Өлең, жыр, ақындар

Тау жыры

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 451
Тауым, мені құпияңмен жолықтыр,
Мен ұқпаған өмір сырын сен ұқтыр.
Көкірекке құстың үні толып бір,
Құшағыңа сүңгіп кеткім келіп тұр.
Жайлауыңмен едім жастай сырлас ұл,
Жас құлындай салушы едім жылда асыр.
Аңғал-саңғал аңғарыңа кіргенде,
Шегінгендей сезінемін бір ғасыр.
Көңілімді ете бермей босқа алаң,
Қызығыңды тағы да бір тос маған.
Төсіңдегі мөлдіреген көлдерің –
Алып шыңдар қолындағы тостаған.
Асқарыңнан жұлдыз құлап, ай аунап,
Керуен-керуен бұлт көшеді баяулап.
Шоқы тастар мелшиеді, аты өліп,
Тас түнерген батырлардай жаяу қап.
Кереметің таусылар ма тойласам,
Оралады оқиғалар ойға сан.
Қоймасына кіргендеймін аңыздың,
Қатпар-қатпар қойнауыңа бойласам.
Шыға алам ба сай-салаңды айналып,
Тұра алам ба ғажабыңа байланып?
Жүре берсем сезінемін өзім де
Кететіндей бір аңызға айналып.
Өрге шығар, кенереңді қиялат,
Көкірегіме қыран ойды ұялат.
Күй келгенше ара түсіп көрейін,
Бұл өмірде аз дейсің бе қиянат.
Тауым, мені тамашалат, еркіндет,
Жас күнімдей жүгірейін желпілдеп.
Алматыма оралайын құлпырып,
Қайтқан қыздай біраз уақыт төркіндеп.

1984



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Алланың жүзі ғана

  • 0
  • 0

Пенденің қарекеті тұрмыстағы –
Аумаған тасбақаның тырмысқаны.
Алдыңда дайын тұрар қайда барсаң,
Терінің сен илейтін бір пұшпағы.

Толық

Төлегетай

  • 0
  • 0

Киелі қара өлеңнің шөмішімен,
Сапырып сөздің майын көп ішіп ем.
Көненің ізін шалып қайтайын бір,
Қызыл тіл жаңылмаса желісінен.

Толық

Айдын көлім, айтсайшы...

  • 0
  • 0

Айдын көлім, жел желпіген ақ жібектей ару көлім,
Толқыныңды толқын болып сүюші еді жаным менің.
Естен кетпес шаттығыңа шақырғандай бетің шалқып,
Менің аппақ аяулымдай жатырсың сәл езу тартып.

Толық

Қарап көріңіз