Өлең, жыр, ақындар

Қара ниет қар боратса...

  • 15.10.2021
  • 0
  • 0
  • 564
Жағам бүтін көрінгенмен, жырым­-жырым балағым,
Оған бола мүсіркеме, жабырқама, қарағым.
Балақ тұр ғой, шұрық-тесік толып жатыр балтырда,
Кесірінен қабағанның тісі батқан жараның.
Ажыратқан алауыздық ағайынның арасын,
Аттан түспей аралап жүр алты Алаштың баласын.
Бұғып келіп ту сыртыңнан оқ атқанды көргенде,
Ашық келіп ала түскен итке разы боласың.
Жалған күліп, жақыныңсып ашылғанмен құшағы,
Жең ішінде жасырулы жәдігөйдің пышағы.
Даяшыдай құрақ ұшып бір қапыңды тапқанша,
Керек болса, тізе бүгіп, аяғыңды құшады.
Жақсылық пен рақымға адам қашан жариды?
Қара ниет қар боратса, жаныңды ызғар қариды.
Басыңа күн туа қалса, бұралқы да басынып,
Шидің түбі құрығандай іргеңе кеп сариды.
Екі жүзді, айыр тілді бет­-бейнесін кескіндеп,
Кім айта алар сұм жалғанның жұмбақ сырын шештім деп?
Шексіз әлем, түпсіз терең тылсымменен тілдескен
Әулиенің көзін көріп, қолын алған ешкім жоқ...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

«Мәңгілік Ел» белгісі

  • 0
  • 0

«Мәңгілік Ел» ұғымы қасиетті, киелі,
Елжіретіп жаныңды, иітеді жүйені.
Тебіреніп бұл сөзге бабалардың аруағы,
Тереңдегі тарихтың ағытылар тиегі.

Толық

Балуан Шолақ басында

  • 0
  • 0

Атағы аспандаған елден дара,
Армысың, асып туған балуан баба!
Кеңқолтық қазағыңа өкпелеме,
Күмбезің көтерілсе жерден жаңа.

Толық

Жастық

  • 0
  • 0

Алдан күтер әркімді бір бақыт бар,
Аяңменен жүруге бұл уақыт тар.
Жастық – тұлпар ұстатпас қолдан шықса,
Тақымыңа тигенде зырлатып қал!

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар