Өлең, жыр, ақындар

Черкестер

  • 12.07.2022
  • 0
  • 0
  • 481
1828
I
Өлі ұйқы басып даланы
Сүңгіді тауға алтын күн,
Сөніп шапақ арайы,
Алыста талып шығады үн.
Тұманды дала мұнартты,
Көрінбей маңда мал тіпті,
Киіктер дөңде ойнады,
Сұржал қасқыр тек қана
Жортқан өрлеп тауларды,
Кезі оттай жайнайды!
Көлеңкесінде еменнің
Ішіне кіріп жайланды.
Жүгіріп оның соңынан
Мылтықты мерген аулайды,
Қос тазы қастан қалмайды.
Тып-тыныш кәзір бар аймақ,
Ән салмайды сарғалдақ.
Тек қана осы тұз қырдан
Бұта басын сыздырған.
Көктем желі ысқырған.
Алыста көкек дауыстап,
Қарқылдайды қарғалар,
Көлеңкені жамылып,
Астарында қу томар
Тағы шатқал жартастың
Жарып ағып кемерін,
Көбігі жуған көк тасқын
Үйірілді өзен Терегің!

II
Көк аспан түнді жамылған,
Тұманнан ай сәл жалтырап,
Тек қана құрғақ жартаста
Шөп тұр желмен қалтырап.
Қырқа сайын жанған от
Сақшылар елді сақ ұстап,
Найзалары жарқылдап,
Үн қатысқан дауыстап:
«Шырымын алмас көзінің,
Сақ болып қазақ бұл түнде,
Чечендер жүр тору сап,
Өзеннің арғы бетінде»
Садақ атты әне олар,
Оққа ұшып қазақ құлады,
Қансырап қанды қорғаннан
Ажалы жетті, сұлады...
Көзінде қалды түн түнек,
Көрмейді ол туған Донды да,
Жаранын жақын, үй ішін
Көз жұмды, кермес болды да.

IІІ
Көрініп алаң орманнан,
Туған айдан сәуле алып,
Жалт еткендей тұманнан
Қорғанда шамдар тұр жанып,
Шықты кенет бір дыбыс,
Бұтаның қалың артынан,
Шолды да маңды асығыс,
Түсісті олар атынан.
Бәрі болат қылышты,
Иықта мылтық оқтаулы,
Қос пистолет, ұшқыр ат
Ерде жарақ баптаулы.
Жағылды черкес оттары,
Отырды бәрі қоралай,
Байланған талға аттары
Шөп жұлады жағалай.
Будақтап түтін жол алды,
Шатыр-шұтыр от жанып,
Тұңғиық тұрған орманды
Оятты бір кез от жарық.

IV
Сауыт киген бір черкес,
Күміс киім үстінде,
Уздендер отыр бір дербес,
Өзгесі жатыр тепсеңде.
Тазалап өткір қылышын,
Қайрап садақ я ұшын,
Отыр үнсіз бәрі де.
Князь тұрып бір кезде
Былай деді, бәріне:
«Черкес халқым —жауынгер,
Дайын тұр әр сағатта,
Жан қия шабар өлімге
Бәрі емес, некен-саяқ та.
Қараңыз, биік қамалға,
Туғаным отыр түрмеде,
Құтқарам оны қалай да,
Жүрмеймін яки дүниеде.

V
«Кеше бір өзім салқын кеш
Жатып ұйықтап қалғанда,
Көргендей болдым бір елес
Туғаным тұрып алдымда
— Айтты:— өткізбе минутты,
Өліп барам, жәрдемдес!
— Бірақ, лезде ол тіпті
Жоғалды, түспей көзге еш.
Тұрдым жерден, төзбедім,
Құтқарғым көп мен енді,
Күні-түні іздедім,
Сол елес қайтып келмеді.
Содан бері туыстың
Көлеңкесі қуарған
Шақырады — мені, тырыстым,-
Құтқаруға бұғаудан?
Белді будым енді мен,
Тайынбаймын өлімнен,
Мұхамбеттің атымен,
Ант етем бар өмірмен.
Құтылмас қашып кез туды
Орысқа ажал — қасірет,
Әйтпесе мына нұр күнді
Көруім болсын соңғы рет!»
Князь тынды.
Үш есе
— Құптап сөзін тұрды олар,
«Орысқа ажал, немесе,
Денеден бас жоғалар».

