Өлең, жыр, ақындар

Қанат хикаясы

  • 29.01.2022
  • 0
  • 0
  • 611
(аударма)

(Жаңа жылдық ертегі)
Арасымен орманның,
белес-белес жолдардың,
теңізді де бір аттап
тұла бойы - нұр аппақ
келе жатты Жаңа жыл,
келе жатты бала жыл.
Жасқа және кәріге
базарлық бар бәріне:
қозы тері бөрік бар,
құс қанатты көлік бар
көселерге мұрт та бар,
мұрты барға жұрт қарар!
Бидайы бар, тұзы бар,
көйлек те бар қызығар.
Кирилл атты ағаға
қанат тиді сары ала.
Күн кешетін басқадай
жайбарақат. Масқара-ай,
мазаны алып тұр бүгін
мына қанат құрғырың!
Фуфайкесін қақ жарып
Қолтығының астынан
көкке қарай шапшыған
шыға келді қос қанат.
Ал ағайдан күй кетті,
жүрегін мұң билепті.
Әй, Жаңа жыл, Жаңа жыл,
мазағың ба жаңа бұл?
Тағдыр бердің біреуге
алшаң басып жүрерге;
тұмандарда жүргеннің
жолын ашар Күн бердің;
қара түнде қинадың –
біреуге ажал сыйладың.
Жұртқа сыйлап Күн, Айын –
кешіре гөр, құдайым –
бұған қанат бергені!
Әйелі де жерледі:
«Адам сынды басқалар:
байлығы бар, ақша бар,
салқын тисе, балы бар,
байпақ, тоны, шамы бар...
Біздің мына қаңғыбас,
жалаңаяқ, қарны да аш –
қанат мұның не теңі,
жыным келіп кетеді!»
Кирилл ағай саспады,
ақыл ене бастады,
қайрап қара балтаны,
шығарам деп талқанын
қанаттарын қырықты.
Жұлдыз біткен күліпті.
Сүйтіп ағай тыныпты.
Кескен қанат бүлікті
салып, қайта шығыпты.
Күнде шауып қанатын,
үй төбесін жабатын.
Қырқа берді қалғанын –
бүтіндеді шарбағын.
Жерде үйілген қанатты
жыр жазуға қанатты
ақын біткен ұрлады,
ал қанаттар тұрмады –
жатты жерде жан қармап,
көк аспанды армандап.
Жаңа қақпа - біреуде,
біреуге - күш, жігер ме –
үлестірген Жаңа жыл,
тағдыр неткен ала бұл!
Қанат беріп ал бұған,
өміріне салды лаң.
Мұнан асқан жалғанда
бақытсыздық болған ба?!
Қанат жерде қалды жай...
О, тағдыр-ай, тағдыр-ай!

ИВАН ДРАЧ



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тек осы жер

  • 0
  • 0

Сөздерге де, өңдерге де енді ешқашан сенбеймін,
бұдан былай көзім көрмей, ешкімге де ермеймін.
Бұдан былай мына менің өзімде де күмән бар –
сендер де енді мені алдымен отпен, қанмен сынаңдар!

Толық

Кір-қожалақ баланың басынан кешкендері

  • 0
  • 0

Көрпем кетті шығынып,
қарамайды бұрылып,
тұрып қалдым жасқана.
"Қума мені бекер" деп,

Толық

Лүпілдей соқты жас жүрек

  • 0
  • 3

Лүпілдей соқты жас жүрек,
еркелеп назбен қарадым.
"Поезда-ақ хатты жазшы?!" - деп,
елжірей қалды жанарың.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар