Өлең, жыр, ақындар

Соға кетсең қайтеді?

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 368
Соға кетсең қайтеді, жарқыным-ау,
Сағыныш пен уайымның парқы бір-ау!
Немқұрайды, қатыгез қарайтындай,
Арзан ба еді өмірдің нарқы мынау?
Әр минуты тірліктің қымбат қанша,
Өмір өтер кірпікті бір қаққанша.
Табамыз ба татулық, таппаймыз ба
Көз байланып,
Қарайып күн батқанша?..
Қайғы болсам,
Шаттық боп келмейсің бе?
Қайық болсам,
Толқын боп тербейсің бе?
Толастамас нөсер боп жауар едім,
Сахара боп
Сен маған шөлдейсің бе?..
Көз жасы боп келсең-ау күрсінгенде,
Шарайнасын шаң басқан жусын кеуде.
Қуат беріп, қуантып кетсең нетті
Қалжыраған...
Қажыған құр сүлдерге.
Не өтпейді ғұмырда бастан мына,
Жүздесуден жүрегің жасқанды ма?
Бала көңіл
Соқпағы біткен жерден
Ала көңіл
Сүрлеуі басталды ма?..
Соға кетсең қайтеді, жарқыным-ау,
Сағыныш пен уайымның парқы бір-ау.
Немқұрайды, қатыгез қарайтындай,
Арзан ба еді өмірдің нарқы мынау?!.

1980



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жәркенге

  • 0
  • 0

Жазбасаң бұл өлеңді аш қалардай,
Уа, Жәке, жүгірмейсің басқалардай.
Сарқыты жыраулардың жалғыз өзің,
Әр сөзің алынбайтын тас қамалдай.

Толық

Көкпар

  • 0
  • 0

Кім береді тізгінді ақылына,
Дода көрсе төнеді атын ұра.
Қалың топты қақ жарып, ойхой, шіркін,
Серке санын басады ол тақымына.

Толық

Тойған торай есінесе...

  • 0
  • 0

Қара судан қаймақ алып, қамын ойлап құрсақтың,
Күннен­күнге асып түсті бір сатқыннан бір сатқын.
Сауысқандай жан­жағыма жалтақтаймын – тым сақпын,
Күштілерге – дәрменсізбін, тістілерге – жұмсақпын.

Толық

Қарап көріңіз