Өлең, жыр, ақындар

Ақтоғай

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 443
Ақтоғай, атың қандай әдемі еді,
Деуші еді жыр бесігі, ән әлемі.
Өзімнен бұрын жетіп құс-көңілім,
Аялы аспаныңда әуеледі.
Ұл-қызың жырға қосты мақтап талай,
Мен кетем ол дәстүрден аттап қалай?
Алдымнан шыға ма деп аңсап келдім
Ақ сүтке малынған бір аппақ тоғай.
Өнердің туын мұнда тік ұстамай,
Бола ма кеуде кере тыныстамай?
Тұр ма деп ай нұрымен шағылысып,
Мен сені іздеп келдім, күміс тоғай.
Жолымды келдім саған жақсы ырым ғып,
Бір бұлақ көкірегімнен ақты жылжып.
Ақтоғай – аппақ отау, ақ махаббат,
Ақ торғын, үлбіреген ақ шымылдық.
Ән-күйден, өлең-жырдан салған сарай,
Бола ма сенде туған жанды аңсамай?
Жарқ етіп Әсет шыға келетіндей
Көрінді құшағыңнан, арман тоғай.
Толқыды, тебіренді жаным ерен,
Өмірің қызықтырды сәніменен.
Сенбісің, сайрап тұрған бұлбұл тоғай,
Күләштің, Манарбектің әніменен?
Ақтоғай, жер атысың, ән атысың,
Арқаның салтанаты, санатысың.
Самсаған сансыз аққу қанатындай,
Ақтоғай, алып қырдың қанатысың.
Сый тартам өлеңімнен өзге қандай,
Көп тұрдым тауларыңнан көзді ала алмай.
Ақтоғай, ақ жаулықты анам болып,
Бауырыңа бастың мені өз балаңдай.
Жүргендей үмітіңді кілең ақтап,
Төріңе шыға келдім бір-ақ аттап.
Ақтоғай,
Ақ тоғайы екенсің-ау
Жандардың көңілі аппақ, жүрегі аппақ!

1986



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Отан

  • 0
  • 0

Сүйем асау өзеніңнің ағысын,
Сүйем асқар тауларыңның тағысын.
Алпыс екі тамырымда тулаған,
Отан, өзің жүрегімнің қанысың!

Толық

Ойға батып...

  • 0
  • 0

Білем де тірліктің бір тоқырарын,
Опынып ойға батып отырамын;
Қойылар қандай күйде құлпытасым,
Бұйырар қай қиырдан топырағым?

Толық

Шіріген гильза сыр айтар

  • 0
  • 0

Сұмдық бар қанша мұңайтар
Соғыстан қалған гильзада.
Шіріген гильза сыр айтар
Қаралы күннен зілзала.

Толық

Қарап көріңіз