Өлең, жыр, ақындар

Қабанбай батыр

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1712
Қазақтың жасыл жеріне,
бетегесі бөрткен беліне
қызығып қырмызы өріне
көздерін кімдер сатпаған,
талтаңдай басып жат табан,
сатумен келеді әлі де;
құлақтарын салмай әніме,
жерімді жайпап таптаған,
әулиелерімнен аттаған;
жотасы жүнді жоңғарлар,
қиқулап құба қалмақтар,
дамбалсыз орыс-орманнан –
жапырлап келіп жан-жақтан
далама үрей орнатқан.
Қабанбай батыр, хас ұлан,
қаһары судай тасыған,
халқына жаны ашыған,
бауыр мен досқа қараған
қабағынан Ай күліп,
жауларын алса жағадан,
қалтырар дұшпан қайғы ұрып;
қарындасқа қайрылып,
жел-жалаға бермеген,
өсек сөзге ермеген,
жетімдерді жұбатып,
жүдеулерді емдеген,
«Ұраным – туған ел!» – деген,
қаракерей Қабанбай –
бір туар ұлы халқымның,
байрағы болған даңқымның,
қаймағы болған салтымның.
Бөрік кигеннің барлығы
тепеңдеп торы мінгенмен,
қарына қамшы ілгенмен,
алшаңдай басып жүргенмен,
ел қамын жейтін ұл болмас,
халқыма қорған шың болмас,
қуаныш пен қайғысы
өз ошағынан аса алмас,
қайрымын елге шаша алмас.
Суырлыға мен шығайын,
Желдіқараға жылайын,
кезейін қырат-қырқаны, -
«Батырларымның ұрпағы
қайда, -деп, - бүгін?» – сұрайын,
іздейін енді халқымның
сырттаны мен құмайын,
қиқулайды қырғи, қарғалар –
құлады ма құздан сұңқары?
Жылқымда бүгін жабы көп –
қай жаққа ауды тұлпары?!
Арымды тепті біреулер –
намысымды қай ұл жыртады?
Хантәңіріме тағзым қылайын,
тыныстап бір сәт тынайын,
аруақ қонған ел едік,
қолдағай мені ылайым –
аруақтар ғана болмаса,
көрмедік бүгін бұл елден
қарындасқа жүдеген
қайырылар ұлдың сыңайын.
Батысымда жатыр қалың ел,
өртенген өзек, жаны – жер;
Арқаға барсам, тағы жел.
Қазықұрт маңын күн қақтап,
сарғайып кеткен сары бел.
Халқымның бүгінгі тірлігі,
тұтастығы мен бірлігі
қандасқан қас дұшпанның
қанжары тілген туырлықтай,
жерімнің жасыл кіндігі
мұхиты кепкен құрлықтай,
көңілім қойды орнықпай.
Батысым мерлеп Арқамды
ала көзімен тұр атып –
тастауға дайын сұлатып!
Шығысым марал-арқарлы,
бірге туса да кіндіктен,
береке болған бірліктен
асау аттай жалтарды,
түстігіме қарап тістеніп,
қара көзінен қан тамды,
қырқылуға жақын кіндігім.
Әзірге елімнің бірлігін
үш арқау ұстап тұр бүгін:
бірінші арқауым – тіл-нұрым,
екіншісі - әнім, жыр-мұңым,
үшіншісі – қыздар, - қыр-гүлім –
Батыс пен Шығыс арасын,
Түстік пен Арқа даласын
біріне бірін жау етпей,
бітіспес, бітпес дау етпей
келін боп ашар түндігін.
От сынақтардың өртінен
айрылып ажар-көркінен
шытынап жатқан даламдай,
жанымда да менің жарылыс,
сондықтан қашып бақ-ырыс,
шаршадым емін таба алмай.
Баурайы бытқыл Барлықтың,
Суырлы тауда жол басқа
он екі қанат ақ орда
үзігі шаңқан – оңбасқа,
тон кисең сеңсең – тоңбасқа,
сардарлар басқа, қол басқа;
батырлы елдің баласы
еменнен сойыл жонбас па,
Қабанбайлардың ұрпағы
қарагер атқа қонбас па:
Батыс пен Шығыс, Түстігім –
қазақы жердің үш қырын
қыран көзімен шолмас па,
жақсысын ертіп жолдасқа,
қажыған қайран қазақтың
қамын да жесе болмас па?!
1991



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Күз көрінісі

  • 0
  • 0

Таразы. Шөп сарғайған. Күн жайдары.
Әндеткен сыбызғы үнді қурайлары.
Жайлаудан көшіп қонған ауыл түгел
күздікке үйді де ықшам ыңғайлады.

Толық

Сиыну

  • 0
  • 0

Әуелі Алла,
сонан соң Бекет әулием!
Аруағыңа бас идім!
(Сиынарым өзің болғанда, мен неменеге жасимын!)

Толық

Балық

  • 0
  • 0

Бір күні атам ауды алып,
ұстады бір дәу балық.
Жақын келдім қасына,
көрейін деп аударып.

Толық

Қарап көріңіз