Өлең, жыр, ақындар

Көрер мұны жан болса егер аңғарар

  • 08.06.2022
  • 0
  • 0
  • 414
Көрер мұны жан болса егер аңғарар.
Аңғарар да өз-өзiнен таң қалар.
Көбейiп-ақ кетiптi ғой, апыр-ай,
Алматыда сауысқан мен қарғалар.
Сезесiң сен сорым ба бұл, бағым ба.
(қауiп iздеп бұл сөзiмнен жаңылма).
Қараңдаршы! –
сауысқан мен қарғалар
қаптап ұшып жүр ғой бау мен бағымда.
Қондырғандай басына кеп бақ күнiн,
жеткен-сынды мерейiне тап бүгiн.
Қара қарға жүре алмайды мамырлап,
ал сауысқан ұмытқан бар сақтығын.
Соны көрiп –
көңiлiм пәс, мұңдымын,
соны көрiп –
желге ұшады түндiгiм...
Қайда кеткен торғайым мен шымшығым?!
Қайда кеткен сандуғашым, бұлбұлым?!
Мұның өзi, құдайым-ау, жай ма деп,
жай емес бұл елекке сал, ойла деп
iздеймiн мен торғай менен шымшықты,
сандуғаш пен бұлбұлымды қайда деп?
Құйынданып суынамын бiр демде!
күйiп-жанып, суынамын бiр демде, –
ту сыртымнан қарға бiткен қарқылдап,
сауысқандар шықылықтап күлгенде!
Көрер мұны жан болса егер аңғарар.
Аңғарар да өз-өзiнен таң қалар.
Көбейiп-ақ кетiптi ғой, апыр-ай,
Алматыда сауысқан мен қарғалар.
Өзiме өзiм жасыма! деп, жасыма!
отырғанда
ұшып келiп қасыма
сауысқаны шоқып жанды жарамды,
ал қарғасы саңғып кеттi басыма!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Соңғы сөз алдындағы соңғы сөз

  • 0
  • 0

Майы таусылған шамдай боп
Сөнiп барамын.
Иесiз қалған тамдай боп
Шөгiп барамын.

Толық

Жалғыз қалғанда

  • 0
  • 0

Енді менің өмірімде
Жаз басталмай
Күз келетіндей;
Енді мені ғұмыры

Толық

Саф Самалдар, басқамен

  • 0
  • 0

Саф Самалдар, басқамен
кезiктiң бе,
жабырқаттың әйтеуiр кешiктiң де,—
дәл осындай кездерде тереземнен

Толық

Қарап көріңіз