Өлең, жыр, ақындар

Алтын аймақ

  • 07.07.2022
  • 0
  • 0
  • 652
Гүрілдеп құздан құлап тау бұлағы,
Шола алмай бұлттан шығып ай қияны,
Шаңқылдап атар таңның жаршысындай,
Шағы еді қанат қаққан тау қыраны.
Бұлтты айдап жел соққанда дауылдана,
Ішінде қараш үйдің бауырына ала,
Оянып жеті түнде шырт ұйқыдан,
Тербеткен мені аялап қайран ана!
Болса да түсім қара, аппағым деп,
Шүлдірлеп сөйлесем де, «тақ-тағым» деп;
Сөз салып бірінші рет аузыма анам,
Тілеген ана сүтін ақтағын, деп.
Түскен кез қара бұлтты көктен тұман,
Көшкен кез ел құлазып тұрған қырдан,
Көре алмай өскенімді таң алдында: —
«Бақытты бол!» — деп анам көзін жұмған.
Әлі тұр зиратының құлпытасы,
Сол тасқа тамған талай көзім жасы.
Құрғатып көздің жасын жыр сайратып,
Туды күн болып ұлы — ел анасы.
Елге ана боп туған күн құшағында —
Ержеттім, жас қыранға ұсадым да,
Баулыған мені де, елді тау қыраны,
Туған ел — сүйерім де, құшарым да!
Кім айтар, мені қазір анасыз деп?
Кім айтар, туған елді панасыз деп?
Бұрынғы құлазыған қу даланы,
Кім айтар, өндіріссіз, қаласыз деп?
Кім айтар, қазір бізді көшпелі ел деп?
Кім айтар, өмір бойы көшкен ел деп?
Қараса көзін ашып аймағыма,
Кім айтпас, бізді бүгін өскен ел деп?
Бір шолсаң Алатаудың шыңдарынан:
Эмбінің көз тұнбай ма мұнайынан?
Алтайдың алтынынан ай ұялып,
Күн сүйген Балқаштың мыс бұлағынан?
Көмірі Қарағанды қайнап жатқан,
Аз ба екен аспандағы қара бұлттан?
Алтайдан Атырауға шейін аққан,
Асты алтын әр төбенің қарауытқан!
Қарасам аймағымды бір бұрыштан:
Теміртау көз тартпай ма көк құрыштан?
Еккен дән жұлдыз қанша болса,— сонша,—
Жерімнен менің байтақ жер бар ма асқан?
Қиялай көз жіберсең қыр басынан,
Төрт түлік, сан асар ма мал басынан?
Бетіндей қыр қызының нарттай жанған,
Не тәтті Алматының алмасынан?!
Елді өскен Ертіс, Нұра арнасында, —
Кім айтар тапшы екен деп суға, сірә?
Көркіне қай тау жеткен Көкшетаудың,
Оқжетпес шыңы ержеткен күн қасында!
Құс таңдай көмейден күй тізген бұлбұл,
Сызылтып сыбызғы үнін үзген бұлбұл.
Қанатын дірілдетіп өлеңге ұйып,—
Үйренген ән мен жырды бізден бұлбұл.
Біз туған жерді сұлу жер емес деп,
Кім айтар елді күшті ел емес деп?
Берлинге жауды жеңіп ту тігіскен
Ерімді кім айта алар ер емес деп?!
Кім айтад? Айтпайды да; айта да алмайд!
Ешбір күш біздің күшті қайтара алмайд.
Өмірдің өткен күнгі арттағы ізі
Ғасырда алға аттаған қайталанбайд!
Ертеде өлсе де көз жұмып анам,
Біз көрген бүгінгі өмір нұрына анам
Жалт қарап, риза боп,— қабірінен
Тұрғандай — көз алдымда күліп анам!
Елге ана боп туған таң құшағында
Ержеттім, жас қыранға ұсадым да!
Баулыған мені де, елді тау қыраны,
Туған ел,— сүйерім де, құшарым да!
Гүрілдеп құздан құлап тау бұлағы,
Шолған шақ, көкте жүзіп ай қияны.
Мызғымас шыңнан салған ұясында
Баулыған балапанын тау қыраны!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қанатты керуен

  • 0
  • 0

Күз кейпін кергің бір келсе егер,
Қыраны шың сүйген қырға бар,
Тоғайы жел соқса теңселер,
Қиқулап қайтқан қаз,

Толық

Жаңа жыл түні

  • 0
  • 0

Өткен жылдың күнін көзден
Ұзатып сап көкжиекке,
Қарап алға нұрлы жүзбен
Шықтық тағы біз биікке.

Толық

Түр, оқушым, құлағыңды

  • 0
  • 0

Алдыңда «Қазақстан мұғалімі»,
Сөзіне тұр, оқушым, құлағыңды,
Сыйлығы өз елінің саған тартқан,
Ұстаздық өміріңе болсын үлгі.

Толық

Қарап көріңіз