Өлең, жыр, ақындар

Көздерімде күні тұрды аспанның

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 242
Қалған мезгіл болар, бәлкім, таң атып,
Ажал мерген құлатыпты мені атып.
Қос жанары жабылмаған басымды
Таулар жаққа койған екен қаратып...
Бірі болып тоқтаған от жүректің,
Түсімді сол оянғанда жыр еттім.
Жарық дүние қызығына тоймаған
Өз көзімді өзім көріп дір еттім.
Қабағымен тілдескендей жай, ымдап,
Қабірімді жүр біреулер дайындап.
Қос жанарым ашық жатыр, өмірге
Келіп-кету заңдылығын мойындап.
Азығына тура келген аңшыдай,
Ажалым тұр ардың атын қамшылай.
Жерге сіңіп бара жаттым бабамның
Жанарынан құлап түскен тамшыдай...
Қас қағымда сезім кештім мәңгілік,
Тас-түнектен жылтыраған таңғы үміт.
Сүйіктім кеп сүйді солғын ернімнен,
Көздеріме өз суретін қалдырып.
Ұмытыппын сүйгенімнің есімін,
Өлгеннен соң табыт болып бесігім.
Өкіндім дос көп қателік жіберіп,
Кеткеніме сұрамай түк кешірім.
Қандай бақыт маңдайыма сыймады,
Қандай уақыт жарық дүние сыйлады?
Өлгеннен соң бір басыма өмірдің
Қайта айналып соқпайтыны қинады.
Жерлерге көп жете алмаппын діттеген,
Мен тағдырдан бұл өлімді күтпеп ем.
Босқа өткен өміріме өкіндім,
Басталғанмен аяқталып бітпеген...
Тірілерге жүргізетін жарлығын
Ажалға сол ұстап тәккапарлығым,
Көрер көзге жатқандаймын тындырып
Өмірдегі істерімнің барлығын.
Бір ғасырға пара-пар боп жыл, айлар,
Жыл, айларым қадамымды санайды әр.
Жүріп өтті жүрегімнен, миымнан
Қас-қағымның арасында бұл ойлар.
Өтті солай қорқынышты бір түнім,
«Түс дегенің құйрығы ғой түлкінің».
Дір-дір етіп жылап тұрды көктегі
Жалғыз жұлдыз шегелеген кірпігім...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жас кезімде мен де ғашық болғанмын

  • 0
  • 0

Жас кезімде мен де ғашық болғанмын,
Сүйген жанға жырымды іштей арнадым.
Биіктерге көңілім кетіп көз жетпес,
Арман болып атты қанша таңдарым.

Толық

Әйел көңілі, айт, қашан шағылыпты

  • 0
  • 0

Әйел көңілі, айт, қашан шағылыпты,
Әлдилеумен бар арман, бар үмітті.
Келген жәйлап, білдірмей, уақытпенен,
Мойындамай жүреді ол кәрілікті.

Толық

Уақыт деген қалып қалмай дүлділден

  • 0
  • 0

Уақыт деген қалып қалмай дүлділден,
Жүрегімнен жүрек соғып күн күлген.
Құлап қалсаң,
тоқтап тұра беретін,

Толық

Қарап көріңіз