Өлең, жыр, ақындар

Бір қап алтын...

  • 30.03.2022
  • 0
  • 0
  • 521
Ойы барға өсиет жыр нұсқа бұл,
Сыйласып өт, аз ғұмырда қысқа бұл.
Бір анадан, бір әкеден жаралған,
Бір қап алтын тауып алды үш бауыр.
Бір қап алтын. Бөлісе алмай отырды,
Үш бауыр да келісе алмай отырды.
Жолдан тайған алтын көрсе періште,
Бәрін қойып бір алтынға шоқынды.
Әкелері болғанменен бір есім,
Ең үлкені бастар майдан күресін.
— Мен баланың үлкенімін, ағаңмын,
Бұл алтыннан көбірек деп үлесім.
— Аға, сенің айтқаныңды құп алам,
Ортаншымын, бірі — інім, бірі — ағам.
Алатұғын, жалғыз сөзім алтыннан,
— Мен інімнен артық, — деді, — сыбағам!
Ата-бабам салт-дәстүрі киесі,
Маған да осал болмау керек тиесі.
Менмін әулет кенжесімін, сондықтан,
Мен емес пе, шаңырақтың иесі!
Сөздерінің бірі асты, бірінен,
Жөн-жосықты жеткізді әсем тілімен.
Дау-жанжалға ұласардай шынымен,
Сөз атасын бастап кетті іріден.
Сөйлей-сөйлей біраз жерге келген-ді,
Бауырларға бір ұсыныс дем берді.
Бөлісе алмай қарны ашқан үлкені,
Тамақ ішіп, ел қонғанды жөн көрді.
Басылмастай үш бауырдың сусары,
Жатыр қапта алтын байлық мың саны.
Екі ағасы тамақ үшін базарға,
Жолы кіші — кенже ініні жұмсады.
Кіші інісі кете бар-ды жол шектеп,
Үш бауырды алтын буы бөлшектеп.
Ол кеткесін екі ағасы ойласты,
Үшке емес, біз екіге бөлсек деп.
Екі ағасы шешті солай бөлісті,
Ант бергендей кеуде басып көрісті.
Кіші ініні алтын үшін екі аға,
Келген бетте өлтіруге келісті.
Болатын-ды бұл бір мекен құтты аймақ,
Сатып алып шелпек нан мен сүт-қаймақ.
Кіші інісі ораларда базардан,
Іштей бұл да ойлап тұрды ант жайлап.
Қызғаныштан жүрегі аттай тулады,
Шықты есінен бір анадан туғаны.
— Неге үшке бөлемін, — деді бұл,
Деді дағы бар тамақты улады.
Қызғаныштан ызыңдаған жел тұрды,
Құйын айдап сұм тағдырға келтірді.
Інілерін келген беттен бас салып,
Жан бауырын қылқындырып өлтірді.
Екі аға да ойламады басқа ойды,
Бауырларын көміп тастап тас қойды.
Үлкен істі бітіргендей өмірде,
Екеуі де улы дәмге бас қойды.
Үш бауыр да пасық ойға қамалған,
Сол бір сәтте тілмен тістеп дәм алған.
Екі аға да құлап жатты көмусіз,
Дүние бұл төңкеріліп жанардан.
Өлік жатыр кең әлемді үркітіп,
Адамдарға айтатындай тіл бітіп.
Бір қап алтын қала берді жол үсті,
Алдан тағы жолаушыны тұр күтіп...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жеткізбейді көкжиек

  • 0
  • 0

Ел кезейін енді бір,
Аш жолымды, бер, ғұмыр;
Айналамда — көкжиек,
Айналады Жер жұмыр!

Толық

Поезд бұл заулап аққан

  • 0
  • 0

Поезд бұл заулап аққан,
Сезімді жаулап аққан,
Қос жүрек бір купеде,
Ұйқысыз аунап атқан.

Толық

Күйшінің құлағы

  • 0
  • 0

Күйлерден сылқым әуен назды естігем,
Қаңқылдап ұшқан аққу-қазды естігем.
Өзіндік ерекше бір күйші әлемі,
Өзінен ерте туған сазды естіген.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар