Өлең, жыр, ақындар

Нәпсі

  • 28.01.2022
  • 0
  • 0
  • 764
(аударма)

1
Мен сені бір қырыңнан көріп тұрмын:
қолың мен өр кеудеңді жолықтырдым.
Қысылам анаң барлап қарағаннан,
Өзіңді бір көндіру — маған арман.
Көз жұмдым, сен туралы ой қамады,
сеземін - найзағай тұр ойнағалы.
Жанарым ақ жүзіңде жалындады,
дір еттің толқындардан жаныңдағы.
Өртендің, сонда-дағы тағат кылдың,
сен маған көзің салмай қарап тұрдың!
Алау бар — мен өртенбей қаламын ба –
қадалмай жанап өткен жанарыңда!
Қара қан уын жайды ес, денеге –
оны енді баса алмайды ештеңе де!

2
Бір құмарлық тып-тыныш таңды ұрлады,
көңіл жынды сүйрейді саған қарай.
Тыныштықта дауылдың алдындағы
жын бағады сені де алаңдамай.
Кеуде, шіркін, тойымсыз алқынады...
Қорқытсақ па жындардың қуып бәрін?
Жоқ! Жанымның сен енді - бар құмары,
Тұңғиыққа құлауға жуық тәнім!

3
Теңеймін сені шеңгелге
қарасаң бірақ
дәт қалмай
найзағай ойнап жатқандай,
тасқындар ұлып кеудемде.
Жанарың, тілеп жалқы әнін
аңсайды мені бекер шын.
Жақын кел - жақтан тартамын,
мысықтай зытып кетерсің.

4
Ерінге ерін түн-тұманда табысып,
айқасқан қол жазыла алмай қарысып,
азаптардан жүрек тулап, тән ысып –
жоқ, жоқ, мені қарғасаң да сен мейлі –
от кұшақта жолығысқым келмейді!
Сенің, ыстық қоламтаңа көміліп,
тыныштықтан, зерігуден бөлініп,
есімді алып, өртендіріп от демің,
найзағайдан соқыр болғым жоқ менің!
Жұмақ болса деп ем сенің мекенің,
бірақ өзің сиқырлайсың -
жетегіңде кетемін -
біле тұра сенің жылан жұмағың
құлазытар дозақ қана екенін.

5
Тағы да өзім. Ызалы, ашулымын.
Терезеде не жарық — күн бе, түн бе?
Ай қарайды аспаннан шашып нұрын,
Күліп тұр ма жердегі бір жетімге?..
Күн сәулесі құрысын, құрысын бәрі!
Кім қол берер түсініп мұндай жайды?
Басымда — тек өкініш тылсымдары,
Жан-күйімді тұңғиық түн жайлайды.
Бос кеудемді бір жанар сұққылайды,
О, сол жанар есті алған алқындырып!
Әлі-ақ өтер бірақ та бұлтты қайғы,
мен де өтермін жаныңнан салқын күліп.

6
Талықсиды бұраң бел де,
қорқынышқа оранды еркем...
Қандай таныс мынау бөлме!
Бәрі де ұмыт болар ма екен?
Сыбырлайды танып естен,
көрінбей нұр төккен ірең.
Алау ерін жалын ескен
аймалайды от демімен.
Жасыл перде
жақсы күннің
шапағына малынады.
Ұйқылы-ояу қас сұлудың
жас денесі жалын әлі.

7
Түн де — ғасыр,
діріл, дем,
құштарлықтың сыбыры.
Рақат сәт. Үңілген
шыныда - Айдың сынығы.
Аймалау мен алғыстан
талықсыған сәттерде,
құстар сайрап таңда ұшқан,
Көрінді арай - ақ перде...
Жалғандық па, жарқыл ма –
тұрды тұнжыр көзіңде.
Саған мынау қалпымда
ұқсап кеттім өзім де!

8
Ақыры жеңдім мен сені,
кіргіздім үйге еңселі!
Оңаша. Май шам. Түн. Ернің.
Үстінде қалы кілемнің.
Жалаңаш кеуде, бал қылық,
құмарлық естен тандырып.
Толқынды шашың арбайды,
Жүзікте жақұт жанбайды.
Өбуден ернің шаршайды,
Сүюді ол әлі аңсайды.
Терезе жабық, түн жылы,
Тулардың ғана сыбдыры.
Жеткенін айтып қазаның
оркестр ойнар азалы үн.
- Сөндірші шамды, жарығым!
Дыбыс па? Қелген тағы кім?
- Қорықпа, жоқ қой мұнда адам,
Қаның бұл бойда тулаған!
Талықсып ернің кезерген,
Жатқаның әлсіз сезем мен.
- Сүйкімдім, менің құмарым...
Құшағына алды түн-ағын.
Сөнді шам, сөзің, жанарың...
Өлісің, соны қаладым!
Қаныңды жұтып тамсанам...
Көмемін, сосын ән салам.
Көктемім жайлы нұр тайған!
Бойымда қаның шырқайды ән!

9
Артық қып құдай жаратқан
сұлудың отын өшіргем,
таяқпен ұрдым сосын мен.
Киінді тездеп жаңағы,
Үрейге толып жанары
мен жаққа қарап барады.
Жоқ енді ол. Кетті.
Ал мені
Қоршады түннің қамалы.
Түнектің арты таң ба еді –
алыс бір сәуле жанады.
Әлгінде ғана лаулаған
бақыттың шамын таптадым.
Өзіме тұрып таң қалам:
жалғызбын, жұртқа жат жаным.
Құлағым тіктім ән-жырға,
Азатпын! Түннің жақсы үні!
Осылай еркін тағдырға
саттым мен азғын нәпсіні!
***
Столымда күлімдеп нұр дидарың
Суретің тұрғанда қарап маған,
Ұмытушы ем, ерлік, даңқ, сыйдың барын,
Әлемдегі мен ғана ем қанатты адам.
Кеттің бірақ, тастап үй-бақшаны әсем,
Баурады ма тосыннан күй жаныңды.
Тағдырыңды сыйладың баскаға сен,
Мен де ұмыттым сенің нұр дидарыңды.
Күндер өтті. Шаштым мен өмірімді
құмарлық пен шараптың азабына.
Шіркеуде де сені ойлап, со күнімді
шын тіледім - тағдырдың мазағы ма?..
Сені аңсадым, шақырдым - бұрылмадың,
Жас та төктім - сөніпті от сенде бірақ,
Кеттің мұңды, бетке алып түн ызғарын
Менен бөлек, белгісіз жерге жырақ.
Тағдырыңды, нәзігім, жүрмін білмей –
Еркінен тыс кейде адам не кешпейді...
Көзім жұмсам әлі күн бүгінгідей
Сенің тұлғаң, келбетің елестейді.
Сол күндерді аңсаудан мұң жиналды,
жастықтағы не пайда күш-жалыннан.
Күлім қаққан бейнеңді нұр дидарлы
Өзім алып тастадым столымнан.
***
Болды өзі қалай, бұл неғып?
Елеусіз, әлсіз жарлы едім,
сырлы бір әлем әндерін
құйғанда,
санам нұрланып,
дүниенің үқтым бар демін.
Көрмеген байлық бұл деген,
қазынадан мұнша жасқанып,
қадірін білмей мастанып,
Патша едім, шалқып жүрген ем,
лап берді жаулар бас салып.
Алдыңғылары жеткенмен,
бөгедім, арбап ұстадым,
таусылар емес дұшпаным –
түксиіп бәрі кектенген
ағылды төгіп сұстарын.
Қарауылды алдап алдағы
жайына жаудың өттім де,
лаулаған оттай шоқ түнде
шақырып бір кез арбады –
ілестім, тағат жоқ мүлде.
Періште сынды адасқан
құдайдай мені қарсы алды,
ханшасы маған тамсанды,
ортада сол бір жарасқан
сұлулар билеп, ән салды.
Ол орта жердің бағында
күл болар еді бір демде.
Ал бірақ сол бір түндерде
кек қайнап жүрек, жанымда,
қаһарын төгіп тұр менде.
Таң атып сосын нұр құйып,
күн туды күңгірт ал маған,
қанаттың үні самғаған
зулады көкке түңғиық.
Қараңғы тартты бар ғалам.
Мен тұрдым кешіп түндерді,
тумастай болып бүла күн.
Ант ішу, сыбыр, құмар үн –
алыстан шыққан үндерді
шалғандай болды құлағым.
Қоршады мені мұң бірақ,
шашса да жерге Күн нұрын,
маңымды қоршап, тұнжырап
құрсаулы темір тұр бүгін
тосады мезгіл шынжырын.
Шыға алар емен тордан мен,
қоршаған құрыш жан-жағым,
тынысты қысар тар маңым.
Айналам дала болғанмен,
тұншығып сәтте қалғаным.
Жасырар жайым жоқ менің
сендерден,
қара - жаным мұң,
жырақтап менен сағым күн,
амалсыз жұтып от демін
ішінде тұрмын жалынның.
Қайдасың? Бөлек сен кеттің,
естілмей маған наз әнің.
Жетсеңші тездеп, базарым,
Тағдырым болған еңбектің
бөлісші маған азабын!
