Өлең, жыр, ақындар

Әке жұртында

  • 07.10.2021
  • 0
  • 0
  • 457
«Іліндім құрығына кәріліктің,
Барады еті қашып кәрі жіліктің.
Шарлаған қазақ жерін қайран басым,
Түбіне түсерсің­ау құр құдықтың,
Түбіне түскеннен соң құр құдықтың,
Құнына татымассың бір шыбықтың».
Ақындай қызыл тілмен сөз күреген,
Әкетай, осылай деп жаздың өлең.
Жылдардың жүгі жаншып езгілеген,
Осы екен есіл ғұмыр тозды деген.
Жамырап қонған қоныс, жүрген жерің,
Жас буды жанарымды бірден менің.
Жалғанда жоқтығыңды шын сезініп,
Секілді тоңған торғай дірдеңдедім.
Ажалға амал бар ма – хақтың ісі,
Тірліктің сөгілмейтін жоқ тігісі.
Қарадым қыр басына қайта-қайта,
Көрінген өзің бе деп атты кісі.
Жол түсіп келген сайын Сартауқұмға,
Елесің салар мені сарсаң мұңға.
Қадірлі қонағыңдай күтіп алып,
Күлімдеп тұрушы едің қарсы алдымда.
Сөзіңнен санадағы өмір маздап,
Өткеннің отырушы ең бәрін қозғап.
Тиянақ таппай тұрмын кең даладан,
Зар болып көлеңкеңе жаным боздап.
Құлазып атамекен, өскен өңір,
Басынан талайлардың көшкен өмір.
Қасымнан қайта шыға қалатындай,
Іздеймін таңертең де, кешке де бір.
Әулеттің иесі едің ел құраған,
Білемін, оралмайсың енді маған.
Ізіңе басып өткен куә болып,
Шарлаған, шиырлаған қалды далаң.
Сарқылып сарқыраған бал бұлағым,
Сүйенер арқамдағы тау құладың.
Жоқ қазір мені күтіп өзің барда,
Ерттеулі тұратұғын арғымағым!..
Алаңсыз еркелікке орын қалмай,
Әп­-сәтте кең дүнием тарылғандай.
Түстің­ау от пен суға, қайран әке,
Шырылдап мен дегенде жаның қалмай!..
Білдім бе, қадіріңді білмедім бе?
Жауапсыз бір сұрақ тұр сұм көңілде.
Жаныңды жабырқатсам кешіргейсің,
Жын қуып, желге мініп жүргенімде.
Өмірдің басы – сайран, аяғы – жым,
Айтқаны тура келді баяғының.
Соққысы кімге болсын ауыр тиер,
Тағдырдың тастан қатты таяғының...

05.06.2014



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ез

  • 0
  • 0

Сана бар – теңізді де көл дейтұғын,
Көздер бар – көк тиынды көздейтұғын.
Маңдай бар – қап көтермей терлейтұғын,
Тілдер бар – шағып алып сөйлейтұғын.

Толық

Алатаумен сырласу

  • 0
  • 0

Ойыма қайдан түсті бұл бір өлең,
Семсердей өзегімді тілгілеген.
Алатау, есіңде ме, тұрыпты ақын
Соңғы рет саған қарап дүрбіменен.

Толық

Шағала

  • 0
  • 0

Шағала, аппақ шағала,
Кездестік тағы жағада.
Былтырғы жаздан белгі жоқ,
Сәулесі ғана санада.

Толық

Қарап көріңіз