Өлең, жыр, ақындар

Иесіз кеме

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 239
Тұман, тұман, айналам, жаға қайда,
Көрінбейді көкжиек, шағала ай да.
Бағытынан айрылған бір кеменің,
Бүйірін түртіп, толқындар табалай ма?
Бағытшысы ауысып бір кеменің,
Толқындардай әртүрлі түрге енемін.
Айналамды алдамшы тұман басып,
Көрмегенім көп екен, білмегенім.
Е, дегенге ес-түссіз еліктедік,
Ақиқаттың ақ туын көміп көбік.
Кімнің барын, білмеппін күннің барын,
Тағдырымды тұманға сеніп беріп.
Арылармын күмәншіл ойдан қалай?
Ағыстардың жүзінен тайған арай.
Бағытынан айрылған «ұлы» кеме,
Бет аларын білмейді қайда қалай?
Таласуда, бәріне бақыт жетпей,
Бір орнында айналар, уақыт та өтпей.
Қайран кеме, қайратсыз теңселіп тұр,
Терең теңіз түбіне батып кетпей.
Иесі болған, есімдер, ұмыт болған,
Аспан тұман, күтпеймін үмітті алдан.
Көз алдыма сол кеме елестеп жүр,
Ортасында теңіздің тұрып қалған.
Ғашық едім, сапарға, сәтті өмірге,
Сырым қалды толқынның дәптерінде.
Аспан қайда, жер қайда көрінбейді,
Ақ желкені айналып ақ кебінге...
Уақыт маған осылай, сыр аңдытқан,
Жыр әнді ұқпай, өмір-ай, ұранды ұққан.
Кеме батып кетсе де, үндемейтін,
Теңіздердің тірлігін тұман жұтқан.
Бағыты жоқ, бұл сапар елге ұнамай,
Кім жылайды, тұншығып, мен жыламай.
Шағала емес, басынан қарға айналған,
Иесіз кеме қозғалар енді қалай?
Бақытымның маңдайдан желі еспейді,
Желсіз өмір, от майдан, егес дейді.
Уақыт теңіз үстінде, бағыты жоқ,
Иесіз қалған бір кеме елестейді.
Жаға қайда, құшағын жайып тұрар,
(Ой астарын біледі, байыптылар)
Жарқыраған шығады күнім қашан,
Ақ тұманды аспаннан айықтырар.
Тұман, тұман... көңілді күдік басып,
Шабыт та жоқ, шалқитын күліп, тасып.
Жансыз жартас-кеменің қос бүйірін,
Тау толқындар барады ұрып қашып!...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шымылдық көтеріліп түнге ашылған

  • 0
  • 0

Шымылдық көтеріліп түнге ашылған,
Ақ нұрды кеудесінен емізді аспан.
Сан сәуле саусақ созып шың басынан,
Сұлудай ұйқылы-ояу көзін ашқан.

Толық

Бақ қонып, кеңге арқасын тастағандар

  • 0
  • 0

Бақ қонып, кеңге арқасын тастағандар,
Тірлікте тасбақадай тас-табандар.
Адам ба, қолдарынан келе тұрып,
Басынан жақсылығы аспағандар...

Толық

Жан сырымды мазақ болдым желге айтып

  • 0
  • 0

Жан сырымды мазақ болдым желге айтып,
Жел желігіп кең далаға берді айтып.
Ғашық болу құпиясы жүректің
Құпиямды жұртқа жайғам мен қайтіп?..

Толық

Қарап көріңіз