Өлең, жыр, ақындар

Жолбарыстың жүніндей

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 369
Қайсы арманның түбіне ғұмыр жеткен,
Артта қалды күндерім дүбірлеткен.
Күреңдеймін, байқасам, көп шабылып,
Қырқа­жонды, бел­белес, күдірді өткен,
Ауыздыққа езуін тілімдеткен.
Бәрін көзден өткердім жолдағының,
Жалт бұрылған сүрлеулер алдады мың.
Осып түскен қамшыдан шұбар ала,
Жолбарыстың жүніндей жон, бауырым.
Өрмекшідей жанымды торлады мұң.
Өтемін деп тар соқпақ, тар көпірден,
Тасқа тиіп тұяғым сан кетілген.
Өзгелердей опық жеп,
Мен де өкінгем,
Сарқ­сұрқ қайнап кеудемде зар көпірген.
Зілдей батып үн шықса сәл зекірген.
Жараланып жүрегім болмашыдан,
Сыңайы бар запы боп көп жасыған.
Күдірейген жалымды қамыт қиды,
Босай алмай тұрмыстың арбасынан.
Арқам жауыр екені және де аян,
Жаба тоқып несіне мен жасырам?
Жасырғанмен мықшитып ер батады,
Иығыма салғандай кер жотаны.
Ұлытауды он қайта айналғандай,
Сауырыма сауыс боп тер қатады.
Қатқан тердің астында сор жатады.
Сондықтан да сыр беріп, бүлк етпеймін,
Жолға түсіп желемін, бүлкектеймін.
Жуас көріп желкеме үйір болма,
Шамдандырсаң шалт кетер үркектеймін.
Құйын қалбаң етсе де күлтөбеден,
Секем алсам атқақтап үрке берем.
Жаны күңгірт пендені жолатпаймын,
Жын көргендей бет­жүзін бүркелеген.
Бұған қарап, тойынған деме, достым,
Шолақ арқан, тар тұсау, өреде өстім.
Пышақ сырты жал бітсе селтең қағып,
Жанға торсық байлатпас мен емеспін.
Менен зардап шеккен жоқ және де ешкім.
Түсінгейсің жанымды жете менің,
Сері көңіл сыралғы сетер едім.
Адалдықпен арқама жүгіңді артып,
Шоқтығыма шықсаң да көтеремін.
Жусан болсаң егер де, бетегемін...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Құсым-ау!..

  • 0
  • 0

Қайдасың, шабыт құсым, келші бері!
Көңілім көптен неге көншімеді?
Жел қуған жапырақтай быж-тыж болып,
Ойларым бет-бетімен тентіреді.

Толық

Ағаны жоқтау

  • 0
  • 0

Ағатай, қалай түстің көрге мұздай?
Өмірің болды бізге енді аңыздай.
Қасқайып көшті бастап жүруші едің,
Күңіреніп көкірегің нар қобыздай.

Толық

Аңқау аю

  • 0
  • 0

Атам таңнан тұратын,
Ерттеп мініп құла атын,
Мойнына асып мылтығын,
Жаздай алмай бір тыным,

Толық

Қарап көріңіз