VI
Күншығыс қызыл сәулесін
Шашып, арай жайнады,
Селенде әтеш шақырып,
Батты бұлтқа айдағы.
Күн жоғары ойысып,
Алтындап қыр мен орманды,
Жас сәуле түнмен сайысып,
Шықты өрмелей тауларды.
Сарғайып бидай бастары,
Ораққа жатыр қиылып,
Таңғы жел ойнап Теректің
Толқынын сүйген үйіріп,
Құмын да қуған суырып,
Аспан таза тып-тыныш,
Соғады өзен самалы,
Жапырақ шашқан хош иіс,
Көрсең көктемгі ауаны.
Қалың орман айнала,
Дыбыс жоқ ешбір бұл маңда,
Сүңгіп қара орманға,
Жасырынып ұрлана
Бәйтерек басын, тамырын
Күндізгі сәуле ақырын,
Алтындай жапқан нұрлана.
Баяу соққан желменен
Үзіліп жапырақ ұшады.
Тыныштықты көлденең
Бұзып, жерді құшады.
Күнді көзбен бір қарап,
Черкестер атқа мінеді;
Садақтай ұшқыр зымырап,
Орманға лезде енеді,
Бал арадай құжынап,
Тоғайға сүңгіп сіңеді.

VII
Па, шіркін, қусаң сұлу таң,
Қорқыныш,
Қауіп, шеменді,
Қуғандай түн түнекті,
Алдамшы елес дегенді.
Ертеңгі қоңырау даусы
Сай-саланы жаңғыртып,
Тау басында қала іші
Барабай үнін шалдыртып.
Алаңда әскер топ-тобы,
Иыққа мылтық асынған,
Киініп әсем жұрт толы
Шеркеуден қайтты жосылған,
Шиқылдап жерде арбалар,
Ұшып көкте қарғалар,
Жұрт ертеңгі тамағын
Ішуге, шапшаң аяғын
Басып, үйге асығып,
Терезе қақпағы ашылып,
Көшеде құрған серуен
Жұрт әскерді көруге,
Қамалды байқай жүруге
Келе ме, бәлкім, кім білген.
Таудан асты бұлт әні,
Күн жарқырап келеді.
Көктей өтіп бұтаны,
Жел зымырай жөнелді.
Тарауға әскер айналды
Қамалға кіріп таудағы,
Естілді ат дүбірі
Шалғайдан шыға шаңдағы.
Көрінді сол кез бір атты
Қорқа шапқан жалтақтап,
Атынан түсе жүгірді
Бастығына қалтақтап.
Айтты ол:
«Бізге келді ажал,
Әзірленсін,— деді әскер!
Екеу едік, қуды атты
Таудан шыққан Черкестер.
Шошыдым мен тым қатты,
Өршеленді бізге өштер,
Жанталаса, қыр аса
Кеттім әрең құтылып,
Атым жақсы болмаса,
Қалар едім тұтылып!»

IX
Бастық, барлық полкқа
Жиналуға бұйырды.
Қоңырау соғып халыққа,
Әскер самсап жиылды.
Құрыш қамал қақпасы,
Сірескен қолға соғылды.
Черкестерді, кейбірі
Тоқтатпақ боп, құйындай
Зымырай көп жүгірді,
— Ажалға жан қиғандай.
Таң қылаңдай көрінді,
Черкестен жер қайысқан.
Арыстандай қаз-қатар,
Қылыш пен қылыш қағысқан.
Батыры бірден жоқ болды,
Қаптады қол төтеннен.
Ерлерге талай оқ төнді
Жұрт көрінбей түтіннен,
Жаралы тұлпар зырқырап,
Сезініп найза салғанын,
Кісінеп қатты шұрқырап,
Шықты жаны жануардың.
Аралап орыс әскерін
Қашқан ат құлай жер құшқан,
Иесі де құлаған,
Күңіренді дауыс тұс-тұстан.

