Өлең, жыр, ақындар

Киіктей кең даламды кезіп келем

  • 07.04.2022
  • 0
  • 0
  • 639
Киіктей кең даламды кезіп келем,
Тағдырдың тұсауынан безіп келем,
Уақыт — мерген аңшым келеді аңдып,
Ерте оғы тие ме деп сезіктенем.
Салалы саусағымен зиялының,
Дүбірім — дүбірлеткен күй ағынын.
Даламның кеңдігінен қалған аман,
Бабамның мен де жүйрік тұяғымын.
Келемін ел — ғаламмен танысқалы,
Желемін жел даламмен жарысқалы.
Сенемін тұлпар жүйрік тұяғыма,
Азуын білеп шықса арыстаны.
Қолымнан келмейтін іс — қас қыла алман,
Ажалдай ашса аузын қасқыр алдан,
Сарыарқа сары белдің киігімін,
Кеудемде — қаптаған сел, тасқын арман.
Тәңір деп мен адамға табына алман,
Болса да бұл өмірде бағы жанған,
Соңымда сайрап ізім қалмаса да,
Үміттің жетелейді сағымы алдан.
Қиялым қиялардан ассын әрі,
Таулардың жеткізе ме тас шынары.
Жүйріктік жаман екен желдей ессең,
Еріксіз жанарыңнан жас шығады.
Күйімен қасиеті биіктеген,
Қастерлі қазағымды сүйіп келем,
Асылы әр заманда күйшілердің
Тағдыры тағдырлас-ау киікпенен.
Көңілге серік еткен күйдің үнін,
Басынан өткізетін қилы күнін.
Келешек! Түсінгенге құйғып аққан,
Киіктей мен де дала жүйрігімін!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тағдыр жыры

  • 0
  • 0

Күмбірлетер көкірек сарайын да
Туады жұлдыздарың, жаңа айың да.
Ортаңда жүр бүгін Махамбетің,
Ортаңда жүр бүгін Абайың да!

Толық

Алғаш тау көргенде

  • 0
  • 0

О, Алатау! Өзіңді жаңа көрдім,
Туған жерден алдымен дала көрдім.
Кеудеме толқын атқан нар өркешті,
Құмды өлке суретін сала келдім.

Толық

Өрт

  • 0
  • 0

Қуалап шөпті қуып өрт болғанда
Сен ие болмасыңа көп таңғалма.
Шаңырақ жанып, лаулап құлап түссе,
Сүйеніп қалатынды жоқтан барға.

Толық

Қарап көріңіз