Өлең, жыр, ақындар

Енші

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 250
(Сисем Ата басында)

Еркіңнен тыстау асықсаң Сисем Атаға,
Рухы баба жол бастап саған жата ма?
Өрістеп ойың, бусанып бойың кетеді,
Алғандай малып, болмысты мейір, батаға.
Пантион-қауым шежіре шертіп кеткенде,
Жетеді хабар Жерден де, сонау Көктен де.
Байғызға ұя, жыланға сая күмбездер,
Иелік етпес көріне тіпті еш пенде.
Елестер сол кез шексіздік жолда керуен,
Мың ғасыр жасы, толассыз неткен шеру ең?
Шақырдың мені не үшін, баба, дедің бе,
Ғаламды кезсін, салсын деп аз күн серуен?
Ризамын, жетем, жетектет бірін түйенің,
Аударман жүгін, қалғанша қурап сүйегім.
Құлың боп көнем, ботаң боп ерем — керуен,
Бола алсам — панаң, болмасам жанам, күйемін.
Қай жерден, қашан орнықтың келіп Алтайға,
Ат беріп түгел кетіпсің жыра, сай-сайға.
Жетісу, Арқа, Қаратау, Жайық, Маңғыстау,
Аралап түгел алмайсың тауса алты айда.
Алтайдан аттап, Еділге жеттің қозғалып,
Жыртылды жағаң, тоның да тозды жолда анық.
Мың жылдық сапар — ұшпаққа шықтың сан рет,
Шарпылдың талай жалынға, өртке ол да анық.
Кездер бар заман, басыңа бақыт орнаған,
Бірлік боп қонып, ел-жұрттың сәнін қорғаған.
Ойға алсам соны өртейді оты өкініш,
Ой деген жауым, ой деген ылғи сор маған.
Кіл мәрттер — қасиет, дауа сөзіңде,
Уәде құлы, билетпей бойын сезімге.
Менсінбей тіпті Стамбол, Мысыр, Ұрымды,
Қап тауы — жайлау, Азаулы қыстау кезінде.
Еділді бойлап керуен көшкен шағында,
Ордалар салып шалқайған хандар тағында.
Сарайшық, Сарай, Түркістан — кезек Астана,
Әлемнен бабам асырған байлық, бағын да.
Тынығып енді жатыр ма екен бабалар?
Өкпесі бар ма, шыға алмай ойдан балалар?
Шаңырақ кейде шайқалып кеткен кезі бар
Қолымен іні жыртылған талай жаға бар.
Кешірші, қауым, аласа түссек шамадан,
Кетті ме кемдік ініден, кейде ағадан.
Жатамыз кейде көрместей кайта бүлініп,
Кездесіп қалған кездейсоқ иттей қабаған.
Дегенмен елің тілейді жалғыз бір тілек —
Қазақ боп туып, қазақ боп өлер ұл тілеп.
Бірлік боп басқа, үлгі боп жасқа өтсе деп,
Сіздерден қалған сөнген жоқ әлі бұл тілек.
Өшпегей дағы бабадан жеткен сарын, үн,
Кетпегей кеміп екпіні асау сарынның.
Бастысы солар бабамнан алған еншімнің,
Арқауы солар ардақтар бойда барымның.

21.03.2002 ж



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әке жауабы

  • 0
  • 0

Жас кезiмде толып тұрды жырға маң,
Ел өмiрiн елестеткен бұрмалаң.
Ендi, мiне, бейне мылқау әкедей
Үн қатпайды, сырын бүгiп тұр далам.

Толық

Жаным таза

  • 0
  • 0

Жаным таза — мақтанышым тірлікте,
Сезім таза — сақтамаймын бір бүкпе.
Жер-Ананы ластамай Ақырға —
Кете алардай бұл өмірді сүрдік пе?

Толық

Қуанамын кездескенде қандасым

  • 0
  • 0

Шетте жүріп кездескенде қандасың
Көз қуанар, жаның сергір, аңда сен.
Жүзім жылып сәлемдесем мейірмен,
Қазір таныс, мүмкін кейін жан досым.

Толық

Қарап көріңіз