Өлең, жыр, ақындар

Жырла да зарла, көңілім

  • 02.12.2015
  • 0
  • 0
  • 3082
Жырла да зарла, көңілім,
Сел болып жасың төгілсін.
Есіткен ойдан баз кешіп,
Қамығып шындап егілсін.
Жер, аспан бірден қозғалып,
Таулар мен тастар жібісін.
Ойлаған ойлар толғанып,
Мұздаған жүрек жылысын.
Ағаш, шөп біткен бір өңкей,
Зарланып тегіс тыңдасын.
Дертіңе дауа дегендей,
Бас иіп бәрі ымдасын.
Естіп орман, тоғайлар,
Бәйтерек салсын құлағын.
Қамысты көлде қурайлар,
Алдына төксін құрағын.
Жан, жәндік, айуан түсініп,
Көз жасын іштен бұласын.
Күйісін танып, түйсініп,
Ыңыранып қана сұласын.
Жырла да, зарла көңілім,
Қалың қайғың қайнасын.
Қиялдың құсы егіліп,
Іштегі дертті айдасын.
Құр құрттың қозғап көңілім,
Қайғылы дертті байласын.
Қаз, бұлбұл, аққу қосып үн,
Сарғалдақ бірге сайрасын.
Қырларда құлан, көкте құс,
Арқар мен киік мұңдасын.
Арыстан, аю, жолбарыс
Ыңыранып көңілі бұлғансын.
Дариялар, көлдер, өзендер,
Сайларда сырлап аққан су,
Ағысын танып көгілдер,
Аспанға ассын болып бу.
Ақ зарың тегіс аралап,
Аспан мен жердің арасын.
Орныққан ойды жаралып,
Көңілді қозғап қарасын.
Жырла да, зарла, көңілім,
Иеңнің тасын еркесін.
Еріксіз оны ойлатып,
Өзегін үзіп өртесін.
Жаңылтып өзге тілегін,
Қайрымсыз көңілің жібітсін.
Суық ой, салқын жүрегін
Иітіп, жанын жылытсын.
Махаббат аты құлпырып,
Жас жүрегін күйдірсін.
Өзгермес ой, шын қалып,
Сәулеме мені сүйдірсін.
Жатса да, тұрса жүрсе де,
Тек жалғыз мені ойласын.
Қайғырып, жылап, күлсе де,
Еркіні зарым қоймасын.
Жырла да зарла, көңілім,
Сел болып жасың төгілсін.
Есіткен ойдан бар кешіп,
Қамығып шындап егілсін.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көңіл

  • 0
  • 0

Көңіл деген дария,
Желсіз күнде жай жатқан.
Кейде соғып, дариға,
Ой дауыл ғой оятқан.

Толық

Ақын (А.С.Пушкиннен)

  • 0
  • 0

Әзірге әуре емес ақын анық,
Күні кеп қан құрбанның кезек салық.
Жазғанның азабы мен - ақ зарында,
Қыршын жас күн ілгері болған ғарық.

Толық

Ән - күй

  • 0
  • 0

Естілсе күй, салынса әнге шырқап,
Тұра алмайды төзім ғып көңіл шыдап.
Жібіп жүре береді жәйіменен,
Оты сөнген ер жүрек қалған мұздап.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар