Өлең, жыр, ақындар

Қартайған қара Қабақ батырдың мұңы

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 405
Қайран өткен дүние-ай!
Күнiм өттi.
Гүлiн төктi.
Қаным тартылды.
Қайратым сарқылды.
Пай-пай-пай!
Кеше қандай едiм! –
Ғұмыры қартайып,
Ғұмыры
Өлмейтiн жандай едiм.
Алпыс тұтам
Ала сапты найзаны
Сермеп ұрғанымда
Жетi қабат көбенi
Айырып түсетiн едiм.
Дұшпанымның қанын
Кеудесiн шүберектей жыртып,
Қабырғаларын күтiрлетiп сындырып
Қара төсiн
Қайырып iшетiнмiн.
Ұшып келе жатқан оқты
Қарсы атылған оғым
Ауада қақ жарып жiберетiн.
Жарып жiберiп,
Зырқырап ұшқан бойда
Сол оқты атқан адамның
Қақ жүрегiн тесiп өтiп
Омыртқасына барып тiрелетiн.
Жердегi асау түгiлi
Аспандағы құстың өзiне
Құрық салатынмын.
Атымның жалына қонған қар
Ерiп бiткенше
Қаптаған жауды
Қырып салатынмын.
Көктiң бұйрығы,
Тәңiрiнiң жолымен жүрдiм.
Көктiң бұйрығы,
Тәңiрiнiң жолымен жүрмегендердi
Жарқабақтағы шөптей етiп
Тамырымен қопарып
Қолыммен жұлдым.
Желге – жел,
Шерге шер болдым.
Кешiрiмге кешiрiмшiл
Кең болдым.
Жылағанды жұбатып,
Жабыққанды күлгiздiм.
Басын иiп
Пана сұрағандарды
Кең шалғайымнан енгiзiп,
Тар қолтығыма кiргiздiм.
Қайсысын айтайын!
Қалыңдығымның қалың малына
Келеге түспеген мың үлек пен
Биеге түспеген мың айғыр берiп
Асып-тасып едiм-ау!
Бағдат пен Мысырдан әкелген
Алтын дiлдаларды
Күздегi сарыала жапырақтардай
Бұрқыратып шашып едiм-ау!
Ендi мiне! –
Сырты күмпигенмен
Iшi кеуек ағаштай
Қажыр-қайраттан
Тоналып отырмын.
Қотыр ешкiнiң
Бөстегiнiң үстiнде
Ошақ күзетiп
Омалып отырмын!
Қайран, өткен дүние-ай!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Құмарпаз

  • 0
  • 0

Уланып сана,
ойы да,
жанымен бүкiл құлаған –
көз iлмей тәулiк бойына

Толық

Қалай?

  • 0
  • 0

Тұлпарларым
Кермелерде
Тықыршып тұра алмайтын;
Сұңқарларым

Толық

Сырдарияда суға кету

  • 0
  • 0

Мына өмірде
Көргенім көп менің...
Бала кезімде
Сырдарияға

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар