Өлең, жыр, ақындар

Таңғы толғаныс

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 512
Таңда мені тербейді арман,
Ой көзінен от өріп.
Жүргендеймін сөнбей қалған
Түн жұлдызын көтеріп.
Қалтарысқа төксем бе екен
Жұлдызымның жарығын?!
Түнге беріп кетсем бе екен
Жанымның бар жалынын?!
Қақшы тағы, таң қанаты,
Көкірегіме күй бітсін.
Аласұрған арман аты
Арындап бір құйғытсын.
Жүрегіммен жыр қайнатып,
Отырып ем түнімен.
Таң келеді!
Сырнайлатып,
Әнші құстар үнімен.
Аспан асты сарғаяды,
Өзгермейтін салтымен.
Таң келеді!
Сол баяғы
Сүттей таза қалпымен.
Балқытқандай жан денені,
Маужырайды бар маңай.
Еске салып әлденені,
Тербетеді таңғы арай.
Өшіре алман көңіл өртін,
Несін енді сыр бүгем?
Қайда күнім емін-еркін,
Таң нұрына сүңгіген?!
Таңдар атар,
Нұр жалатар,
Күн артынан күн келер.
Өмір өтер...
Мұңға батар
Кешегі ойнап-күлген ер.
Көңілім көкке құлаш ұрсын,
Қарай ма өмір бір маған?!
Асау жүрек, жуасырсың,
Тізгін бермей тулаған.
Аулақ менен, мұң самалы,
Аймалама жанымды.
Жан айнасын кір шалады,
Салқындатсаң қанымды.
Уақыт құсы алтын қанат,
Самғайды өмір әнін сап.
Таң келеді!
Жарқын қабақ,
Таңдай менің жаным шат.
Ақ торғындай таң келеді,
Жер оянды жадырап.
Өмір-терек сәнденеді,
Жапырағы жамырап.
Қарсы ап, бәлкім, алғаш таңын,
Келді өмірге бүлдіршін,
...Қимай соңғы таңғы аспанын,
Кетті біреу, кім білсін?..
Таң келеді шұғылалы,
Дүние тұр құлшынып.
Шұғыладай құбылады
Алма-кезек тіршілік...
Ағарды аспан түн түріле,
Мөлдірейді таң шығы.
Тұрдым іліп кірпігіме
Таң шығындай тамшыны...

1980



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әке туралы жыр

  • 0
  • 0

От орады дала, тауды, орманды,
Бомбалардан бітпес жара – ор қалды...
Дәті бармай зобалаңды көруге,
Ұясынан Күн шығуға қорғанды.

Толық

Абай

  • 0
  • 0

Абай жалғыз қазақта, Абай дара,
Сөз бастаймын Абайсыз деп ойлама.
Ұмытсаң да шыққан күн, туған айды,
Ұмытасың Абайды қалай ғана?!

Толық

Марғасқа

  • 0
  • 0

Әлемнің оймен кезіп шартарабын,
Әрқашан ауыр жүкті арқаладың.
Өшірмей Әбіш атың намыс отын,
Жұртыңды жүрегіңмен қалқаладың

Толық

Қарап көріңіз