махаббатыңды,
Қан майданнан жазған сонау ақырғы,
Әке, сенің жаттап өстім хатыңды.
«Аман ба ауыл-аймақ, елім менің?
Аман ба тұнық көлім, қоңыр белім?
Қарттарым Алатаудай, армысыңдар,
Саумысың, қол-аяғы жеңіл келін?
От түсіп ортайды ма көңілдерің,
Дірілдеп қалып еді еріндерің.
Біз барда қайғырмаңдар, қам жемеңдер,
Тұрғанда нұрын төгіп көгіңде күн.
Өсті ме жігіт болып ұлым менің,
Көрер ме ем құлдыраңдап жүгіргенін.
Ал енді көріскенше сау болыңдар,
Майданға кірер күнім бүгін менің».
Жігіт болдым көрер көзге соқталдай,
Екпінім бар қара дауыл соққандай.
Көкірегімде дамыл алмай соғып тұр,
Әке, сенің от жүрегің тоқталмай.
Тамырымда ағып тұрған – өз қаның,
Өзің болып ауыр жүкті қозғадым.
Өзің болып қуанғанда қуандым,
Өзің болып қайғырғанда боздадым.
Өзің болып таттым өмір дәм-тұзын,
Өзің болып есейдім мен – боздағың.
Қайыстырған қайғы-мұңнан босаған,
Қайта тұрған шаңырағың, босағаң.
Тек есіне ап, ойға батып отырар
Бір кездегі құрбы-құрдас, дос адам.
Гүл қоймайды ешкім сенің басыңа,
Бұйырған жоқ саған мәрмәр тасы да.
Отқа өртеніп ұштың ба әлде күл болып,
Қалдың ба әлде топырақ пен құм көміп –
Мүрдеңнің де қайда екені белгісіз,
Ешкім тауып бара алмайды қасыңа...
Әке, сені түс тоқтатып көрмедім,
Томпаң қағып соңыңнан бір ермедім.
Сәби иісім сіңбей қалды бойыңа,
Бесігімді бес-ақ ай сен тербедің.
Кете бардың сүйдің-дағы соңғы рет,
Қала бердім құшағың боп жөргегім.
Бесігімде мен жатқанда мөлдіреп,
Қия алмастан көп қарадың елжіреп.
Жасықтардай жас төкпедің бірақ та,
Уыздайын езілсе де ер жүрек.
Тас түйін боп ата жауға аттандың,
Отан отқа түскен шақта, ел жүдеп.
Қаһар тігіп, сыймастай боп теріңе,
Кеттің солай қанды майдан төріне.
Сұм жауыздың етек-жеңін жиғызбай,
Кіргізбекке өз үйінде көріне.
Өрім талдан өзің иген ақ бесік,
Ақ бесікте аяулы ұлың жатты өсіп.
«Қан майданда кетті, – деген, – хабарсыз...»
Қара қағаз көп кешікпей қақты есік.
Бұл сұмдықты есім кіре ұғындым,
Ұғындым да мен сүріне жығылдым.
Суық үйде суық сорып бүрісіп,
Анашымның бауырына тығылдым.
Уайым удай ауыр тиер балаға,
Жаутаңдадым жабырқаған анама.
Сумаңдаған суық қолы соғыстың
Менің-дағы жармасты кеп жағама.
Тірлік маған түйір нан боп көрінді
Қамалғанда өксік пенен налаға.
Ауыр күндер көздің жасын бұлаған,
Салмағынан бір тұрып, бір құлағам.
Қарғадай боп қондым өгіз үстіне,
Қатпай жатып қабырғам мен бұғанам.
Бейнетпенен беттесіп ем бесікте,
Азап болып елестеді бұ ғалам.
Нәлет айттым налып тұрып соғысқа,
Жарылардай ашу менен ызадан.
Мазасыз мұң көкірегімді тіреген
Шақтарда мен тастай қатып түнерем.
Соғыс зәрі осқылады арқамды,
Таршылықтың бишігі боп білеген.
Тергенімде таң бозынан масақты,
Жау аяғы сүрінуін тілегем.
Әке, сені жоғалтуға қимадым,
Қамығумен өзімді өзім қинадым.
Қайтсе-дағы келер-ау деп бір хабар,
Қатуландым, қайта қайрат жинадым.
Менің әкем кетпек емес жоғалып,
Түбінде бір соғар дедім оралып.
Абайсызда мерт болса егер айқаста,
Жастанды ғой жастығын да мол алып.
Құшағыңда жатқандай-ақ иіскеуші ем
Терің сіңген ескі тонға оранып.
Ұйықтағанда қилы-қилы түс көріп,
Көкірегімді бір ғаламат күш керіп,
Оқ атамын, қылыштасып жатамын,
Жауға қарсы жүгіремін тістеніп.
Әке, сонда сен алдымнан шығасың,
Қалың жауға қаһар төгіп тұрасың.
Фашист сені қамалайды бөрідей,
Жалғыз өзің бәрін жайпап қырасың.
Адамдарды бұйым көрмей қылғыған,
Танкі бейне тажал дерсің жылжыған.
Ал сен болсаң қаймықпайсың қас қағып,
Арбаса да ажал деген сұр жылан.
Қара тастар көктен төмен саудырап,
Саған қарай келе жатар тау құлап.
Бомба деген бәле осы ма деп қалам,
Қорықпайсың әсте сасып-абдырап.
Тау төнеді тас төбеңнен бүтіндей,
Шошынамын есім шығып түсінбей.
Иығыңмен дереу тірей қаласың,
Бомбалардың бірін жерге түсірмей.
Дүниені дүр еткізген жаңағы
Ерлігіңе ел сүйсіне қарады.
Әлдекімдер қошеметтеп қолыңды ап,
Омырауыңа Алтын жұлдыз қадады.
Ұлымын деп аты әйгілі батырдың,
Айналама жар шақырып жатырмын.
Біздің үйде ұлан-асыр той болып,
Бәрі түгел келіпті алыс-жақынның...
Ояна сап екі көзім төрт болып,
Жұдырықтай жүрегіме дерт толып,
Әке, өзіңді іздедім мен өңімнен,
Тәтті түсім табан асты мерт болып.
Ойыма алсам түнде көрген түсімді,
Түсім сұмдық соғысты еске түсірді.
Көзім жайнап, қаным қайнап, кектене
Ызаландым жауға қайрап тісімді.
Сыбағасын тартты жомарт жыл алдан,
Әке, өзіңді көру болды бір арман.
Сені біреу кетті десе хабарсыз,
Намыстанып болдым талай жыларман.
Әке, сенің қалды ма деп іздерің,
Батқан күн мен атқан таңнан іздедім.
Жеңіс күні келер дедім жарқ етіп,
Қуаныштан күдерімді үзбедім.
Сен келмедің, келмей қойды хатың да,
(Мүмкін жолда кешеуілдеп жатыр ма?..)
Жоғалуың мүмкін емес, жан әке,
Қалай ғана сыяды бұл ақылға?!
Қасіреттің қара туы жыртылып,
Қасиеттің жанарына нұр тұнып,
Жеңіс келді!
Қайтты әкелер майданнан,
Біз жүгірдік бір жығылып, бір тұрып.
Қуанбаған жоқ қой, сірә, жан бұған,
Құстай ұштым қайтқан әскер алдынан.
Сендім әкем келе жатқан шығар деп,
Ғайып болып бар күдік пен бар күмән.
Қайыспаған қаһарлы күн кәріне,
Қуанышқа бөленді жас, кәрі де.
Жаутаңдадым өзің емес пе екен деп,
Сұр шинельді жауынгердің бәріне.
Бірақ ешкім өзің болып шықпады,
Кірпігіме тізілді мұң шықтары.
Қатты батты құйттай ғана жаныма
Анашымның көзден жасын сыққаны.
Әкелері оралғандар мәз-мейрам,
Біздің басқа келсін ондай жаз қайдан.
Елестедің көз алдыма, әке, сен,
Елестеді қызыл қырғын қан майдан.

