Өлең, жыр, ақындар

Арсалаң алдында

  • 05.10.2021
  • 0
  • 0
  • 1571
Қызымын Тастанбектің атым Сара,
Арман көп, айта берсем, көңлім нала.
Қорғалар көп ішінен бұта таппай,
Шырылдар бозторғайдай мен бір бала.
Еңіреттің ерте бастан, туған елім,
Кір жуып, кіндігімді буған менің.
Кең жатқан Садыр, Матай елдерінен,
Бір теңім болмады ма ұлдан менің.
Жеткізіп сабырлықпен ұстап бақпай,
Бəйгеде топқа қосып, тұмар тақпай.
Желкемді көктейінен қидыңдар да,
Бөріге байлап бердің жетім лақтай.
Несіне жасырамын, елім сенен,
Еріксіз бір жетіммін дертім терең.
Адамдай құтыла алмас, қорлық беріп,
Көрдіңдер қанша жазық, жапа менен.
Немді айтам, басымдағы мұңымды айтпай,
Сатылған бір жемтікке құнымды айтпай.
Қаны бір қарындаспын, Арнай аға,
Қарқ қылып қажы берген пұлымды айтпай.
Елімнің биі де бар Телібайдай,
Бергеннің біреуі сол мені байлай.
Бəрі де қажы аулының қамын істеп,
Жабысад терідегі шелі майдай.
Елімде батыр да бар Мүсəпірдей,
Жүрген жоқ жағдайымды көрмей, білмей,
Алдында Тұрысбектің құрдай болып,
Жорғалайд жақсылардың бəрі бірдей.
Мұңымды əнмен айтам жылай алмай,
Қайғыға жастай көрген шыдай алмай.
Өшетін көрінбейді қасірет оты,
Қоржиған Жиенқұлды Құдай алмай.
Бүйтермем болсам егер баласы бай,
Тұрса егер əкем тірі, төрт жағым сай.
Бұлаңдап асау кердей жүрген басым,
Тоқтыдай борышқа кеттім, уа дариғай!
Мүсəпір күнде алатын елден шауып,
Мен үшін бере алмай ма бір ат тауып?!
Неткенің осыншама, Арнай ағай,
Қоя алмай бір тентектің ісін жауып.
Секілді айтпасам дерт арылмайтын,
Жүрек мұз, жаудан қорқып жарылмайтын.
Ағайын Жайсаңбекке жаны ашыса,
Жөн бар ма ед бір тайынша табылмайтын.
Таусылмас сөйлей берсем айтар сөзім,
Сүйенген қызыл тілге шын сорлы өзім.
Шырылдап шынжырлаған жас күшіктей,
Төрт болар құлға барсам екі көзім.
Өлшеу жоқ қиялымның өрісіне,
Шыдаймын, шығармаймын көбісіне.
Айттырған күйеуіңіз, Арнай аға-ау,
Сыйғандай бір тоқтының терісіне.
Сөйлетті елім мені ұлға балап,
Сатпаймын əнімді мен бұлдамалап.
Мұңымды сендерге айтпай, кімге айтайын,
Қоржиған өл демесең Құлға қарап.
«Ақ бата», «Ақ қой қаны» деген атақ,
Әрқашан көлденеңдеп алдап жатад.
Дегенде-ақ: «Құдай», «Құран» құл боласың,
Қайсыңнан бұл қамалға қолың батад?!
Қор болып дінге уланған ел жүрегі,
«Бұйрыққа ылаж бар ма?» деп жүреді.
Көзсіз ел, көргенсізге жем болғанша,
Суға ағып бір күн өлгім кеп жүреді...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қош бол, елім!

  • 0
  • 0

Жүргенде бір шапандық олжа сынды,
Ел-жұртым көрген еді көз жасымды.
Қанды көз қарақұстың тырнағынан,
Босатып зорға алып ем өз басымды.

Толық

Сара мен Құдайберген

  • 0
  • 0

Келін боп бұл ауылға Сара келді,
Қолына домбырасын ала келді.
Төлімен Тасыбайды көбейтсем деп,
Ішіне бір баласын сала келді.

Толық

Ортақ мұң

  • 0
  • 0

Ортақ мұң əркімнің-ақ ойын тербеп,
Азаттық жыры айтылса-ақ арман кернеп.
Намысы əр əйелдің түрткілейді,
«Сараны сайратуға жəрдем бер» деп.

Толық

Қарап көріңіз