Өлең, жыр, ақындар

Бақсы

  • 14.06.2022
  • 0
  • 0
  • 425
Елiм тектi едi.
Бiрақ
Орнынан тұра алмайтын
Дерттi едi...
Көзi шоқтай қанталап,
Айналасын
Азан да қазан етiп,
Жын мен перiсiн шулатып
Дабыл мен қобызын арқалап, –
Қалшылдап құтырған,
Оттың үстiнен секiрген,
Өгiздей өкiрген,
Бұлтпен көшiп,
Желге мiнген
Жалба-жұлба бақсы жетiп келдi.
Буырқанған теңiздi
Құмның үстiмен жүргендей
Кешiп келдi.
Шоқ түкiрдi,
От бүркiдi.
Өзiн
Қылышпен тiлiп жiбердi.
Денесiн сығып,
Бүркiттей бүрiп жiбердi.
Дүниедегi
Бүкiл жынын жиды.
Қайнап тұрған суды
Үстiне құйды.
Аусыл бұқадай пысқырды.
Жыландай ысқырды.
Өңешiн жыртып қышқырды.
Жын ұрғандай жылады,
Перi соққандай күлдi.
Бөрiдей ұлыды.
Бөрiбасардай үрдi.
Қып-қызыл қанжар жұтты.
Темiрдi матадай жыртты.
Жауырын қақтырды.
Өзiн өзi
Жерге соқты.
Аспанға лақтырды.
Басын тасқа ұрды.
Шашын
Бытырлатып жұлды.
...Жерiм
Селт етiп қаймықпады.
Елiм дертiнен
Айықпады.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Атылған арқар

  • 0
  • 0

Ай-күннiң аманында,
Ел бүтiн, жұрт тынышта,
Ақар-шақар таудың iшiнде,
Жақпар-жақпар

Толық

Ерте қуарған ағаш

  • 0
  • 0

Соған қарап мен
Сан ойлар торабында
Адастым:
Жапырағы желбіреп

Толық

Тозақты қазақ көп көрдi

  • 0
  • 0

Тозақты қазақ көп көрдi.
Бастарынан
Зұлматтан
Зұлмат өткердi.

Толық

Қарап көріңіз