Өлең, жыр, ақындар

Желтоқсан

  • 01.04.2022
  • 0
  • 0
  • 2026
Дауылға – желтоқсанның желі айналды,
Ашуға мінді Алатау кәрі айбарлы;
Күтпеген іс ақыры не болар деп,
Күллі әлем Алматыға қарай қалды!
Кез емес жаугершілік «аттан» атты,
Алаңның шеруі емес салтанатты.
Қытымыр қыстың басы сол бір айда,
Желтоқсан желі әлемді жалт қаратты!
Солайша таудан бір сел тасып өтті,
Оятып, ойға салып басым көпті;
Бар ауыл ішкен асын жерге қойып,
Бауыр ет баланы ойлап жасын төкті.
Айтысса сабыр-сезім, ақыл-күмән,
Тойтарыс беру қиын батыл бұған,
Дем берді басын оққа байлап шығып,
Алғашқы сөз алғанда ақын Жұбан!
Әр жүрек секем алды төнер оқтан,
Бір дауыл көтеріліп келе жатқан,
Ең алғашқы ақындық бір ауыз сөз
Ел – халқын сақтады аман сел – апаттан!
Сол сөзінен ақынның басталды да,
Ашылып сала берді аспан мына,
Сел тоқтап, кәрі Алатау бір дем алды,
Салғанмен сергелдеңге қашқан жыра!
Ақын аға! Өзіңе –– жырға келдім,
Жүрегіне айналдың туған елдің.
Тоқтау айтқан ақындық бір сөзіңнен,
Бұл күнде бәрі өзгерді күллі әлемнің!
Қазағың қозғағанда ел – ғаламды,
Қорғағандай қорғадың бел балаңды.
Желбіреп желтоқсанның кекілдері,
Тоғысып туған жерге – Елге оралды!
Жұбан аға! Жыр демің – ел тынысың,
Толғандың теңізіңнің толқыны үшін.
«Мың өліп, мың тірілген» ақын едің,
Қазағың аман болса – Сен тірісің!
Тербетіп толқын – сезім бойды алып бір,
Тау шыңын – ызғарды мұз ой қарып тұр.
Желтоқсанның желінен айыға алмай,
Алатау әлі күнге ойланып тұр!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұлылық

  • 0
  • 0

Сәлем-өнер, әлемдері бас қосқан!
Әр тараптан әр елдері бас қосқан!
Мадрид сен де ұлылардың ұлылары бас қосқан,
Корольдердің королдері бас қосқан!

Толық

Жаңбыр жауды. Дала мұнар

  • 0
  • 0

Жаңбыр жауды. Дала мұнар,
Көңілім менің дала құмар.
Жазған сайын ашылатын,
Әр сезімнің парағы бар.

Толық

Адамдар мәңгі-бақи тұрмасы анық

  • 0
  • 0

Адамдар мәңгі-бақи тұрмасы анық,
Тірлікте,
Уа, досым, сырласалық,
Мен жайлы, өзің жайлы білемісің?

Толық

Қарап көріңіз