Өлең, жыр, ақындар

Туған елім

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 698
Тауыса алмадым, сағат дауысын санап түк,
Уақытты өткен санап жату ағаттық.
Мен өзіңе сапар шектім, туған жер,
Жүрегіме сағынышымды қанат ғып.
Жалықтым ғой, қиялдаудан, қалғудан,
Кеше ғана бала қыз ем, балдырған.
Толқып келдім шыға ма деп жамырап,
Ақсуымның толқындары алдымнан.
Жыр әкелдім, десең маған «не әкелдің?»,
(Ізін жуып із салмаған қатемнің).
Кеше ғана топырағыңды суарған,
Маңдай тері шешем менен әкемнің.
Өміріммен өлмес өмір әкелдім,
(Саудагері емеспін мен шет елдің)
Туған ыстық топырағын бүркенген,
Бір тамшыдай қанымын ғой әкемнің.
Қабағымды кім бақпайды, кім бағып,
Табыстырар болсын дәйім күн жарық?
О, жер ана! Кешір мені кешіксем,
Сенде туып, өскеніме бұлданып.
О, туған жер!
келдім саған төркіндеп,
Кешегі қыз, күлме, «қандай «кемпір?» – деп.
Асыққанда аңсаушы едім, Ақсуым,
Көпіріңнен өтуді бір селкілдек.
Жылдар бойы төзімімді егеген,
Қорытылған жасты көзден төгер ем.
Туған жерге оралғанда Сара әпкем,
Туған жерге оралмаймын неге, мен?
Арман-ойсыз өткен емес бұл күнім,
Сағыныштың самалы боп есті үнің.
Жұлдызды іліп, жапырағына жиналған,
Сырын шертсін қос ағашқа қос гүлің.
Күндіз ойдан, түнде шықпай түсімнен,
Сағыныштың жасын жүрдім ішумен.
«Ақын Сара туған жерде» туғам деп,
Мақтанатын сияқтымын ішімнен.
Өзіңдегі, көзіңдегі көктемді,
Келдім іздеп, көрмегелі көп болды.
Көкірегіне тұнған сырды шертуге,
«Қосағашқа» қос қарлығаш кеп қонды...
Дастарқандай, жазық далам, жұмбақ қыр,
Анашымдай, маған қолын бұлғап тұр.
Таңғы нұрдай сорғалаған үнінен,
Сусыныңды қандыр елім, тыңдап бір.
Қол-аяғы босап тағдыр-тұзақтан,
Ай-жұлдызды тербейді Ақсу ұзақ таң.
Ақшы асығып, шүйіншілеп толқындар,
Тауып бүгін қос қызыңды ұзатқан.
О, жер ана! Қызың емен, мен өгей,
Сезімімді сыр ғып шерттім телегей.
Қонған өлең қарлығашың ақ бауыр,
Қолдан енді, алма ұшырып, елемей.
Туған елім, сәбиіңе бол құндақ,
Мұң шағамын, толқыныңа солқылдап.
Тыңда, тағы Сара үніне үн қосқан,
Өз даусымды үлгермесем мен тыңдап.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бар салмағын мінезімнің көтерген

  • 0
  • 0

Бар салмағын мінезімнің көтерген,
Жанға рахат таппай жылы мекеннен.
Асылымның айырбастап бәр бәрін,
Неге тасқа ғашық болдым екен мен?

Толық

Туғанда жылап едім

  • 0
  • 0

Туғанда жылап едім,
Өлгенше жылап өттім.
Бір рет құлап едім,
Мәңгілік құлап өттім.

Толық

Білем, сенің алыста ғой арманың

  • 0
  • 0

Білем, сенің алыста ғой арманың,
Жетпес көңіл сарайыңа зарлы әнім.
Жүзтанысты жол үстіне қалдырып –
Ұмыта бер, ұмытшағым бәр-бәрін.

Толық

Қарап көріңіз