Өлең, жыр, ақындар

Қаңтар айы... «жарасат» деп сізге гүл

  • 07.11.2021
  • 0
  • 0
  • 401
Қаңтар айы... «жарасат» деп сізге гүл,
Ақын інім гүл сыйладың көшеде.
Күлімсіреп шыға келді күз көңіл,
Сәл ұмытып толғандығын нешеге.
Аялдама... елесті ойға шомылдым,
Қабағыммен қала ішін дала ғып.
Нәзік гүлдер жылынғандай қолымның
Тамырымның тасмырынан нәр алып.
Өтпелі өмір, тағдыр тиеп әр ұлттан,
Абыр-дабыр, толып кеткен іші үнге.
Қысып кісі, тынысымды тарылтқан,
Бара жаттым сары автобус ішінде.
Майдан дерсің, ешкімді ешкім ұға алмай,
Басып-жаншып қабырғасын сындырып.
Сыртқа қарай тар есіктен шыға алмай,
Бала жылап, біреу жатыр шыңғырып.
Жол бермейді, бір кісіні кісі ұғып,
Тірлік талас, көнер емес ыңғайға.
Соғысқан сең арасында қысылып,
Сезбей қалдым, өзім қайда, гүл қайда?
Қысқы қала қысымдардан қысылған,
Дем ала алмай, кеңдікті тұр аңсаумен.
Ақын інім, кешір сыйлап ұсынған,
Қысқы гүлді қорғай алмай қалсам мен.
Қысылғанда нені айта алам тілменен,
Ауырғанда болар әнім мен жыр емім.
Мойны үзіліп жерге түскен гүлменен,
Табандарға түсті үзіліп жүрегім.
Жанған шырақ, күні бітсе өшеді,
Керуендей келіп-кеткен асығып.
Қорғаныссыз жастығымдай кешегі,
Аяқ асты қалды гүлдер шашылып.
Әсемдікті езіп-таптап аяқпен,
(Қас-қағым сәт... барды жоқ қып үлгерді)
Үнсіз жылап бара жаттым аяп мен,
Үнсіз өліп қалған қысқы гүлдерді...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Түн түсінер ай мұңын

  • 0
  • 0

Түн түсінер ай мұңын,
Кім түсінер қайғы үнін?
Көзқарас пен кешегі
Сезімімнен айныдым...

Толық

Таң алдында

  • 0
  • 0

«Бәрі алдыңда» деді әжем бәрі алдымда,
Жүрек дертке, толмайды жанар мұңға.
Мен жанымды жыр жазып тазартамын,
Оқ аузында, тұрсам да дар алдында.

Толық

Тау басындағы тас қыран

  • 0
  • 0

Дауыл үріп қараспанның астынан,
Тығылады құз көзіне жас тұман.
Тұғырда бір тұрып қалған сияқты
Төніп қарап тау басынан тас қыран.

Толық

Қарап көріңіз