Өлең, жыр, ақындар

Жазылмаған жырмен тілдесу

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 297
Қалтарыста сөздердің басы бұғып,
Жазылмаған жыр, тұрсың жасырынып.
Жасырынып қайтесің, жарқыным-ау,
Нөсеріңді төксеңші, жасын ұрып.
Ұяңсың ба,
Болмаса қиялсың ба?
Қиял десем, көңілге сыярсың ба?
Қымбатыңды, періштем, қиярсың ба,
Келіп нәзік сәулеңді құярсың ба?
Жатырсың ба ашылмас сыр түбінде,
Отырсың ба гүлдердің бүршігінде?
Мөлдіреген тамшының бірі болып,
Тұрсың ба әлде ілініп кірпігімде?
Қайда болсаң онда бол, ашыққа шық,
Жіберсеңші нұрыңды шашып-шашып.
Жан емеспін жаралған бал ашуға,
Ақынмын ғой, алайын тасып-тасып.
Кеткендей бір кенеттен көл төгіліп,
Таудай-таудай толқындар төңкеріліп,
Теңіз көшіп өтсе екен көз алдымнан,
Ақ айдынға айналам көмкеріліп.
Сонан кейін не болсам о болайын,
Толқыныңмен бірге аунап жоғалайын.
Ең болмаса тұрармын өсіп шығып
Қара суға үңілген қоғадайын.
Жазылмаған жұмбақ жыр, келші бері,
Сенде барлық ойымның еншілері.
Тереземді түндерде жиірек ұр,
Жүрегімнің құпия көршілері!..

1981



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қиял

  • 0
  • 0

Шытынап бара жатыр басым неге?
Білемін –
Шаршадың сен, асыл неме.
Өзгеріп секундқа ай мен жылдар,

Толық

Тастаймын алыстарға көз қиығын

  • 0
  • 0

Тастаймын алыстарға көз қиығын,
Менің де қол жетпестей өз биігім.
Көңілдің ақ көбік қып көк дөненін,
Үміттің келем қуып жезкиігін.

Толық

Не көрсең де...

  • 0
  • 0

Жалғыз жүріп мұратқа жетер дейсің кім жеке,
Не көрсең де көппенен бірге көрдің, Мырзеке!
Самғап ұшып халқыңа қызмет еткен шығарсың,
Сыртыңыздан біреулер күңкілдесе, күндесе.

Толық

Қарап көріңіз