Өлең, жыр, ақындар

Өз алдыңда тез жылаймын, тез күлем

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 308
Өз алдыңда тез жылаймын, тез күлем,
Қылығыммен көңіл күйін сездірем.
Айтқандаймын тұңғыш рет тек саған
Тілім келіп «сүйем» деген сөзді мен...
Айттым саған ыстық сөзді тілім кеп,
Әйелге тән төзімді ессіз тілімдеп.
Өзім барып тұңғыш рет тек сені
Аймаладым «айым, жаным, күнім» деп...
Қайта айналып келгендей жыр көктемі,
Қуантуға тек сені мен тек мені.
Тұңғыш рет тұрғандаймын күбірлеп:
«Қылыш қанат сұңқарым, – деп, – көктегі».
Екеумізді тербегендей жыр-әлем,
Тағдырдан тек осы сәтті сұрап ем.
Өмірдегі ыстық сөзді өзіңе
Айтпағандай менен басқа бір әйел...
Бір өзіңсіз бойымда түк дәрмен жоқ,
Келдің басқа қайта айналған дәурен боп.
Ешбір жігіт сенен басқа маған да
Айтпағандай «жұлдызым» деп, «сәулем» деп.
Қиялдағы арман болып қол бұлғап,
Қайта гүлдеп, шақырғандай сол бір бақ.
Таң алдында туған айым, өзіңді
Тұрғандаймын тұңғыш рет мен жырлап.
Өзің жайлы түс көремін түнімен,
Айтшы, сонша есіңді алар кімің ем?
Айттым саған асыл сөздің барлығын
Тұңғыш рет жүрегімнің тілімен.
Түнгі көктен күліп шыққан ай өңдім,
Бақытына туды екенсің қай елдің?
Асыл сөздің айтып бәрін, өзіңді
Алғашқы рет сүйіп тұрған әйелмін...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жер – жұмыртқа

  • 0
  • 0

Ойларым көп, тілмен қайтіп айта алам,
Айта алмасам, қайда барып жай табам?.
Ұлы Жер бір жұмыртқаға ұқсайды
Егіз тірі балапанды шайқаған.

Толық

Түнгі оттар

  • 0
  • 0

Түнгі оттар, түнгі оттар тірі ұшқын,
Жанады жалындап өрлеп тек.
Қарашы, сонау бір қыр үстін,
От кілем оранған өрнектеп.

Толық

Сыншы қыз

  • 0
  • 0

Жастықтың қызықпай аз сайранына,
Арманның ай қондырып айдарына,
Қолыңа сарбаздай боп семсер алып,
Шықтың сен әділеттің майданына.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар