Өлең, жыр, ақындар

Әлқисса

  • 21.10.2021
  • 0
  • 0
  • 716
Басынан көне тарих төмен құлдап,
Тағдырын туған елдің келем жырлап.
Өзегім талып жеткен Тәуелсіздік,
Өмірде не бар екен сенен қымбат!?
Құбылып соққан желдей заман неше,
Қан кешті толарсақтан бабам кеше.
Күн емес бодандықта көрген күнім,
Төбемнен алтын құйсын маған десе.
Азапты бірге тартып қалың елмен,
Аһ ұрып атамекен тебіренген.
Көк туды көкке бойлап желбіреген,
Қазақтың арманы жоқ көріп өлген.
Жарқырап атқан таңым – Азаттығым,
Танылды шартарапқа қазақтығым.
Өз жерім, өз Отаным, өз Астанам,
Қарашы Бостандықтың ғажаптығын.
Болмасаң, Азаттығым, арқатірек,
Жүректің шерін қашан тарқатып ек?
Адасып көштен қалған күшіктей боп,
Бүлкілдеп боз далада жортатын ек.
Өткенді екшемесе, тектемесе,
Қайтар ма өздігінен кеткен есе?
Қара орман – қалың елім жайқалар ма,
Өртеңнің орны қаулап көктемесе?
Құлпырып Елорданың қос қапталы,
Биікке Бәйтерегім асқақтады.
Басына бақыт құсы қонған елдің,
Білінбес табанына тас батқаны.
Қызыл тіл – құдай берген қолғанатым,
Кезім ғой түптен тартып толғанатын.
Бәлкім мен Бостандықты жырлау үшін,
Болармын мына өмірге келген ақын.
Бұл жұрттың сырын біліп біразының,
Түңілдім, күреңіттім, құлазыдым.
Жаратып ұлтым мені керегіне,
Салса да от пен суға разымын.
Жаныма жақсыларды дос қылдым да,
Тағы да батырларды қостым жырға.
Иттердің болса иесі үй күзеткен,
Түздегі киесі бар қасқырдың да.
Халқыма айтатұғын сөзім барда,
Айырма ақ қағаздан көзімді, Алла!
Бата алып бабалардан жолға шықтым,
Қара өлең – кәрі жырау, өзің қолда!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әр жерде аузын былғар

  • 0
  • 0

Суырдай ыңқиттаған ін түбінен
Кісінің сақта, құдай, сімтігінен.
Мен де бір сағыныштың көз жасымын,
Үзілген қара өлеңнің кірпігінен.

Толық

Ғашықтар күтеді

  • 0
  • 0

Қоштастық, қош бол енді, амал қанша,
Қайтадан аққу көлге оралғанша.
Сен деп қана соғады, сен деп қана,
Осыдан сүйген жүрек аман қалса.

Толық

Жағда Бабалықты еске алу

  • 0
  • 0

Уын жұтып заманның өзегіңе құйылған,
Сары атандай саз кешіп, сүрлеу салдың қиыннан.
Тасқа соғып төсіңді, алып шықтың көшіңді,
Өрмекшінің торындай тағдыр салған шиырдан.

Толық

Қарап көріңіз