ІV
Түндер мені батырды ауыр мұңға көп,
Күндер мені шақырды «Әкең мұнда!» деп.
Әке, сені «Әліппеден» іздедім,
Әріптерге жасырынып тұр ма деп.
Бұлтаң қағып бас білмейтін қаламым,
Басталғанда болашаққа қадамым,
Алғаш жаздым «Әке» деген сөзді мен,
Әке – ұлды қатар көріп жанарым.
Соғыс жайлы сөз қозғаса мұғалім,
Елден бұрын елеңдеді құлағым.
Бірақ, әке, естілмеді есімің,
Намыстанып оңашада жыладым.
Көзім сатып мылқау қабырғаларға,
Әке, сенің дерегіңді сұрадым.
Соғыс зілі кімді иықтан баспады,
Еске алады егілумен жас-кәрі.
Әкесінің ерліктерін жыр қылды
Қосылғанда балалардың бастары:
– Менің әкем жаудың туын таптаған!..
– Орден бар ма менің әкем тақпаған!..
– Менің әкем танкист болған, дүр болған!..
– Бауыржанмен менің әкем бір болған!...
– Білер менің әкемді бар ел біткен!..
– Менің әкем қаза тапқан ерлікпен!..
– Менің әкем самолетпен шайқаған!..
– Менің әкем жауды шөптей жайпаған!.. –
Деп қуаныш қойнына олар сыймайды,
Мен оларға өзің жайлы не айта алам?!
Осы мені, осы мені қинайды!..
Газеттердің, журналдардың бетінен,
Әке, сені көруге үміт етіп ем.
Онан-дағы қайтты менің меселім,
Кинодан да таба алмадым, өкінем!..
«Бер, дүние, жан әкемнен бір хабар,
Жылап тұрып, жылап тұрып өтінем!» –
Деп жасадым әрбір күнге құлшыныс,
Қырсыққандай болмай қойды бір сыбыс.
Тіл қатпады батыс пенен күншығыс,
Тіл қатпады, бүкіл дүние тым-тырыс.
Құлақ түрдім соққан самал желге де,
Көзім тіктім қасқа жолды белге де.
Жатырмысың топырақтың астында,
Хабарыңды бермей қойдың сен неге?
Қарай қалсам төрде тұрған бейнеңе,
Сыймастай боп сенделемін бөлмеге.
Өтер уақыт сөгіп жылдар көбесін,
Тірі болсаң қызығыңды көресің.
Алға қарай қозғалады адамдар,
Өлшеуменен өткен өмір өресін.
Мейрамдарда, митингіде шешіле
Сөйлеп біреу айтар ма деп атыңды,
Мойным создым үзілердей өңешім.
Құрбыларың айтушы еді үнемі:
– Қалың жаудан сескенбейтін жүрегі,
Күші жойқын, әлуетті білегі,
Жайсаң еді, жомарт еді, ірі еді.
Ауылымыздың мақтанышы боларлық,
Маңдайалды жігіттердің бірі еді.
Шебер еді, шөгел еді еңбекке,
Иығынан түспейтұғын күрегі.
Елім деген еңіреген ер еді,
Амал қанша, болмай кетті дерегі!..
Кең кеудеңді көрік қылып өр демің,
Әке, сен де бастың өмір өрлерін.
Ұмытылып қалған шығар байқамай,
Әлде артыңнан келер дедім орденің.
Өртке кетіп үмітімнің орманы,
Көп күттіріп, келмей қойды ол-дағы.
Жатты алдымда қилы-қилы тағдырлар,
Жатты алдымда өзекті өмір жолдары.
Ел аузында аңыз болып жүрерлік,
Тым болмаса жасамастан бір ерлік,
Жоғалды-ау деп белгісіз боп із-тозы,
Әке, саған жүрдім іштей ренжіп...

V
Кешір, әке!
Екен оным қателік.
Сен өтепсің парызыңды әкелік.
Өміріңді айырбастап Жеңіске,
Мерт болыпсың маған бақыт әперіп.
Шайқалмайтын сен бір биік шынарсың,
Елің барда белден қалай сынарсың?
Алаулаған мәңгілік от басында,
Сол Белгісіз батыр өзің шығарсың.
Тік ұстаумен, нық ұстаумен денемді,
Рухыңа бас иемін мен енді.
Өзіңе арнап ең аяулы әнімді,
Өзіңе арнап жазам отты өлеңді.
Сен – жырлары жазылмаған ақынсың,
Сен – жұлдызы тағылмаған батырсың.
Көтерісіп, бәлкім, дүние бейнетін,
Бауырластар бейітінде жатырсың!
Батырдың да жауыздықтың қарасын,
Ажыраттың бақ пен сордың арасын.
Тас тықтың да көмейіне соғыстың,
Жас денеңмен жамадың жер жарасын.
Адам жаны жеңеді екен қайғыны,
Ақырындап аяңдаумен ай-күні.
Екі қайта тудың, әке, өмірге,
Жеңіс болып Тоғызыншы май күні.
Сен келгенде көктен бақыт жауғандай,
Қуаныпты ауылда бір жан қалмай.
Жеңіс болып оралыпсың, әке, сен,
Балалықпен қалыппын ғой аңғармай.
Қатерлі күн өтті-кетті қабарған,
Қызуы мол күтер бізді жол алдан.
Ешбір жан жоқ сұрапылда жоғалған,
Бәрі-бәрі Жеңіс болып оралған!
Несіне енді қарайлаймын өкініп,
Тау-даламда бақыт жатыр бекініп.
«Қан майданда кетті, – деген, – хабарсыз...»
Сол қаралы сөздің бәрі өтірік!
Көкірегімді күңірентіп мұңлы әнім,
Бомба астында бұқпасын жас жылдарым.
Мендей болып іздемесін әкесін
Енді менің ұлдарым!..

1974



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бесік жыры

  • 0
  • 1

Адамның еске түссе есіл күні,
Есіне түседі екен бесік жыры.
Жадымнан оқта-текте шығып кетсе,
Анашым, айналайын, кешір мұны.

Толық

Атыңнан айнлайын, Ата газет!

  • 0
  • 0

Өзіңсің туған елдің көз-құлағы,
Әр үйден іздеген жан кез қылады.
Атыңнан айнлайын, Ата газет,
Тоқсан жыл тынбай аққан сөз бұлағы.

Толық

Алықұл аға

  • 0
  • 0

Алықұл аға, сөз сөйлеп тұрмын тойыңда,
Найзағай ойнап, бұлттар күркіреп ойымда.
Байтақ даладан тұйғындай ұшып жеттім мен,
Бүкіл қазақтың сәлемін артып мойынға.

Толық

Қарап көріңіз