X
Зеңбіректер күркілдеп,
Қылышқа батыр кесілген,
Шақырып досын біртіндеп,
Танған үнсіз есінен...
Қашқан біреу майданнан,
Шаң басып бар тынысын,
Жарқылдатып қолға алған
Үш рет бұлғап қылышын.
Қимылсыз бір кез қалды әне,
Қылышы оның қан жұтқан!
Қатып жансыз бар дене,
Сауыты түсті иықтан.
Жер сүздіріп найзасын,
Қаны өзендей сорғалап,
Оқ тескен қан жарасын
— Қолыменен қармалап,
Мылтығын қармай ізденген
Үстінен оқ зулаған.
Зеңбірек бұрқап жер-жерден
Айнала ажал аңдаған!
Тауда, ойда, орманда
Тұрған жұрттың далада
Зәре-құты қалмаған.
Қалтырап кеткен жер үсті,
Біреулер ұрды черкесті
Нысанаға дәл ала.
Бір черкестің қылышы
Сермелді құр далаға,
— Қолын жансыз сілтеді
Жоғары тағы ол, кез келмей
Қашқысы келді.
Аяғы Қимылсыз, ажал сезгендей,
Бір тұрып барып құлады,
Өмірден үміт үзгендей...
Аттылы бір ер черкес
Самсаған өтіп найзадан,
Құйғытып шапқан, алуға өш
Қылышы қолда ойнаған!
Қазақтармен майданда
Соғысты ол салады,
Жарқылдайды қайраулы
Өткір қылыш, садағы,
Жойқын соғыс, бұдағы,
Құрыш қару-жарақпен,
Сусылдаған садақпен,
Көзіңді ашып-жұмғанша
Қазақ қырғын салды әні.
Кенет көп жұрт қамаған,
Найза тиген жарадан
Князь талып мұрт келіп,
Құлады аттан, жұрт көріп,
Келді шығып майданнан.
Орыс қолы жиылды
Күңіреніп оның басына,
Шулы соғыс тиылды,
Шаңды таудан асыра.
Черкестер қашып жеңілді
Ұлдарынан ер Донның,
Рейн, Лоар, Рона
Жағасы соны керген-ді,
— Сол ұлдардың жауына
Ажал, қауіп төнді енді.

XI
Тыншыды бәрі; оқта-текте
Естисің мылтық даусын,
Қазақ та сирек бұл бетте
Тиған майдан шабысын.
Орыстың селендері де,
Сақталып қала, елі де
Тыншыды. Маяк тұр белгі
Тек қана өзен, келінде,
Байқап қана сақшы жүр,
Асынып мылтық иініне.
Тек қана:—«Мынау жүрген кім?»—
Естіледі — «Тыңда» деген үн.
Тек қана кейде бұл жерден
Орыстың селендерінен
Өткінші жүрген жай қазақ
Оқта-текте көрінген.
Тек қана қара қарғалар
Анда-санда қарқылдап,
Шоқып жатады жемтікті,
Қанаттары далпылдап;
Көрінеді тағы тек қырдан
Солдат тұрған шатырдан
Кейде сәл от жалтылдап,
Қанды майдан соғыстан
Қан жұғылып тат басқан,
— Анда-сандй көрінген
Көк болаттар жарқылдап.
Кей кезде, тек күзетші
Қырда үн қатқан оңаша,
Онан басқа тып-тыныш
Айнала жым-жырт тамаша.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақын анты

  • 0
  • 0

Қуанғаннан шарқ ұрамын,
Ұлы сыйға жаным күлген;
Сыйы асыл партияның
Ақындардың жанын білген!

Толық

Қысқы кеш

  • 0
  • 0

Қара боран көкті жапты,
Қарлы құйын қуалай.
Кейде ұлыған аң сияқты,
Кейде жылайды баладай.

Толық

Грузин қызы

  • 0
  • 0

Екі өзен — сұлу Кура, Арагва —
Тоғысқан ағысының торабында
Көз тігіп тұрды келіп толқындарға,
Жас қызы Грузиннің қарады да...

Толық

Қарап көріңіз