***
Ұмыттым деген кезімде
бақытты шақтың ақ таңын,
алғашқы сол бір мақпал үн
естілді,
бұрқақ өмір де
қоймайды мұңға батырмай,
сол бір үн бірақ көңілде,
алғашқы махаббатымдай.
Бәрі өтіп менде,
жұрт өзге
кешкенде ғашық жолдарын,
есіме салар
бір кезде
менде де бақыт болғанын...
***
Ессіз, еркін өмір кешкім келеді:
жансыздарға жан бітіріп жалғанда,
қол жеткізіп орындалмас арманға,
қанат беріп бар жанға мәңгілікпен жалғауға.
Мейлі өмірдің тұншықтырсын тұманы,
мейлі мені қылғындырсын шер-қайғы,
келер күннің ер көңілді ұланы
айтар, мүмкін, мен жайлы:
Асқақ басып өткен өмір-қамалдан,
сол ғой оның ұлылыққа тең ісі.
Жылу менен мейірімнен жаралған
ол - еркіндік жеңісі!
***
Шабытты шапақ таңдарым,
Құс қанат менің арманым
қасірет тұнған жақтарға
дүниені түгел шаң, жалын,
азап пен түнек жапқанда,
тыншымай сонда самғайды,
қиялдап аппақ таң жайлы.
Өмірді мынау жын қаққан
теңсіздік, қайғы-мұң жапқан
сүйемін мәңгі нүр бардай.
Түнектің арғы жағында
ғажайып өмір тұрғандай.
Екпесең сен де ормайсың,
бейнетқор, адал жан болсаң,
шарасыз, күшсіз сорлайсың.
Есуас мына ғасырда
ерік жоқ титтей басыңда,
Не біліп, нені ұғарсың,
Кімге наз айтып жыларсың?
Сен өзің бір сәт ғұмырда
ауру мен аштық жылында
қорлық пен жоқтық шектің бе?
Ызалы жасты төктің бе?
Парижде ауру балалар
көрдің бе, сірә, жатқанын,
азапқа, мұңға батқанын?
Осынау ұлы дауылға
мекенің, жерің, тауың да
көмілмей әзір тұрғанда
көзіңді аш, қара, сырды аңда!
Ызалы, асқақ қалпыңнан,
Көзіңдегі отты жарқылдан
өмірдің жүгін тартқандар
күш алып ерсін артыңнан.
Зұлымдық сеуіп біреулер,
Жемісін жинар оның да,
Көміліп жерге соңында.
Көрмей-ақ алғы таңдарды
қарғаумен өтер жалғанды.
***
Біз келеміз күйіп-жанып,
қалыпты
тартып өмір азабын.
Құдай бізге кездесуді жазыпты
үстінде ауыр қазаның.
Азап шеккен ұрпақтардың соңынан
келер жаңа ғасыр да.
Қор боп өткен данышпанды өр ұлан
балар ұлы асылға.
Жандар қанша азап көрген, қорланған
езіп емір еңсені.
Қара бұлттар кағысынан өлді арман
ойнап күрес семсері.
Келер күннің жастарына өрліктің
қалдырамыз біз әнін:
қарсы тұру күштеріне зорлықтың —
жеткен шегі ызаның.
Сайран салып өткейсіңдер сындардан
тыңдап үнін ақынның.
Онда ерлік пен қайсарлық бар шыңдалған,
сосын онда жатыр мұң.
Ақын жүрек лүпілінде бар асыл,
байлығындай тереңнің.
Тұнып жатқан жаңа күш пен жаңа сыр
ақтарады келер күн.

АЛЕКСАНДР БЛОК



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тағзым

  • 0
  • 0

Ұлына нұр дарытқан,
қызына жыр дарытқан
ұлы Ананың шуақты шапағаты.
Талпындырған кеңдікке,

Толық

Менің Отаным

  • 0
  • 0

Отаным менің - ормандар,
қырандар, мәңгі қорғандар,
шаналар зырлап ақ қарда,
ақ ұлпа қарлы ақпанда

Толық

Қарғыс

  • 0
  • 0

Аңқау, даңғой халқың болсын,
алалыққа баулыр қартың болсын.
Анасын сатқан ұлың болсын,
баласын өлтірген қызың болсын.

Толық

Қарап көріңіз