Өлең, жыр, ақындар

Пионерлер

  • 26.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1107
Құзынан «Кенесары» емес жырақ
Сарқырап «Бурабайға» құйған бұлақ.
Тау тесіп, салдыр-гүлдір, ылды-құлдыр,
Сумаңдап орман кезіп еткен бұрақ.
Тас бұлақ Бурабайға құйған жері,
Жиекте судыраған жасыл құрақ.
Бұлақ пен Кенесары үңгірінің
Арасы біраздау жер, алқа қырақ.
Сол жерге жас пионер отряді,
Әр жазда шатыр тігіп, етіп тұрақ,
Жалаңаш күнге күйіп күндіз ойнап,
Кешпенен от жағады, бейне шырақ.
Сол жерді пионерлер алған сайлап,
Қаз-қатар шатыр тігіп, жаздай жайлап.
Тәндерін шынықтырып, түрлі ойынмен,
Ортаға желбіреткен туын байлап.
Шынығып, өспек оқып, нығап саулық,
Жаңартқан жағаларын жаңа баулық.
Жолында жаңа тұрмыс жан беруге
Ол баулық — серт белгісі, қызыл жаулық.
Іс істеп, маздатады кешке от жағып,
Әскерше Көкшетауды жатқан бағып.
Ертемен тіршілікке тұтынады,
Жаңғыртып, кернейлетіп, дабыл қағып.
Шомылып «Бурабайға» күміс жалтыр,
Ерте-кеш жүзіп ойнап құсша малтыр.
Тотыққан денелері қара күрең.
Шынықпақ тәрбиемен білек, балтыр.
Адақтан құрыш, сымбат пішін алмақ,
Шолақ пен Мұқандардан күшін алмақ;
Маркс пен Ленин жолын бағыт қылып,
Үйреніп, бар білімін, ісін алмақ.
Біржан мен Ыбырайдың үнін алмақ,
Тұрмыстың әділдікпен шынын алмақ.
Зарлатқан нашар елді, озбырлардан
Мәңгілік жәбірінің құнын алмақ.
Өз-өзін болашаққа дайындамақ,
Тұрмыстың бар тетігін байымдамақ.
Жер менен көктің заңын түгел біліп,
Мұхиттың түбіндегі «жайынды» алмақ.
Жеткіншек пионерлер — біздің қарақ,
Зиянды, ескілікті қылмақ талақ,
Құшақтап, кей «мырзалар» айырылмайтын
Олардан аулақ шылым, қарт пен арақ!..
Білімді дария қылып, көзін оймақ,
Затымен надандықтың түбін жоймақ.
Жаңғыртты пионерлер Бурабайды
Ел шапқыш ханның жұртын қылып ойнақ.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жазғы дала

  • 0
  • 2

Тамылжыған жас иісті,
Жазғы жасыл көк дала.
Жайылған жібек кілемдей,
Қызылды, жасыл көк дала.

Толық

Шаһит болған достарыма

  • 0
  • 0

Дүниеде ер жігіттің өлгені арман,
Қадірсіз айдалада көмгені арман.
Мехнатты, қайғы, қасірет, былғанышты
Бәрінен сұм дүниеге келгені арман.

Толық

Кел, жігіттер

  • 0
  • 0

Көшкен елдей,
Соққан желдей,
Жастық шағы өтер тез.
Шіркін жастық —

Толық

Қарап көріңіз